Бас тақырып

Алаяқтық алаңдатып, есірткі елеңдетеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша полиция халыққа жақын болуы керек. Азаматтардың өтініштері барынша жедел әрі әділетті қаралуы тиіс. Айтылған тапсырмаға сәйкес кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы, алаяқтық жағдайларына, есірткіге қарсы кешенді шаралар қолға алынды. Президенттің Жарлығымен былтыр жыл соңында Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілді. Оған сәйкес Ішкі істер министрлігі құрылымында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында арнайы бөлім ашылып, ондай фактілер үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі.

Сурет: yuz.uz сайтынан

Аймақта алғаш болып полиция қызметінің сервистік моделі мен Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы жұмысы істеп тұр. Ашылғанына бір жыл болмаса да орталық мамандары 800-ге жуық адамды қабылдап, 331 адамға заң көмегі көрсетілді.

– Осы уақыт ішінде 18 әйел мен 20 бала дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Психологтар мен медиаторлардың да көмегі көрсетілді. Жеке сот орындаушыларына 297 адам жүгініп, 17,5 млн. теңге көлемінде алимент өндірілді. 338 абъюзерге қатысты шара қабылдады, – деді облыстық полиция департаменті басшысы Санжар Әділов.

Департамент басшысының сөзінше, аймақта қылмыс деңгейі өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда біршама төмендеген. Мәселен, адам өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, қарақшылық, тонау, бұзақылық, мал ұрлығы және басқа да қылмыс түрлері азайған. Алайда, алаяқтық фактілері азаяр емес. Санай берсе, оның зардаптары миллиондап есептеледі.

– Алаяқтық фактілері 25,8%-ға, интернет алаяқтық 11%-ға артты, – деді өткен жылды қорытындылаған Санжар Әскенұлы. – Былтыр алаяқтардан келген залал 3,1 млрд. теңгеге жетті. 2022 жылы бұл 2,8 млрд. теңге болған. Қылмыстың басым бөлігі интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалады. Былтыр 3 527 аляқтық жасалса, биылғы бір жарым айда 400- ден астам жағдай тіркеліп отыр. Тұрғындарды белгісіз сілтемелерді баспауға, белгісіз біреулерге ақша аудармауға шақырамыз.

Полиция департаментінің былтыр ашылған киберпол бөлімі алаяқтық тәсілдер мен қауіптердің алдын алумен айналысуда. Ақпараттық технологиялар жетілдірілуде. Себебі, интернет арқылы алаяқтық қана емес, есірткі қылмысы да «өркендеп» тұр.

– Есірткіге қарсы күрес кешенді шараларды талап ететін өзекті мәселеге айналды. 2023 жылы есірткі қылмысына қатысты 291 құқықбұзушылық анықталды. 433 келі 331 грамм болатын түрлі есірткі заттары тәркіленді, 4 есірткі зертханасы анықталды. Мемлекет басшысы осы мәселені жыл сайынғы Жолдауында көтереді, өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдіреді. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау мекемелерінің есебінде есірткіге тәуелді 1162 адам бар, – деді департамент басшысы.

Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ, еріктілердің көмегімен синтетикалық есірткі жарнамаларын таратудың алдын алу шараларын жүргізеді. Бұл жердегі басты мәселе – сату мен сатып алудың оңайлығы. Оның барлығы интернет арқылы жасалады. Әлеуметтік желілерде сілтемелері көрсетілген 98 сайт, «OLX» платформасында 20 хабарландыру, сондай-ақ, есірткі және психотроптық заттарды насихаттайтын 32 аккаунт бұғатталды.

Есірткі қылмысымен күресу үшін қылмыстық заңнама қайта пысықталды. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндiру және есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін жаза қарастырылғанын айта кету керек.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2024-2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы жасалды. Ол мемлекеттік органдардың, кәсіби полицияның және қауымдастықтың ынтымақтастығы және бірлестігі нәтижесінде құқықбұзушылықтың алдын алудың тұтас жүйесін құрудың негізі болады.

– Тұжырымдама құқықбұзушылықпен күрес, қауіпсіз инфрақұрылым құру, құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіпсіз қоғам құру үшін жағдай жасау, азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін және құқықтарын қылмыстық қолсұғушылықтардан қорғауды көздейді. Мәселен, көшелердің жеткілікті жарықтандырылуы, бейнебақылаумен қамту, абаттандыру, жолдардың сапасы, жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мәселелері – қылмыстың артуына, не кемуіне әсер ететін факторлар. Сондықтан, полиция ғана емес, барлық мемлекеттік орган бұл іске жауапты болуы тиіс, – деп атап өтті Санжар Әділов.

Қылмыс – бұл тек полиция қызметіне ғана байланысты емес, оның астарында әлеуметтік мәселе жатуы әбден мүмкін. Тұжырымдама шеңберінде мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді осы жұмысқа тартып, барлық мүдделі тараптармен және азаматтармен әріптестік орнату жоспарлануда, сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша есеп берудің ашық жүйесін қалыптастыру көзделуде.  Тұжырымдама жол қауіпсіздігі мәдениеті, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі сынды маңызды мәселеге әсер ете алады.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі ушығып тұрған мәселеге айналды. Соңғы күндері бала қақты, қартты басып кеткен деген фактілер көбейді. Департамент басшысы болған екі жол-көлік оқиғасының біреуіне жылдамдықты арттыру себеп болатынын айтып отыр.

Сондықтан, биыл қалада алты жаңа бағдаршам, қосымша жылы аялдамалар орнатылып, «Аргус-жаяу жүргінші» камералары іске қосылады. Аталған жаңа бағдаршамдар Санжар Әділовтің сөзінше, Махметов және Дружба көшелерінің қиылысында, Открытая және Магнитогорск, Қазақстан және Жилстроевская, Волгодонская және Сеченов көшелерінің қиылысында, «Политех-ПВУ» ауданында және Мұқанов көшесіндегі «Отау» тұрғын үй кешендерінен шығар жерде орнатылады.

– Сондай-ақ, қала көшелерінде белгілі бір қиылыстың жүктемесіне байланысты жол қозғалысын дербес реттеуге қабілетті қосымша ақылды бағдаршамдар орнатылады. Республика даңғылында және Сарыарқа мен Гоголь көшелерінде жаяу жүргіншілер өткелдерінің үстінде сәулелі жарық белгілері орнатылады. Қазыбек би атындағы ауданда өткен жылдан бастап жаңа «Аргус-жаяу жүргінші» камералары сынақтан өтуде. Олар жолақтан өткелі тұрған адамдарға жол бермеген көліктердің ереже бұзушылығын тіркейді. Биыл осындай 10 камера іске қосылады, – деп атап өтті Санжар Әділов.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button