ЖаңалықтарҚарағанды

Алаяқтың арбауынан абай болыңыз!

Технология дамып, ұялы телефон арқылы кез келген дүниеге оңай қол жеткізетін мына заманда кей адамдар жұмыс істемей-ақ табыс табуды қалайды. Соның бірі – интернет алаяқтықпен айналысатындар. Қылмыстық іс-әрекетін жүзеге асыру үшін интернеттің мүмкіндігін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Облыста 677 адам интернет алаяқтардың арбауына түскен. Жыл сайын көрсеткіш көбеймесе, азаймай отыр.

 

Алаяқтың арбауына түскен 677 тұрғынға келтірілген шығын – 1 миллиард 16 миллион 179 мың теңге. Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин жыл басынан бері полиция қызметкерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында ақпараттық жүйе арқылы бірнеше эпизод қылмыс жасаған 12 адам ұсталғанын айтты.

«Кейбір жағдайларда мұндай қылмыстарға қаржы ұйымдарының қызметкерлерінің қатысы анықталып жатады. Мәселен, 17 мамыр күні полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шарасы барысында 40 жастағы банк қызметкері ұсталды. Ол өзінің қызметін пайдаланып, 33 жастағы танысына 66 жастағы зейнеткердің жеке деректерін беріп, зейнеткерге 930 мың теңге шығын келтірген. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр», – деді Әбіл Әбілдин.

Статистикалық деректерге сүйенсек алаяқтық фактісінің ең көп таралған түрінің бірі – өзін «банк қызметкерімін» деп қоңырау шалу. Облыста сондай жолмен алаяқтық жасаудың 212 дерегі тіркелген. Оның ішінде Kaspi Bank – 52, Ұлттық банк – 49, Eurasian Bank – 35, Халық Банк – 25 фактіден, ForteBank – 19, Центр Кредит Банкі – 10, Homebank – 4, Қазақстан Банктер Ассоциациясы – 3, Jusan Bank бойынша 1 дерек тіркелген. Жалған банк қызметкерлері тарапынан тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 400 млн. теңгені құрап отыр.

Шындығында, алаяқтардың айласына түсетін адамдар көбінесе психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдар болып келеді. Көп жағдайда адамдар сенгіштігі мен аңқаулығының кесірінен оларға барлық ақпаратты өздері береді. Алаяқ үшін ең бастысы – тұзаққа түскен адамның эмоциялық жай-күйі екенін айтады психологтар.

– Адамдардың көпшілігі алдау схемаларын жақсы біледі және теориялық тұрғыдан алаяқты оңай таниды. Кей жағдайда алаяқтардың психологиялық әсері күшейіп, адам бөтен әрекеттер жасай бастайды: құпия мәліметтерді хабарлау, несие алу, ақша аудару және т.б. Сондықтан, қазіргі таңда алаяқтардың әрекеттері туралы білумен қатар, олардың психологиялық әдістерін білу маңызды. Алаяқтардың психологиялық қысымынан қорғанудың ең сенімді жолы – әңгімеден үзіліс жасап, мұқият ойлану. Егер, сізге қаржылық инвестицияны қажет ететін шешім қабылдау ұсынылса, бұл – сөзсіз алаяқтық. Біз, ересектер, балаларымызға бөтен адамдарға сенбеуді, сөйлеспеуді және олармен ешқайда бармауды үйретеміз, бірақ кейде өзіміз бұл ережелерді бұзамыз. Соның салдарынан ересектер де алданып, алаяқтардың құрығына түсіп қалады, – дейді психолог Аяжан Нұрғалиева.

Психолог маман алаяқтықтан сақтану жолдарын айтты. «Алаяқтың айласына түспеудің ең оңай және тиімді жолы – бейтаныс адамдармен араласпау қажет. Асығыс шешім қабылдауға итермелесе де, ондай әрекетке бармаңыз. «Жоқ» деп айтуды үйреніңіз және адам сіздің ортаңыздан неғұрлым алыс болса, соғұрлым ол «жоқ» деп жиі айтуы керек. Кейде бұл қиын, бірақ өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін мұны үйрену маңызды. Қасыңыздағы жақындарыңызға, әсіресе балалар мен қарт адамдарға көңіл бөлген жөн. Бөтен қоңырауларға жауап беріп, сөйлескеннен гөрі уақытыңызды пайдалы нәрселерге жұмсаңыз», – деді психолог Аяжан Нұрғалиева.

Қарағанды облысының криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Тілеубаевтың айтуынша, көбіне алаяқтардың құрығына түсетіндер 20 жастан асқандар. Оның бір дәлелі – мына мысал. Биыл сәуір айында интернет алаяқтардың құрбаны бола жаздаған Айбек Қайтпаров есімді 19 жасар жас жігіт OLX-те рюкзак сатпақ болған. Оған алаяқтар шамамен 7 рет хат жазған. Дегенмен жасөспірім алаяқтардан ақылдырақ болып шықты.

– Мен OLX-те рюкзак сатпақшы болып, кейін WhatsApp арқылы маған әртүрлі номерлерден хат келе бастады. Соның арасында сатып жатқан өнім туралы бір-екі сұрақ қойды, кейін барлығын төлегенін жазды. Олар маған сілтеме жіберді. Онда «сілтемеге кіріп, төлемді алыңыз» деп жазылған. Алайда мен ешқандай сілтемеге кірмейтінімді айтып, чек жіберуді өтінгенімде олар маған жауап қайтармады, – деді ол.

Әрине, алаяқтықтан сақтану керек. Мұны облыстың Полиция департаментінің мамандары да жарғақ құлағы жастыққа тимей тұрғындарға ескертуде.

«Банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Себебі, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Осыны ұмытпайық. Қандай жағдай болмасын телефоныңызға келген банктің СМС-хабарламаларын ешкімге көрсетпеңіз, жібермеңіз. Құжаттарыңыздың көшірмесін ешкімге жолдамаңыз. Кез келген азамат осындай қарапайым ережелерді назарда ұстаса, алаяқтықтың азаюына әсері болар еді», – деп хабарлады Полиция департаменті.

Балым ҚУАТБЕКОВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің
ІІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button