Руханият

«Алпамысты» жатқа оқып…

Жасөспірімдер арасында батырлық эпостарды насихаттау мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы «Алпамыс батыр» эпосының тұңғыш басылғанына 125 жыл толуына орай аталған жырдан үзіндіні жатқа мәнерлеп оқу бойынша қалалық байқауын жариялаған болатын. Байқау 14-15 жастағы балалар арасында екі кезең бойынша өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ереже бойынша, «Алпамыс батыр» жырынан тестілеуден жоғары ұпай жинаған қатысушылар екінші кезеңге өтті. Екінші кезеңде Абай атындағы балалар кітапханасында «Алпамыс батыр» қазақ халқының қаһармандық жырын мәнерлеп жатқа айтудан сынға түсті.

Олардың мәнерлеп оқу шеберлігін филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Жарылғап, Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.Оралханқызы бастаған қазылар алқасы бағалады.

Байқаудың қорытындысында, I орынға «Ақпараттық технологиялар» мектеп-лицейінің 7 «А» сынып оқушысы Санжар Ыдырысов (электронды кітап), II орынға №12 жалпы білім беретін мектептің 9 «Ә» сынып оқушысы Наргиза Рахман (виртуалды шыны көзілдірік), III орынға «Ақпараттық технологиялар» мектеп-лицейінің 7 «А» сынып оқушысы Нығмет Сиязбек (смарт-сағаты) пен №12 мектептің 9 «Ә» сынып оқушысы Айсұлу Жалғасқызы (смарт-сағаты) ие болды.

Ал, номинациялар бойынша үздік атанғандарға портативті динамик сыйға тартылды.

«Орындаушының шынайылығы» аталымы «Таңшолпан» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 7 «А» сынып оқушысы Дана Хатамова, «Әртістік шеберлік» номинациясы №66 мектеп-лицейдің 2 «А» сынып оқушысы Қайрат Ақжолтайға, «Жыр жүйрігі» аталымы «Ақпараттық технологиялар» мектеп-лицейінің 8 «А» сынып оқушысы Аружан Мұратханға, «Жыршылық өнер» номинациясы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның 8 «Б» сынып оқушысы Томирис Қайратқа, «Алпамыс батыр» жырының білгірі» аталымы «Таңшолпан» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 8 «А» сынып оқушысы Нұрслан Жаманбалинге бұйырды.

Сайысқа қатысқан барлық қатысушыға сертификаттар берілді. Кітапхана директоры Баян Уатаева байқау жеңімпаздарын құттықтап, қазылар алқасы мен жетекшілерге алғысын жеткізді.

– Байқау жас буынды қайсарлыққа, батырлыққа, алғырлыққа жетелейді. Биыл былтырғыға қарағанда тартысты өтті. Алдағы жылдары ауқымдырақ қылып өткізу ойымыз бар. Балалардың талпынысы қуантты, – деді Баян Қуанышқызы.

Жібек ЗЕЙКЕНОВА,
орта және жоғары сынып оқушыларына қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button