Басты тақырып

Алатау бөктері – жаһандық дода алаңы

   Алматы ХХVІІІ Қысқы Универсиаданы қабылдаудың қамын жасауда. Бұйыртса, келер жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында жаһан жұртының жастары Алатаудың бөктерінде бас қосады. Бұл – тауық жылындағы елеулі оқиғалардың бірі болмақ.

   Универсиада тарихы 1923 жылдан бастау алады. Ең алғаш Франция астанасы Парижде өткен. Ал, бірінші Қысқы Универсиада ойындарының жалауы 1960 жылы желбіреді. Тағы да сол француз мемлекетінің Шамони деген қаласында. Міне, ХХ ғасырдың орта шенінен бастау алған Қысқы Универсиада эстафетасының тізгіні тауық жылында Қазақстанның қолына тимек. ТМД елдері арасында тұңғыш рет Қысқы Универсиада ойындарының алауы Алматыда тұтанбақ.

   Қазақстан жастары Универсиада ойындарына 1993 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Осы жылдар ішінде 700-ден астам спортшымыз жаһандық жарыста өнер көрсетіп, 125 медальді олжалады.

   Қазіргі таңда ойындарда бақ сынайтын қазақстандық спортшылар тізімі анықталуда. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кезекті баспасөз мәслихатында құрама сапында жарысқа қатысу үшін 227 спортшы дайындыққа кіріскендігін айтқан еді. Бұл спортшылардың жаттығу шараларына бапкерлер мен дәрігерлер мұқият қадағалау жүргізуде.

    Сондай-ақ, министр дайындық жұмыстарына қомақты қаржы бөлінгендігін атап өтті. Спорт түрлері бойынша 29 оқу-жаттығу жиындарына 334 млн. теңге қарастырылған. Универсиада қарсаңындағы нысандардың әзірлігін пысықтау мақсатында бұл орындарда бес сынақтық жарыстар өткізу жоспарланды.

   Алматыдағы додаға әлемнің 55 мемлекетінен 2 мыңнан аса спортшы келеді деп күтілуде. Олар 12 спорт түрі бойынша бақтарын сынамақ. Жастар биатлон, тау шаңғысы, керлинг, конькимен сырғанау, шаңғылы қоссайыс, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей және шорт-трек бәсекелерінде күш сынасады.

   Жарыстар сегіз спорт нысанында өтеді. Олардың қатарында екеуі – «Халық – Арена» және «Алматы – Арена» сарайлары биыл жаңадан тұрғызылды.

   Бұдан бөлек, Қысқы Универсиа­да ойындары тарихында тұңғыш рет «Атлетикалық ауыл» салынды. Атал­ған «ауыл» Алматы қаласының Алатау ауданында орын тепкен.

   Былтырғы қарашадағы ақпаратқа сүйенсек, ұйымдастыру шараларына жұмсалатын қаржы екі есеге қысқарып, 17 млрд. теңгені құраған. Универсиада тәмамдалған соң барлық нысандар халық игілігіне берілмек. Яғни, алматылықтар заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимараттарда спортпен айналысу мүмкіндігіне ие болады.

   Барлық құрылыс жұмыстары кес­теде көрсетілген мерзімнен екі-үш ай бұрын аяқталды. Және құрылысқа пайдаланылған материалдардың 60 пайызы – отандық тауар өндіру­шілердің өнімі.

   Универсиада нысандарының құ­ры­лысы жұмыссыздықпен де тиімді күресуге жол ашты. Нәтижесінде, 4200-ден астам адам жұмыспен қам­тылды.

    Универсиаданың ұраны – «Қана­тыңды кең серпі!». Ал, ойындардың тұмары ретінде қанатын жайған жас сұңқардың бейнесі таңдалып отыр. Ежелден қазақ жерін мекеніне айналдырған сұңқар жарыстарда жас­тарға серік болмақ. Сұңқар қанатындағы қазақстандықтар да биіктерден көрінсін дейік.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button