Жаңалықтар

Алдау қоспаған әулие

Егемен елдің тәуелсіздігі мен теңдігін нығайтып жатқан бүгінгі ұрпақ үшін Абайдың болмыс-бітімі, ділмәр даралығымен, ерекше даналығымен құнды. Оның мол мұрасы әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді қалыптастырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.

Кәсіпкерлік – ерекше экономикалық құбылыс. Абайдың бизнес, кәсіпкерлік туралы айтқаны соншалықты анық. Өркениетті ел болуды кәсіпкерліктен тапқандай болады. «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» екендігін баса айтса, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінде жұмыс істеп, мал бақпаған жігітте қасиет болмайтынын айтқан. Абай шығармаларының өн бойында адал еңбек қана елді ұшпаққа жеткізетінін алға тартқан. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінде:

«Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық, көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек»,– деген.
Ақын ұсынған рухани ұстаным да айрықша: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек», – дейді.
Әл-ауқатты арттыру, бақуатты өмір сүру – бүгінгі күннің міндеті. Бұл едәуір қажыр-қайратты, біліктілікті талап етеді. Сол үшін бірқатар теріс қылықтардан, кемшін қасиеттерден арылуды оныншы сөзінде айтады: «Құдай саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамайсың. Ол қуатты орын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың» дей келе, «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» дейді. Байлықтың көзі – орнықты еңбекте, іркіліссіз ізденісте, ұқсата білуде екендігін хакім Абай дәлме-дәл айтады. Қазіргі қоғам адамнан есепті, оны жүйелі жүргізуді талап етеді. Онсыз табыс та, кіріс те болмайды. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген еді. Асып-таспаудың, парасатты да пайымды өмір сүрудің тамаша өлшемдері осы.
Енді бір сөзінде хакім Абай: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерші – қазақтың әулиесі сол», – дейді. Қоғамның еңбек етпей, бос сандалып, серілікпен, өсек-аяңмен, ұрлық-қарлықпен айналысып жүрген бөлігіндей емес, тек өз еңбегімен ғана күнелтетін қолөнершілерді Абай қазақтардың ішіндегі әулиесі деп есептейді. Ал он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық», – дейді. Сондықтан қазіргі заманның талабы да осында. Қоғам әрбір қоғам мүшесінен ақылды болуын, алданбауын, ғылымға үйір болуын, арлы болуын, арсыздыққа еш дауа жоқтығын, мінезге бай болуын ұлы ойшыл бүгінгі күні де қайталап, ескертіп тұрғандай. Дамыған озық елдер қатарына қосылу адам бойына ізгі қасиеттерді де байытуды талап ететіні сөзсіз. Экономика ғана емес, рухани ішкі әлем де мықты болуы тиіс. Ақынның өзі айтқанындай «Естілердің айтқанын ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» демекші, ұлттық рухтың өміршеңдігін, жалғастығын жадымыздан шығармағанымыз абзал.
«…Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті» демекші, Абайды айналып өту мүмкін емес. Себебі, Абай – руханияттың алтын қазығы. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы асқақтай берері сөзсіз. Абайдың рухани әлемі бүгінгі қазақ елінің гүлденуіне, өркендеуіне қашанда қызмет ете бермек.

Перизат САТЫБАЛДИНА,
С.Сейфуллин атындағы
№7 мектеп-гимназияның қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button