Басты тақырып

Қалдықсыз өндіріс – қарқынды

   «Recycling Company» ЖШС  қолға алған ескі көлік құралдарын толығымен жоятын зауыт құрылысының екінші кезеңі аяқталды. Кәсіпорынның толық іске қосылуы ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір аясында жүргізілді.

Ал, телекөпірден кейін «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша Елбасының қолынан «Алтын сапа» арнайы сыйлығын алды.

Ескі көлік құралдарын толы­ғымен жоятын зауыттың Орталық Азия аймағында теңдесі жоқ және Қазақстандағы қайта өңдеу саласындағы ең ірі жоба. Жобаның бірінші және екінші кезеңдегі құны – 3 миллиард 400 миллион теңге.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:

– Бұл – Қазақстандағы бірінші кәсіпорын. Біз Тәуелсіздіктің алғашқы қадамын бастаған кезде Қазақстандағы автомашиналар саны небары 700 мың болған еді. Ал, қазір біздің жолдарымызбен шамамен 5 миллионға тарта автомобиль  жүреді. Олар жыл сайын тозуға ұшырап, қоршаған ортаны ластайды. Ал, Сіздер, оларды пайдаға асырып, машина жасау кезінде пайдаланылған түсті металдарды қайта өңдеп жатырсыздар. Қазір елімізде жеңіл автокөліктердің 18 түрі шығарылатынын есепке алсақ, Сіздердің жұмыстарыңыздың болашағы зор. Игіліктің бастауы осындай кәсіпорындардан бастау алады. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу аса маңызды. Ал, бұл – қайта өңдеудің жоғары деңгейі. Бірегей зауыттың бірегей құрылысының аяқталуымен құттықтаймын. Кәсіпорынды іске қосыңыздар!

Зауыттың құрылысы 2017 жылдың ақпан айында басталған болатын. Небары 9 айдың ішінде іске қосылған кәсіпорынның бірінші кезеңінде шредерлік құ­рылғылар орнатылып, металл қал­дықтарын қайта өңдейтін негізгі қондырғалары іске қосылды. Яғни, кешеннің өндірістік қуаты жылына 50 мың ескі көлікті жоюға жетеді.

Ал, екінші кезеңде ұсақталған түрлі металдарды балқытуға арналған индукциялық пеш, сондай-ақ, газ бен мазут отынын шығаратын  пиролизді кешен іске қосылды.      Зауыт тозығы жеткен көліктерді толығымен жойып қана қоймай, оны кешенді түрде қайта өңдеуден өткізеді. Атап айтқанда, жоюға тапсырылған көліктің қара және түсті металы қайта балқытылып, одан қажетті шикізат шығарылады және газ бен мазут отындары алынады. Зауыттың өндірістік қызметі кезінде шығарылатын қалдық көлемі 5%-дан  аспайды.

Пиролизді цехта пайдаланыл­ған машина майы қайта өңдеуден өтіп, одан солярканы алмастыратын жанғыш сұйықтық алынады. Сонымен қатар, қара және түсті металл да осы жерде балқытылады, – дейді, пиролизді цех басшысы Петр Ковалев. Зауыттың екінші кезеңі іске қосылғаннан кейін жаңадан 40 жұмыс орны ашылған.

Алдын ала есеп бойынша, кәсіпорын толығымен іске қосылғанда зауыт жыл сайын  22 740 тонна қара және түсті металл, 2 млн. 100 шаршы метр синтетикалық газ, 16 000 тонна пиролизді отын, 3 300 тонна резеңке ұнтағын алатын болады. Қалдықтардан алынған түсті және қара металл қорытпасы аймақтағы мыс қорыту кәсіпорнына жеткізіледі. Осылайша, бір-біріне байланысты экономикалық сала арасында мультипликативті мүмкіндік ұлғая түседі.

2017 жылдың 26 маусымынан бастап елімізде жеңіл және жүк көліктерін жоюға тапсырып, отандық автоөндірушіден су жаңа көлік сатып алуға жеңілдік берілетін сертификат бағдарламасы да іске қосылған. Жеңілдік сертификатының құны тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты 315 мыңнан – 650 мың теңге аралығында бағаланады.

Жоюға ең көп тапсырылған көліктер – кеңестік кезеңде шығарылған көліктер. Олардың  арасындағы ең көнесі 1946 жылы шыққан «Москвич» болса, ең жаңасы 2014 жылы шығарылған «LADA» 21901 көлігі.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суретті түсірген:

Д.КУЗМИЧЕВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button