Басты тақырыпРуханият

«Алмас қылыш» –тарих тәбәрігі

            Сейсенбі күні алты сан Алаштың алты ғасырға жуық тарихи аманатын арқалаған «Алмас қылыш» – Қарағанды шаһарында қынабынан суырылды. Асыл таспен қайралып, азаттық рухымен суарылған құнды жәдігер көне тарихтан сыр шертіп, көзі қарақты, көкірегі ояу көрермендердің жүрегіне жол тартты. Тура сол күні, қазақ әдебиетінің дара тұлғасы, тұсауы кесілген жаңа тарихи кинотуындыға «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы «Алмас қылыш» романы негіз болған қазақ әдебиетінің классигі –Ілияс ЕСЕНБЕРЛИННІҢ туған күні болатын.

            Қоюшы режиссер Рүс­тем ӘБДІРАШЕВ «Алмас қылыштың» тұсауын Арқа атырабында кесіп, жазушының рухына бас иіп, талантына тағзым етіп тұрғандай болды. Одан бұрын кинодастанның түсіру тобын облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ қабылдады. Сонымен…

Бастау

         Ақшам ауған шақта көрермен қауым көптен күткен кинотуындыны көруге жайғасқан. Қарағанды жұртшылығы қос жерлесіміз, Керей ханның ролін сомдаған С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов пен фильмнің диалогтарын жазған өнертанушы Ерлан Төлеутай бастаған бір топ өнер қайраткерлерін ерекше ықыласпен қарсы алды.

        Сонымен қатар, биыл талантты актер Қайрат Кемалов асқаралы алпыс жасқа келіп отыр. Аталмыш фильмнің тұсаукесері жерлесімізге тосын сый болып, ықыласты көрерменнің ыстық соққан алақаны талантты актерді марапаттан биік шарапатқа бөледі.

       Тарихи жобаның авторы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Десек те, түпнұсқаның авторы Ілияс Есенберлин екенін естен шығармағанымыз жөн. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Centaurus Rustem Abdrashev production ЖШС қатысуымен түсіріліпті.

Мезеттегі

мыңжылдық

     Не керек, фильм басталды. Облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының кең залына жиналып, иін тірескен халық демін ішіне тартып, сілтідей тынған. Ғасырлар қойнауына сүңгіп, қатпар-қатпар қамырықты тарихты тәуелсіз санада жаңғыртып жатқанымыз белгілі. Ескі тарих жанданып, көз алдыңда көгілдір экраннан мұнартып сала бергенде айбарланған рух арқаңа қонады. Өнертанушы, марқұм Таласбек Әсемқұловтың «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» атты әйгілі мақаласында «…Бiрде әншi Жәнiбек Кәрменов пен ғалым Ақселеу Сейдiмбеков екеуi менi бiр үйге қонаққа ертiп апарды. Үй иесi қария бұрын мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарында қызметте болған екен. Зейнетке шыққан адам әңгiмешiл болады ғой. Сол кiсiден естiген хикаяларымның бiрi. Ермахан Бекмаханов тергеуде отырғанда, тергеуге қатысып отырған бiр тарихшы: «Осы сендер, қазақтар, кеуделерiңе нан пiсiп неменеге кергисiңдер, бiр-ақ беттiк тарихтарың бар, неменеге кiсiмсисiңдер?» депті. Сонда Ермахан ағамыз жымиып тұрып: «Қондыгердiң сол жалғыз-ақ беттiк тарихына бүкiл әлем сыйып кеттi емес пе?» депті дейтін жері бар. Сол айтпақшы, бұл жерде де ел тағдыры таразыға тартылып, бір ұлыстың алауыздықтан екіге айрылған өкінішті тарихы екі жарым сағат ішінде баяндалады. Онда Керей мен Жәнібек сұлтандардың қазақ руларының басын қоса Шайбанилер әулетінен бөлініп шығуы, Моғолстан ханы Есенбұғамен келіссөз жасаса келіп, Қозыбасыда Қазақ хандығының қара шаңырағына алтын уық қадай, Керейді хан сайлайтын жантолқытар жалқы сәт – мәңгілік тарих мезетке сыйып кеткендей құнды картина арқаны шымырлатып, аруақтанған көрерменге Алаштың ұлы мұратына сөнбес шырақ жаққандай күй кешіреді.

«Көшпенділерден»

көш ілгері

     Фильм прокатқа шыққан бетте, даттаушы жақ пен жақтаушы жақтың айтысы басталатыны белгілі. «Алмас қылыштың» ақиқатын ақ параққа алғаш таңбалаған «Астана ақшамы» газетінің журналисі Аманғали Қалжанға берген фильмнің диалогтар авторы Ерлан Төлеутайдың сұхбаты болды. Онда, тарихи картинаның жалпы бюджеті жайлы сөз бар:

Әрине, көрерменнің «Алмас қылышты» «Көшпенділер» фильмімен салыстыратыны түсінікті жайт. Екеуі де көшпелілер тарихынан сыр шертеді, яғни тарихи драма жанрына жатады. Алайда, екі фильмнің түсірілу барысы жер мен көктей. Салыстыра айтсақ, «Көшпенділер» фильмін түсіруге 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалды. «Жау жүрек мың бала» 11 миллион долларға түсірілді. «Алмас қылыш» 3 миллион долларға жетер жетпес қаражатты қанағат тұтты, – дейді Е.Төлеутай. Ол рас жағдай. Жоқтан бар жасаған жанашыр кеп. Қазақтың бай тарихына жан бітіріп, кешегі көкбөрінің кек кернеген өршіл ұрпақтарының намысын наркескенше қайраған бұл туындының бағасын болашақ ұрпақ береді. Ұлы бабалардың есімін жаңғыртқан Рүстемдей «қасқадан төбел туған» талант иесіне перзенттік пейіл-ықылас зор болары шүбәсіз.

     Ең бастысы – «Алмас қылыш» фильмін ұлттық режиссер түсірді, ұлттық мамандар жұмыс істеді, өзіміздің актерлер ойнады. Атап айтсақ, басты рөл – Керей ханды сомдаған Қайрат Кемалов, Қасым сұлтан – Мейірғат Амангелдин, Шаһмұхамед – Ниязбек Шайсұлтанов, Жаһанбике – Мәдина Есманова, Зеңгі – Әшім Ахметов, тағы басқалар.

ТҮЙІН

       Уақыт – кемеңгер. Тарих – уақыттың үзігі. Алаш тарихына «Алмас қылышпен» аттанған аманатты ұрпақ Мәңгілік Елдің мұратына адаспай жетері хақ. Алмас қылыш қын түбінде жатпайды. Қазақ хандығы тұсында жүзі Күнге шағылысып, азаттық үшін дұшпан қанына тотықса, міне, бүгін, Тәуелсіз Қазақстанның егеменді ел болып, елдікті төрткүл әлемге паш етпек тұсында тағы да қынынан суырылды! Иә, ертең «Алмас қылыш» шетелге шығарылады деп күтілуде. Сол кезде-ақ, «Алмас қылышпен» қоса қазақ рухы көкке көтерілді.

Мирас АСАН

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button