Жаңалықтар

Алаштың Жақыбы

Жақып Ақбаев университетте оқып жүргенде-ақ, ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талаптанып, Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Бұл тақырыпты таңдауда қазақ халқының тұрмысының құқықтық саласын ғылыми дәрежеге көтеруі және отбасылық құндылықтарға аса мән беруі себеп болды. Қазақтарда неке шарты бір-бірімен дәйекті де қисынды «қарғы бау» мәнін түсінуге ғалым ретінде қарайды. Неке шартын одан да күшейте түсетін екінші салт «құйрық-бауыр» жеу неке шартының түпкілікті жасалғанын көрсететін, мәні қазақтарда некенің заң жүзіндегі ерекшеліктерін қарастырады.

Қазақ қоғамындағы отбасының атқаратын қызметі ерекшелігі жайлы еңбекті қолға алғанымен өз уақытында толық жазып шығуға мүмкіндік болмайды. Бұл еңбекті тіпті, өз басына іс түскен уақытта, түрмеде отырған кезде де жалғастырады. Омбы қаласында орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында ғылыми зерттеу тақырыбын мақалалар түрінде жариялайды. 1907 жылы «Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов» атты диссертациялық ғылыми еңбек жазады. Осы еңбегі «Қазақстандағы семья-неке қатынастары» атты туындыға негіз болады. Жақып Алашорда үкіметінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі болды. 1905 жылы жазылған Қарқаралы петициясының құқықтық саласын қарастыру Санкт-Петербург оқу орнын бітіріп келген заңгер Жақыпқа жүктеледі. Қарқаралы петициясының қысқаша талабын оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз.

1. Ар-ождан бостандығы, діни сенім-наным бостандығы, Қыр өлкесінің қазақтары үшін сайланып қойылатын ерекше діни басқарма, басқа мекемелерге жалынбай-ақ, мектептер мен мешіттер салу және ашу тәртібі, қазақ, татар, араб тіліндегі діни кітаптарға цензураны жою, туу туралы тіркеу тәртібін діни басқарма орындарына беру, шетелге шығатын паспорт берудің заңды тәртібін белгілеу.

2. 1902 жылдан бастап, Қыр өлкесінде қазақтың ұл балаларына арналып ауыл мектептері ашылды. Оларда сабақ қазақша жүргізіледі, бірақ қазақ тілін оқыту жөніндегі талабымыз орындалмады. Бұл мектептерде қазақ сөздерін орыс әрпімен жазуға үйретеді, ал орыс әріптері қазақ тілінің фонетикасын толық бере алмайды. Қазақ тілін оқытпауды және қазақша сөзді орыс әрпімен жазуды білім беру емес, басқа бір беймәлім мақсатты көздеу деп түсінген қазақтар бұл мектептерге балаларын бермей қойды. Соның салдарынан алғашында әкімшіліктің қысым жасауымен тек кедейлердің балалары мен жетім балалар ғана жиналды. Басқалар оларға ақша берді, басқаша айтқанда балаларды жалдап оқытып жатырмыз.

3. Қазақ халқының күнделікті қажетін жария етіп отыру үшін қазақ тілінде газет шығарылсын, ол үшін цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға ешқандай бөгет жасалмасын.

4. Соңғы 15 жыл бойы Қыр өлкесін отарлау жүріп жатыр. Қазақтардың қарауындағы жер жыл сайын тарылып келеді. Мал шаруашылығы негізінен экстенсивті екені мәлім және мал жайылымына өте көп жер керек. Ресейден қоныс аударушыларға ең тәуір жерлер, тұщы су көздері тартып алынып берілуде. Бұлай болмас үшін қазақтардың иелігіндегі жерлер олардың меншігі деп танылсын.

5. Қыр өлкесі мемлекеттік меншік басқармасы қазақтарды ата қонысынан ығыстырып, жерді қазынаға алуда. Демек, қазынаға алынған жерлерден қазақтар қуылмасын, екі ортада жік шекарасы қалдырылсын, оның иінін мөлшерлеуге қазақтар қатыстырылсын.

Осы петицияның үзіндісінен-ақ, Жақыптың өз еліне деген сүйіспеншілігін байқаймыз. Осы талаптың құқықтың жақтарын жазуда ол белсене атсалысқан болатын. Бұл талаптың негізі бөлімдері кейін Алашорда үкіметінің бағдарламасында қолдау тапты.

Жақып Ақбаевтың қазақ халқының өмірі жайында екінші еңбегі 1927 жылы «Қазақтың шығу тегі туралы» еңбегі. Бұл еңбектің жазылуына алғаш Омбы қаласына сот орындаушы болып келген кезде Ә.Бөкейханның орыс географиялық қоғамында жарық көрген тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашқы еңбегі 1903 ж. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көптомды альманахтың 17-томына еніп, Петерборда жарық көрді. Бұл еңбек те осы кезде Омбы қаласында жасырын тарала бастаған болатын. Әлихан қазақ тарихының қысқаша дәуірлеу кезеңін осы мақалада бастау жасаған еді. Жақыпты осы еңбекпен таныс болғандықтан, қазақ халқының шығу тарихына өзіндік көзқарасын білдіруге бастама болды. Бұл еңбекте қазақ этнонимінің пайда болуы, қазақ халқының құқықтық нормалары жөнінде біршама тың пікірлер айтылады. Керей мен Жәнібек ханның бастамасымен әскери лауазымдар, Қасым ханның «қасқа жолы» заң құқықтарына өзіндік пікір айтады.

Қорыта айтсақ, елінің ертеңі үшін саналы ғұмырын арнаған Алаш елінің біртуар тұлғасы Жақып Ақбаев есімі ел есінде мәңгі сақталады.

Темірғали АРШАБЕКОВ, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button