«Алты малта ас болмай…»
Ауылдан үлкендер көшкелі құртты сирек жейтін болдық. «Ермек қылып малта сорып, тіл шығаратын» уақыттан да ажырап қалғандаймыз. Жаздыгүні жайлауға жиі ат басын бұрмаған соң, малтаны қаладан сатып жеуге тура келеді. Бүгінде кептірілген тәттімен сағынысып көрісетін қала қазағы оны кәсіп көзіне айналдырғандардан сатып алып жеуге де қарсы емес. Осыны ескергендер құрттың жасалуын ғылымға енгізіп, кәсібін дөңгелетуде. Қарағандыдағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары құрт ұлттық өнімін өндіретін цехтың жобасын ойлап қойыпты.
– Құртты ұлттық брендке айналдыру арқылы оның жасалу технологиясын жоғалтпау басты мақсатымыз. Осы өндірісті жолға қойып, отандық өнімдерді әр қазақстандық отбасының күндік тағам тізіміне қосқымыз келеді. Бір жағынан құртты жеген адамның денсаулығы мығым, күшті болады, – дейді жоба авторы, 9-сынып оқушысы Жұлдыз Зауытбаева.
Тарихи деректер адам әуелі етпен, содан кейін сүтпен қоректенгенді үйренгенін алға тартады. Уақыт өте бабаларымыз сүтті бос рәсуә етпей сақтау жағын да ойластырған. Құрамында майы, ақуызы, дәрумендері бар сүтті ашытып айран, сусын, сүзбе, құрт, ірімшік дайындай бастады. Жұлдыздың жетекшісі география пәні мұғалімі Ләззат Искакова да «сүттен жасалатын құрт өнімін нарыққа шығарып, табыс көзі ретінде қол- дануға болады» дейді.
Жоба құнын 1 000 000 теңгеге бағалаған ұжым істі бастапқы капиталсыз да бастауға болатынын айтады. «Мал азығына кететін шығынды есептемегенде, құртты тұрақты сатқаннан түсетін пайда: (егер 1 келі құрт – 1600 теңге ол, онда 1 күнде жобамен 5 келі құрт өтсе, 5 келі * 1600=8000 теңге). 1 айдағы табыс жобамен 8000 * 30 = 240 000 теңге қаржы табуға болады», – дейді Жұлдыз. Бұл іске небәрі құрт, 20 пайыз кілегей, сарысу және астау қажет.
Сүт өнімі құртпен байланысты тарихи оқиға «КарЛАГ» филімінде тұтқын әйелдерге, күтпеген жағдайда балалардың тас лақтыруымен сипатталатыны белгілі. Оны байқап қалған айдауылдар күліп: «Міне, көрдіңдер ме сендер халық жауысыңдар, сендерді тек Мәскеу ғана жек көрмейді, ауыл тұрғындары да жек көргендіктен сендерге тас атып жатыр» деген болатын. Қазақтар кеткеннен кейін әйел қамысқа лақтырған тасты алып келіп, одан сүт пен ірімшіктің иісі аңқып тұрғанын байқайды. Кептірілген қазақтың ірімшігі жазасын өтеушілердің өмірлерін осылайша сақтап қалған еді…
Жалпы, құрғатылған, кептірілген сүттің жыл бойына, кейде 2-3 жылға дейін сақтала беретіні бар. Жоба авторлары сүт өнімдерін өндіру нарығына бағытталған маркетинг стратегиясына кұрт ұзақ мерзімді сақтау өнімі ретінде сәйкес келетінін айтады. Халықты табиғи сүт өнімдерімен барынша қамтамасыз ететін жоба «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында жүзеге асыруға болады.
Құртты дайындаудың бiрнеше түрi бар. Әдетте әжелер сүзбенi кiшiгiрiм бөлiктерге бөледi де, қысады. Онан соң оларды тақтаға жайып, кептiредi. Кептiру барысында бiрнеше рет аударып, оны «сүзбе құрт» деп атайды. Май қосып сапырып ішетін кенеулі ас екені де белгілі. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған. Езілген құрттың таусыншақ түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас. Ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтқан кезде әрі сусын, әрі қорек болған «малтаны» да білетін бо- ларсыз.
Шөлдеген адамға сусын болған малтаны батыр Махамбет «Ерлердің ісі бітер ме?» атты өлеңінде: «Алты малта ас болмай, Өзіңнен туған жас бала, Сақалы шығып жат болмай…» деп өлеңге қосқаны тағы бар.
Ғалымдар құрттың адам ағзасындағы керексіз майларды ыдырататын қасиеті бар екенін айтады. Адам қанының қою болуы немесе қандағы май мөлшерінің артып кетуін ыдырататын заттар әдетте қымызда, саумал мен құрт, ірімшіктің сарысуында және құртта болады екен.
Аяулым СОВЕТ.