Алдағы жоспар – ауқымды
Биыл «Балалар жылына» орай облыс көлемінде бірқатар іс-шаралар жоспарланды. Жұма күні білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру, мәдениет салаларындағы балаларға арналған іс-шаралар жоспары таныстырылды.
Брифингке облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жиенбаева, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев қатысты.
– Биыл – Президент Жарлығымен «Балалар жылы» болып бекітілді. Облыс бойынша 401 мың бала бар. Әр баланың денсаулығын сақтау, білім алу, құқықтарын қорғау мәселесі бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. «Балалар жылы» аясында білім беру 75 іс-шара жоспарланған. Іске асыруға 2 млрд астам теңге қарастырылған, – деді білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Биыл 1911 орындық 11 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарлануда. Көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға тамақтану үшін жеңілдіктер қарастыртырылған. Сондай-ақ, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселесі ерекше назарда. Осы мақсатта қосымша білім беру бағытында ауқымда шаралар жүзеге асуда.
– 200 мыңға жуық бала мектеп жанындағы үйірмелер мен секцияларға қатысады. Бұл былтырмен салыстырғанда 57 мың адамға артық. Тегін үйірмелер мен секцияларға 963 баланы қамту үшін 37 млн теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 1537 бала үшін 59 млн теңге бөлу жоспарлануда, – деді білім басқармасының басшысы.
Сонымен қатар, жазғы демалыста балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Мәселен, жазғы демалысын 9 мыңнан астам бала қала сыртындағы 11 лагерьде өткізеді. Гүлсім Қожахметованың айтуынша, алдағы уақытта мектеп жанында 389 тамақпен қамтылған лагерь және 319 тамақтандыру қамтылмаған бейіндік алаңдар жұмыс істейді.
– Техникалық шығармашылық, робототехника және туристік-өлкетану бағыты бойынша қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жандандырылуда. Туристік сапар өткізу ойда бар. Ақтоғай ауданының «Факел» қала сыртындағы лагерінің базасында маусым айында үш облыстық слёт өткізіледі, – деп алдағы жоспарлармен бөлісті.
– 1 маусымнан бастап Қарқаралыда «Барс» сауықтыру кешені өз жұмысын бастайды. Оның аумағында волейбол, баскетбол және футболға арналған спорт алаңдары бар. Лагерь 120 адамды лек-легімен қабылдауға дайын. Жазғы маусымда «Барыста» барлығы 600-700 адам демала алады, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
Сонымен қатар, Чкалов су қоймасының жағасында орналасқан «Бригантина» спорттық-сауықтыру лагерінде жыл сайын 500-ге жуық балалар мен жасөспірімдер белсенді қатысады. Мұнда облыстың қалалары мен аудандарының жалпы білім беретін және спорт мектептерінің оқушылары, аз қамтылған отбасылардың балалары бар екен.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы өңірдің спорт мектептерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 50-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
– Ауылдық жерлерде нұсқаушылардың жұмысы жандандырылады. «Жаз чемпиондармен бірге» жобасы аясында балалар үшін спорт мектебінің жаттықтырушылары және белгілі спортшылар шеберлік сабақтарын өткізеді. Суға шомылу маусымы кезінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мыңнан астам балаға жүзуді үйрету жоспарлануда, – деді спорт басқармасының басшысы.
Ал, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев балаларға арналған мәдени іс-шаралармен таныстырды. Мәселен, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы жас оқырмандар үшін жазушылармен кездесулер ұйымдастырады. Кеншілер мәдениет сарайында «Еркетай» фестивалі өтеді. ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығында (Теміртау қ.) «Күмбірлетші күйді сен, домбыра» атты байқау өтеді. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерлердің тәрбиеленушілері үшін қайырымдылық негізде отандық анимациялық фильмдер көрсетіледі деп жоспарланған.
Балалар жылы аясында балалардың денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жиенбаева айтты:
– «Балалар жылына» орай оларды скрингтік тексеруден өткізу жалғасуда. Есту, көру, сөйлеу, гепатериоз бойынша тексеруден өтеді. Офтолмологиялық скринг тек шала туған нәрестелерде ғана жасалады. Облыста 452 бала шала нәресте бар. 130 бала оперативті емдеуге жіберілді.
Балаларды реабилитациядан өткізуге ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында 1 реабилитациялық орталық бар. Мұнда балаларға медициналық, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, облыс бойынша 3 реабилитациялық орталық жұмыс істейді. Балалар Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы оңалту орталықтарынан емделе алады. 4 айлық баладан бастап 2 мыңға жуық бала қамтылды. Мұндай балалар комиссия тізімі бойынша бекітіліп, денсаулық сақтау басқармасының сайтына тізімі жарияланды. Әрбір ата-ана мұнымен таныс, – деді басқарма басшысының орынбасары Гүлнар Жиенбаева.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.