Жаңалықтар

Қалдырған ізің мәңгілік

Кеше ғана қасынан табылып, мейірімге толы үні мен кемел ақылын тыңдап, шапағатына шомылып жүрген жанашыр ұстазыңның көзден ғайып болып, көңіл төрінде ғана сағынышты сағымға айналғанын сезіну жан дүниеңді толқытады. Сағынышқа айналған сол сәттер көңілдің ең түпкірінде шырақтай маздап, ұстазға деген құрмет пен ризашылығыңды одан сайын арттырады.

Сурет автордан

Мен Есмұханбет Сайдахметұлын, қадірлей атайтын Есет ағайды, 2005 жылдың наурыз айынан бастап танитын едім. Сол уақытта Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қолданбалы математика институтының директоры болатын. Ғылыми жетекшім, профессор Кәріғұл Тұрсыновтың бағыттауымен республикалық конкурсқа арналған ғылыми жобаға пікір алу үшін Есет ағайдың алдына алғаш бардым. Есіктен кірген сәттен-ақ жылы жүзбен қарсы алып, жөн сұрасып, болашағыма қатысты ойларымды мұқият тыңдап, ағалық ақылын айтып, ұсынған жобамды бағалап, «болашағың жарқын болсын десең, тынымсыз еңбектен, тек алға ұмтыл», – деп, сәттілік тілеп шығарып салды. Сол күннен бастап менің өмір жолымда Есет ағай әкелік мейірімін аямай, әрдайым жанашыр болып, қамқорлығын үзген емес.

Есмұханбет Смаилов 1963 жылы Семей облысы Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылындағы орта мектепті күміс медальмен тәмамдап, сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға қабылданады. Жоғары білімнің алғашқы сатыларынан бастап-ақ өзге қатарластарынан шоқтығы биік, ойы ұшқыр, зерек те ізденімпаз студент ретінде көзге түсіп, күрделі функциялар теориясы, функционалдық және гармоникалық талдау бағытында жасаған тың ізденістері оны ұлттық математика мектебінің көрнекті өкіліне айналдырды. 1997 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ғылыми қауымның ыстық ықыласына бөленді. Еңбектері тек бір бағытпен шектелмей, нақты айнымалы функциялар теориясынан бастап, функционалдық кеңістіктердегі күрделі мәселелерге дейін терең талдау жасайтын теориялық үлгілермен ерекшеленді.

Есет ағайдың есімі мен еңбегі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетімен етене байланысты. 1972 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін осы киелі қарашаңырақтың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсады. Университет қабырғасындағы жылдары математикалық талдау кафедрасының меңгерушісі, кейін факультет деканы ретінде жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп, математиканың тұғыры биіктеуіне үлкен үлес қосты. Осы жылдар ішінде Орталық Қазақстандағы математика ғылыми мектебінің негізін қалады. 1999-2005 жылдар аралығында Есет ағай университет қабырғасында құрылған математикалық талдау мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Бұл кеңес аясында 20-ға жуық жас ізденуші кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғап, ғылым жолына қадам басты. Ғылымға ұмтылған қазақ жастарына үнемі қолдау білдіріп, жол көрсетті. Олар бүгінде еліміздің әр түпкірінде және шет елдерде ғылым көшін ілгерілетіп келеді. Төл шәкірттері Нұржан Боқаев, Ерлан Нұрсұлтанов, Ғабдолла Ақышев, Назерке Тілеуханова физика-математика ғылымдарының докторлары атанып, Қазақстанның жетекші университеттерінде еңбек етуде. 2004-2019 жылдары аралығында ол Қолданбалы математика институтының директоры қызметін атқарды. Есет ағайдың елге, ғылымға сіңірген ерен еңбегі «Құрмет» орденімен және «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі» төсбелгісімен лайықты бағаланды.

Есет ағай әңгіме үстінде өзінің ұстаздық және ғалымдық жолында ұдайы қолдау көрсеткен абзал азаматтарды әрдайым ризашылықпен, ерекше ілтипатпен атап отыратын. Университет ректорлары – Ебіней Бөкетовтің, Зейнолла Молдахметовтің, Жамбыл Ақылбаевтың Есет ағайдың көптеген игі бастамаларына түсіністікпен қарап, әрдайым жанашырлық танытқаны, жастардың ғылым мен білім жолындағы ізденістеріне кең мүмкіндік ашқандары жадында мәңгі сақталып, жүрегінің төрінен орын алғанын зор ықыласпен дәріптейтін.

Желтоқсанның ызғарлы күндері қаншама жас әділет іздеп алаңға шыққаны үшін оқу орындарынан шеттетіліп, болашағы тұманданған шақта, Есет ағайдың жүрегіндегі ұлт тағдырына деген алаңдаушылық пен қазақ баласына деген қамқорлық ерекше бір биіктен көрінді. Ешкімнен именбей, ешбір қауіптен қаймықпай, әділетсіздік құрбанына айнала жаздаған қазақ жастарын қорғауға білек сыбана кірісті. Талай студенттің «оқудан шығарылады» деген қаулысына қарсы шығып, олардың тағдырын арашалап қалуға жанын салды.

Есет ағайдың бойындағы бір ерекше қасиет – ұрпақтар сабақтастығына деген терең құрмет, өмір жолында жолыққан аға буынға деген адалдық пен ілтипат. Есет ағайдың бастамасымен ұстаздары Төлеубай Аманов пен Қабдеш Наурызбаевқа Қарағанды, Семей, Алматы қалаларында арнайы бірнеше ауқымды ғылыми конференциялар өткізілді. 2021 жылы Есет ағайдың ұйытқы болуымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Басқарма-Төрағасы Нұрлан Дулатбековтің тікелей қолдауымен академик Орымбек Жәутіковтің 110 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, күллі Қазақстан математиктері бір шаңырақ астына жиналды. Бұл игі шара жай ғана ғылым жолындағы жиын емес, ұстазға, аға буынға, ғылымның шамшырақ тұлғаларына деген тағзым еді. Қай ісіне үңілсеңіз де, өмірден озған асыл ағалардың рухына деген ілтипаттың, шәкірттік ризашылықтың иісі сезіліп тұратын.

Ағайымыздың рухани бейнесін толықтырып тұратын ерекше қырларының бірі – туған халқының тарихына, әдеби мұрасына, ән өнеріне деген шексіз құрметі еді. Абайдың әндерін нақышына келтіріп, жүрекпен шырқайтын, халықтың қара өлеңі мен күйінің иірімдерінен рух алатын. Есет ағайдың осындай ұлтжандылығы мен тарихи зерделеуге деген ұмтылысы, ел жадынан көмескі тартқан тұлғалар тағдырын қайта жаңғыртуға жетелеп отырды. Солардың бірі – үш ғасырға жуық уақыт бойы белгісіз жатқан баһадүр баба Баян батырдың мәңгілік мекенін анықтауда шынайы табандылықпен ізденіс жасады. Бұл – тарих үшін ғана емес, ұлт руханияты үшін елеулі оқиға. Есет ағай үшін өткеннің ізін түгендеу – бүгінгі ұрпақ алдындағы борыш, ар алдындағы аманат болатын.

Ардақты ұстаздың жарқын бейнесі, мейірімді жүзі, жүрекке ыстық ақылы мен қамқорлығы, артында қалдырған жақсылығы мен өнегесі мәңгі есімде сақталады.

Сұңғат АХАЖАНОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің
қауымдастырылған профессоры

Басқа материалдар

Back to top button