Басты тақырыпЖаңалықтар

Алты құрлық назары – Астанада!

Астана – Қарағанды – Арқа төсінің қос шынарындай. Іргелес екі өңірдің тыныс-тіршілігі біте қайнасқалы қашан!

Елордадағы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне әзірлік жұмыстары бұл байланысты одан әрі тереңдете түскен…

О бастан-ақ біздің өңір «ЭКСПО» көрмесі нысандарының құрылысына белсенді атсалысты. Құрылысқа қажетті отандық өнімдер ұсынып, құрылыс компанияларымыз жұмыс күшін Көрменің құрылысына жұмылдырды.

Нәтижесінде, Қарағанды облысы­ның 29 кәсіпорны жалпы құны 9,5 миллиард теңгені құрайтын өнімін Елордаға жеткізді. Сондай-ақ, облысы­мыздың 7 кәсіпорны 257,5 миллион тең­генің қызметін көрсеткен.

Алдағы күндері азық-түлік өнімдерін өндіруші жерлестеріміз де Астана қаласына жол тартады. Жоспар бойынша, 9 мың тонна азық-түлік өнімі жөнелтілмек.

Бүгінгі күні өнім жеткізушілер арасындағы Меморандумға қол қойылып, тауар жеткізудің әр апта сайынғы кестесі бекітілген.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысы 24-25 маусымда, 29-30 шілдеде, 26-27 тамызда, 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтетін жәрмеңкелерге қатысады.

Аймағымыздың өкілдері Көрме ая­сындағы инновациялық жобаларға да белсенді қатыспақ. Қазақстанның Ұлттық павильонында қарағандылық өнертап­қыштардың 7 жобасы таныстырылады.

Жалпы, Халықаралық іс-шараға біз­дің облыстан 200 мың адам қатысады деген болжам бар. Қазірдің өзінде өңір тұрғындары Көрменің 90 мыңнан астам билетін сатып алған.

Көрмеден күтер олжаның біздің облыс үшін де маңыздылығы анық!

Көрмеге келушілерге ақпараттық қолдау көрсету ісінде де біздің өңірдің айшықты ізі қалмақ. Ол үшін еріктілер тобы құрылды. 2 маусым күні бұл құрамнан 250 ерікті Астанаға жол жүріп кетті.

Еріктілер қатарында үш тілді жетік меңгерген ЖОО студенттері бар.

Қыркүйек айының басында Қара­ғанды облысының Астана қаласындағы мәдениет күндері өткізіледі. Осы күндері 21 мәдени-сауық бағдарламаны кең көлемде өткізу жоспарда бар.

Жалпы, Қарағанды облысының мәдениет күндерін өткізуге екі жарым мыңдай адам үлес қосады.

Көрмені өткізудегі мақсаттың бірі – елдің туризм саласын түлету. Бұйыртса, биыл Қазақстанға келетін турис­тердің қарасы қалың болады деп күтілуде.

Бұл ретте, Қарағанды облысына да табан тірейтін туристердің саны арта түсері сөзсіз.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button