Алмаз МЫРЗАХМЕТ: «Тың дүние тудыруды қалайтын экспериментал жазушымын»

    «Жазушы дегеніміз – қиял мен реал арасында қаламды ескек, қағазды желкен қылған қайық сияқты. Қиял – ашық аспан асты, реал – буырқанған теңіз, тұңғиық тереңдер. «Біртүрлі» дегеннен гөрі «ерекше» жаратылысқа келетін, айналасындағы адамдарды кейіпкерге айналдырып алған экспериментал», – дейтін Алмаз МЫРЗАХМЕТ қазіргі қазақ прозасында жаңашылдығымен танылып жүрген жастың бірі. Облыстық, республикалық деңгейде жеткен жетістіктері де жетерлік. Жасы отызға жетер жетпестегі жазушыны әңгімеге тартқан едік…

Жазушылыққа әуестерге кеңес болсын, сөз өнерін қалай бастадыңыз, кімді оқыдыңыз? Алғашқы қадамнан бастаған жөн шығар?

Жастайымнан кітапқұмар болдым. Және оны жазушылық жолдың бастауы деп емес, жаным қалағандықтан оқитынмын. Әр оқырманның өз талғамы бар. Талғам – бара-бара оның стилін қалыптастырудың алғышартына айналады. Ал, қаламды серік етем деген талапкер өз табиғатына сіңімді қаламгерді табу үшін – барлығын оқу керек.

«Жазушы болам десең – жазушыларды ғана оқы» деген заңдылық жоқ-ау. Ол да ақын, драматург сынды сөз саудагері. Сөз, мәтін айналасындағы барлық қалтарыс-бұлтарыс, ой-қырларды сезінуі керек. Әрине, алдымен өз ұлтының әдебиетін оқуы міндетті. Халық ауыз әдебиетіне сүңгіп, батырлар жырына батып, Абайдың айдынында армансыз жүзіп, жиырмасыншы ғасыр теңізінің жағалауын жалдаса, жаман болмайды. Іргетасы ұлттық бояуға қанық болса, жақсы қаламгер атанады. Сосын әлем әдебиетіне де қармақ лақтыруға болады.

Жаһандануға толық жұтылып кетпеудің бір ғана жолы бар. Ол – ұлттық бояу. Қазақ прозасының топырағы екі ғасырда әжептәуір қалыңдады. Сол топырақтан өніп шығасың да, бес мың жылдық топырағы бар француз әдебиетіндегі бәйтеректерге қарайсың. Гюго, Кафка, Камю, Бернард Верберге дейін. Ну орман сияқты. Олар біздің әдебиеттің басынан өтіп жатқан процестерді баяғыда өтіп тастаған. Қалалық мәдениетке иммунитеті қалыптасып үлгерген. Тамыры тереңде болмаса, ағаш та биік өспейді ғой? Енді бірден француз бола алмайсың. Орыс тілінде қанша шаһқар дүниелер берсе де, Шыңғыс Айтматов Нобель сыйлығына жете алмады. Орыстың өз Толстойы, Чеховы бар, себебі. Ал, ұлттық бояуы бар суретші басқа әдебиеттердің бояуын, технологиясын араластыра отырып, жаңа бояу шығаруы мүмкін. Жаңалық дегеніміз, сол болмақ. Сондықтан, қазақ әдебиетін оқу керек, сосын әлем әдебиеті есігін аша бер.

Әлбетте, бүгінгі қозғалысы артқан, уақыты қысқарған заманда оның барлығын оқып шығу мүмкін емес дерсіз… Шын қаламгер болсаңыз, кітап сізді өзі іздеп келеді. Менің қолымдағы мына ұялы телефонда барлық кітап тұр. Соларды оқудан басқа қолымнан не келеді? Қарбаласқан қаланың ішіне еніп кетемін де кітаптарымды ақтарамын. Ниеті бар адамға уақыт табылады.

Сіздің ойыңызша, жазушы болудың алғышарттары бар ма?

Меніңше, жүрегін кірлетіп алмау керек, жалғыз шарты – сол.

Қазір жұртты жазушының не жазғанынан гөрі қоғамда өтіп жатқан түрлі оқиғаларға қатысты айтқан пікірі қызықтырады. Жазушы саясатпен айналысуы тиіс пе?

Жеке пікірім деп қабылдарсыз. Жазушы өмір сүріп жүрген ортасынан мүлдем ажырап кете алмайды. Оның жазған-сызған дүниесінде сол кеңістік пен уақыттың тынысы сезіліп тұрады. Оны жазушының өзі де байқамай қалуы мүмкін. Жазушы уақыт пен кеңістіктің қолындағы қалам болуы да ықтимал. Бірақ, мүмкіндігінше саясатқа араласуға болмайды. Шын жазушы, ең бірінші, суреткерлікке ұмтылу керек. Ешкім жазбаған тіркес, сюжет, техника, стиль енгізуге көбірек бас қатыру қажет және жазушылық ерекшелігіне салмақ салса.

Жаныңызға қайсы жақын: проза ма, поэзия ма?

Жоғарыда айтқанымдай, жазушы да, ақын да – сөз саудагері. Сөз, ой әлемі – жеке әлем. Қаламгерге сюжет, идея түседі әуелі, содан соң оны оқырманға жеткізеді. Яғни, сол идея мен сюжет қай формамен жеткізуге ыңғайлы, сол формаға салып оқырманға жеткізу керек. Кейбір идеялар поэзия түрінде түсуі мүмкін, ал кейбір идеялар поэзияның шекарасына сыймайды. Одан да үлкен, салмақты сюжет те болуы мүмкін. Ондай жағдайда прозамен жеткіземін. Кейбіреулер мені өлең жазады деп бөлектеп жатады. Өлеңге қаншалықты жақын екенімді білгісі келеді. Мен бұл сұрақты дұрыс деп есептемеймін. Мен проза жазып жүрмін. Бірақ, кейбір лирикалық иірімдерді поэзия түрінде түсіремін. Иә, әлі күнге дейін өлең жазамын. Бірақ, ол өлеңдерімді көп адамдарға көрсетпеймін. Жалпы, прозаға қарай көбірек көңіл бөлемін. «Шабыт» фестиваліне төрт рет қатысқан едім, солардың үшеуінде поэзиямен бағымды сынадым, төртіншісінде прозамен қатысып, бірінші орынға ие болдым. Сонымен қатар, Жазушылар одағынан ұсыныс түсіп, менің бірінші кітабым жарыққа шықты. Ол – проза кітабым «Ханшайым». Екінші «Қала мозаикалары» атты кітабым да проза. Содан-ақ, прозаға жақын екенім көрініп тұр.

Алдағы уақытта оқырмандарыңызды қандай туындылармен қуантпақсыз?

Дәл қазір «Мылқау һәм саңырау» тақырыбында жаңа бір туынды жазғым келіп жүр. Яғни, сүңгуір адам жайлы. Осының айналасында зерттеп, ізденіп жүрмін. «Амфибия-адам», «Моби Дикті» оқып бітірдім, сүңгуірлер жайлы фильмдерді көріп жатырмын. Идея бар, сюжет бар. Сонымен қатар, тағы бірнеше әңгімелердің жоспарын құрып қойдым. Маған прозада жол көрсетіп, ынтамды арттырған, өзіме ұстаз тұтып жүрген «Қасым» журналының бас редакторы Серік Сағынтайдың проза жазуда ерекше стилі бар. Яғни, бірнеше шығарманы қатар жазу. Кейін, кейбір шығармалар қатарынан қара үзіп, алға шығады. Сол шығарманы әрі қарай жалғастырып аяқтайды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, мен де осы тәсілді қолданып жүрмін. Бірнеше әңгімені түртіп қойдым. Сәті түсіп, Алла бұйыртып жатса, оқырмандарыма жаңа туындыларымды ұсынатын боламын.

Жеке адамдарды шығармашылығыңыздан бөлек жұмыстарыңыз да қызықтырады ғой? Қайда жұмыс істейсіз?

Қара шаңырақ – ҚарМУ-дың қазақ əдебиеті кафедрасының аға оқытушысымын. Бұдан бөлек, Қасым Аманжоловтың 100 жылдығында Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сағынтай ағаларымыздың бастамасымен республикалық «Қасым» журналы ашылып, осы күнге дейін облыстық «Ақсораң» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен екі айда бір рет жарық көріп келеді. Сол журналдың жауапты хатшысы, шеф-редакторымын. Сонымен қатар, жақында Қарағанды жастарының актерлік шеберліктерін шыңдайтын «Кəусар» өнер мектебі ашылған болатын. Оның да бір бөліміне жетекшілік етемін.

Қазіргі қоғамда қандай жағдайларға алаңсыз? Не нәрсеге көңіліңіз толмайды?

Адамдардың табиғаттан ажырап бара жатқандығы алаңдатады. Техника дамып келе жатыр. Адам өміріне толықтай еніп үлгерді. Жаһандану заманында әлемді ғаламтор жауып бара жатыр. Адамдар онлайн өмірмен көп уақытын өткізуде. Жастардың табиғатты, желді, күннің сәулесін, дәмді сезінуден, әуенді естуден алшақтап, виртуалды әлемнен шыға алмай жүргендігіне көңілім толмайды. Себебі, табиғаттың әсемдігін көрмей, адамзат сезімтал бола алмайды.

Өз автопортретіңізді қысқаша суреттеп берсеңіз?

Мен бір құпия ашайын, «Қазақ әдебиеті» газетінде кейінгі шыққан «Автопортет» деген әңгімем бар болатын. Ол әңгімені кей адамдар менің жеке өмірімнің автопортреті деп қабылдаған екен. Шындығында, бұл қате пікір. Мен өзім жайлы айтар болсам, көбінесе жазатын дүниемді өмірден алмаймын, өз өмірімді жазбаймын. Яғни, болған оқиға, бастан өткен жайттардан гөрі мен қиялға қанат бітіргенді қалаймын. Қиялдан алғым келеді. Әлеуметтік мәселелерден гөрі тазалыққа, әдеби көркем дүниеге ұмтылғым келеді. Ойлап алған өзімнің әлемімде өмір сүрсем деймін. Өзімді көркемсуреттің бояуы сияқты сезінемін. Өзімнің бояуыма заманның жаңа бояуын араластырып, тың дүние тудыруды қалайтын экспериментал жазушымын.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

Меруерт ӘСЕТҚЫЗЫ,

ҚарМУ-дың журналистика бөлімінің І курс студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.