Қалың қалай, кәсіпкер?

«Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», – деп жазды Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Қоғам дауысын естіп, ашықтыққа ұмтылған Қарағанды облысы әкімдігіне қарасты басқармалардан да өзіңізге керек мәліметке жауап ала аласыз.

Атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақта қолға алынатын жобалар туралы журналистер сұрағына облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева карантиндік талапқа сай, zoom платформасында жауап берді.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта мемлекеттік қолдаудың аясында бизнестің жоғары белсенділігі байқалады. 2021 жылға «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын іске асыруға барлығы 7 млрд. теңге қарастырылған, бұл өткен жылдан 2,5 есе көп. Ал, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 6%-бен шағын несие беру басталды. Бағдарлама 2017 жылы бастау алып, биыл аяқталады. Бизнестің жеңілдікпен кредиттеуге деген үлкен қажеттілігін ескере отырып, екінші жартыжылдықтан бастап микрокредиттер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Бастау-Бизнес» түлектеріне «Атамекен Қарағанды» МҚҰ арқылы берілетін болады. Барлығы 3,8 млрд. теңгеге 1 мыңға жуық шағын несие беру жоспарланған.

2019 жылдан бастап жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Қарағанды облысы бойынша Бағдарлама шеңберінде іске асырылған неғұрлым ірі жобалар – «Евразиан Фудс» АҚ маргарин өндіру желісін кеңейту,«Альфарух» ЖШС көтерметарату орталығының құрылысы, «Жаке» ШҚ бордақылау алаңы, – деді Татьяна Аблаева.

Сонымен қатар, Татьяна Юрьевна: «Қазіргі дағдарыс жағдайында ел Президенті ең көп зардап шеккен секторлардағы шағын орта бизнестің айналым қаражатын толтырудың арнайы бағдарламасының қолданылуын 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды, сондай-ақ, оны қамтуды кеңейтуді тапсырды. Осы мақсатта республика бойынша бағдарламаның жалпы көлемін 800 млрд. теңгеге дейін жеткізе отырып, қосымша 200 млрд. теңге бөлінеді. Өткен жылы аймақта бұл қолдауды 25,1 млрд. теңге несие сомасына 111 кәсіпкер пайдаланды», – деп атап өтті.

Татьяна Аблаева аймақта жаңа бизнес нысандарының құрылысы жалғасуда екенін де айтып өтті. 2020 жылы сауда және қызмет көрсету саласында 29,2 млрд. теңгеге, 1840 тұрақты жұмыс орнын құрумен 447 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуірінде 468 жұмыс орнын құрумен 5,8 млрд. теңге инвестиция сомасына 131 бизнес объектісі ашылған.

Туризм орталығына айналған Балқаш қаласына қандай мемлекеттік қолдау жасалып жатыр деген сұраққа басқарма басшысы:

«Биыл Балқаш қаласындағы аэропорты қайта жөндеу жұмыстарына 30 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Тораңғылық және Шұбартүбек елдімекендеріндегі демалыс аймақтарында сумен қамту, жабдықтау, кәріз жүйесін тарту сияқты инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілетін болады. Алдымен аталған екі елдімекенді Балқаш қаласына қосу жұмыстары жасалады. Осыдан кейін 22 шақырымға инженерлік желі тартылады. Сондай-ақ, бұл аймақта жеке инвестиция есебінен 12 демалыс үйі бой көтереді», – деп жауап берді.

Кәсіпкерлік басқармасы басшысына «Дүкендерде неге баға тұрақсыз?», «Қымбаттаудың алдын алу үшін қандай шаралар жасалуда?» деген сұрақтар қойылды.

Әрине, көп жағдайда кәсіпкерлер кінәлі емес. Біздегі азықтүліктің көбі шетелден келеді. Мысалы, Ресей мен Белоруссиядан келген тауар қымбаттап кетуі мүмкін. Біз импортқа тәуелдіміз. Ол – нарық заңдылығы. Дегенмен, бағаға бақылау жасауға тырысудамыз, –деді Татьяна Юрьевна.

Облыстық кәсіпкерлік басқарма басшысы жиынды «Дүкен сөрелеріндегі баға мәселесі, кәсіпкерлерді қолдау, аймақтағы туризм тақырыбында қандай сұрақ болса да жауап беруге әрдайым дайынбыз», – деп аяқтады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.