Мәселе

Алаштың айбары ат үстінде ме?

Заманауи тірліктің шаңы озып, ескі дәстүрдің еңсесін қара күйе басып барады. Содан болар, ұлт үмітін артар ұлдар телефонға телміріп, атқа мінбей, асық ойнамай кеткені. Айбарымыз сейіліп, айтарымыз сұйылып бара жатқандығы тайға таңба басқандай-ақ. Кешегі кентавр болып танылған тарпаң ғұн ұрпағы бүгін кемтарлықтың кейпін кешкені рас па? Замана ағымы мен техниканың дамуы бұл – айтарлықтай үрдіс. Пайда. Десек те, осы бір батырмамен басқарылған тірліктің кері әсерінен туған кеселі де жоқ емес. Жат жұрттың жағасынан алған дерт дендеп есігімізге келіп тұр. Әңгіменің ашығы былай…

Еуропа жұртының ең кем дегенде 30- 40 пайызы семіздік дертіне шалдыққан. Ол дерт Қазақстанға әлі келмесе де, нышаны айналып өтпеді. Елімізде ел ағасына айналған біршама қауым белсіздік, простатит ауруынан зардап шегуде. Табаны жерге тимеген қала балалары талдырмаш, аурушаң, қит етсе, анасының етегін ұстап, өбектеу күтіп тұратыны тағы бар. Ең бастысы – рух кеміп, пайда жеңіп тұр. Ал, кешегі аңыз қылып айтар ата-баба ерліктері тек ауызекі тілде ғана сапырылып сабадан асар емес. Сонау тарих атасы Геродоттан бастап, Шоқандар жазған ғұн, сақтардың жазбасында бір ердің белсіздік, семіздік ауруына шалдыққаны туралы дерек бар ма?! Жоқ, әрине. Жалғыз-ақ, ат үстінде жүріп олар аурудың алдын алып, рух жанып, айбар асқақтатқан. Тақымы терге, жамбасы ерге, қолы тізгінге жабысып, жабайт сақа секілді жауға да, дауға да мұқалмады. Бұған себеп ат үстінде жүрген жанның он екі мүшесіне массаж тегін жасалады екен. Жайдақ атқа мінсеңіз, тіпті, аттың қызуы бойға тарап, буын ауруы, сал ауруы атымен мазаламайды. Бір айта кетерлігі ат үстінде арқаң ұстап, намыс-жігерің тасып тұратыны өтірік емес. Ұлы Ресей патшайымы Екатерина II-нің «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, дүние жүзін жаулап алады» деуі де тегін емес-ті.

– Жер бетінде атқа мінсе, рухы оянар тек қазақ халқы екен. Мұны кешегі Қазтуған, Ақтамберділер жырлап та кетті. «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз?!» деген шумақта қаншама философия жатыр десеңізші…

– Мысалыға қарасаңыз, қазіргі таңда көп ағайын балаларын күреске, боксқа, түрлі жекпе-жек секцияларына беріп жатады. Бала өзіне-өзі бекем болсын, денсаулығы мықты болсын деген мақсатта. Әрине, жасық ұл, босбелбеу балаң болса Құдайдың ұрғаны ғой. Бірақ, тек спортқа беріп қана «баламыз патриот, намысшыл болады» деген асыра жаңсақ пікір. Бар алған тәлімді ол бала көше төбелесіне, біреуді қорқытып-үркітуге сарыппайтынына кім кепіл?! Осы тұста қазақтың өр дәстүрі «Тоқымқағар» түседі еске. «Тоқымқағар» дәстүрі – ұл баланы сүндеттеген соң нағашы жұртына сапарға шығарарда алғаш атқа мінуін атап өтіп, мал сойып, бата қылар ерекше салт. Ал, нағашысына барған бала нағашы жұрттан «Бәсіреге» ат мініп қайтатыны тағы бар. Бұл да сол ұл баланың абыройы артсын, жолы ашық болсын, ар-намысы өр болсын деген тілектен туады. Кейін ол ұл бәйгеге шауып, анасына тақым қыстырып, әкесінің мақтанышына айналады. Атқа шапқан шабандоз баланың кез келгені қайтпас қайсар келеді. Мұнымызға бәстесер жан жоқ шығар. Ауылдың атқа шауып өскен қара домалақ баласында тайқу, жасықтық бола қоймайды. Олар тік мінезді келеді. Мен өзім ес білгелі әкеміз жылқы бағып, соның артына мінгесіп, жастайымнан жалға жармасып өстім. Кейін 7 сыныптан бастап бәйгеге шауып, жүлделі орындар ала бастадым. Осы өз тәжірибемнен түйгенім атқа шапқан, атқа жамбасы тиген баланың жаны екіжүзділікпен арзан әңгімеден ада болады екен. Ерлікке асығып, ел көзіне түскіміз кеп, жараған аттай жарыс сұрап тіленіп тұратынбыз. Осындай салттың жолымен санаға сіңген патриоттықты бала естен шығармайды. Бертін келе осы бір сан салттың бірі орындалып жүр ме? Салт-санадан шайылған соң қазақы тәрбие де кемиді, – дейді Шет ауданының танымал атбегісі Дәулет Манабаев.

Расында, атбегінің сөзінің жаны бар. Ат қайда, ауылда емес пе?! Онда қазақы тәрбиенің де бастауы ауыл ғой. Кешегі қазақ вальсінің королі Шәмші айтқандай «Ауылда туып, ауылда өспеген, қара қойдың қиын иіскемеген баланың болашағы жарқын болады-ау деу қате шығар». Бұл қала баласы адамдықтан, ар-намыстан ада дегеніміз емес, әрине. Жасықтық та, пасықтық та, тектен, қалыптан қашанда. Тек, ауыл баласының ұяңдығы, шежірешіл болуы, жылқыдан қорықпайтыны иісі қазақтың жанын сүйсіндіреді емес пе?! «Ат үстінде айбарлымыз» дейтін қазақтың көп баласы қазір аттан қорқады. Пысқырса, бақырып жылап, оқыранса, оймақтай етіп аузын ашып, зоопарктегі жануардай таңданады. Бұл күнде ат спортын, көкпар, бәйге, аударыспақты бір экзотикалық, эксклюзивті, экстримал көретінді шығарды осы өзіміздің жұрт. Осыған оқырманның ойы қандай? Біз аңсаған денсаулық пен айбарды ат үстінен іздеу қате ме, түзу ме?

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button