Ахмет Абдрахимов (Әбдірайымұлы) 1892 жылы (құжат бойынша 1887 жыл) Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарасаз бөлімшесінде дүниеге келген. Бесата жұртынан шыққан тұңғыш екі мұғалімнің бірі.
Шет өңірінің алғашқы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының білім алуына ықпал жасап, із салған – осы Ахмет мұғалім еді. Білім алуды Шаян қаласынан бастап, Бұқарада жалғастырған ол бұдан соң сол тұстағы қазақ зиялылары оқып, білім алған «Ғалия» медресесінде оқиды. Бұл жерде көрнекті қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлинмен танысады. Сондай-ақ, Әжкей Жакеев, Жиенғали Тілепбергенов, Зинелғабиден Иманжанов, Армия Ешкеев сияқты «Ғалия» медресесінің шәкірттерімен қатар білім алды. Осы оқу орнында білімін жетілдіріп қана қоймай, араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген екен. Медресені 1915 жылы аяқтады.
Осындай әйгілі білім ордаларының оқуын тауысқан Ахмет Абдрахимов ұстаздық қызметін 1916 жылы Ахмет Байтұрсынұлының ауылында мұғалім болудан бастайды.
1917 жылы құрылған «Алаш» партиясының белді мүшесі ретінде Алаш қозғалысына белсене қатысады. Алашорда көсемдерімен тығыз байланыста болады. «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде сонда оқитын қазақ жастарымен бірлесіп, «Садақ» атты журнал шығарып, журнал бетіне қазақ халқының мұң-мұқтажын жария етіп отырған. Қолға түсе бермейтін сол журналда Ахмет мұғалімнің талай мұрасы болғаны сөзсіз.
Алаш партиясы таратылғаннан кейін оның көсемдерінің тікелей нұсқауымен Ахмет мұғалім компартия қатарына кіріп, қазақтың көкейіндегі арманын осы партия арқылы жүзеге асыруды ойлаған. Кейін Семейдегі мұғалімдер семинариясына қатысып, сол жерде біраз қызмет етеді. Бұдан соң қызмет сапарымен Қарқаралыға жол тартқан Ахмет Абдрахимов Қарқаралы ревкомының мүшесі де болған. Сонымен қоса Қарқаралыда мұғалімдік қызмет те атқарған.
Ахмет мұғалім Қарқаралы уезі бойынша қазақ балаларын оқуға тартып, оның ішінде Бесата жұртына ерекше қамқорлық көрсеткен. Мұнымен қоса жер-жерде бастауыш білім беретін мектептер ашуды ұйымдастыруда ерекше еңбек сіңірген.
1928 жылы Шет ауданында мұғалімдік қызметпен келді. Бұл – Шет ауданы құрылған кез. Осы жылы аудан басына көшіп келіп, 5 жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарды. 1933 жылы осы жерде 7 жылдық мектептің басшысы болды.
1936 жылы Ақадырда мұғалім болып қызмет етті. Сол жылдан бастап Қазақстан көлемінде қудалау науқаны жүрді. Солардың ішінде көзі ашық, оқыған азамат Ахмет мұғалім де бар еді. Сол жылдары мұғалімді Алматыға ғылыммен айналысу үшін шақырғанымен, төніп келе жатқан қатерді сезінген ол елге қайтып оралған. Алайда, 1937 жылы Ахмет Әбдірайымұлы «халық жауы» ретінде ұсталады. Оған РКФСР ҚК-нің 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 баптары бойынша «жапон тыңшысы, халық арасында уағыз таратқан, СССР үкіметін құлатпақ болған Алаш партиясының мүшесі» деген жала жауып, түрмеге отырғызған. Сөйтіп, Қарқаралы, Семей түрмелерінде азап шеккен. Ақыры ісі Мәскеуде қаралып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Ұлтым деп, елім деп аласұрған, халқына қалтқысыз қызмет еткен Ахмет Абдрахимов осылайша дүниеден озған.
Ахмет мұғалім «халық жауы» ретінде ұсталғанда, үйінен «Садақ» журналының көптеген сандарымен қоса, өзінің әдебиет және педагогика жөнінде жазған еңбектері, «Алаш тарихы» атты кітап қоса алынған екен. Сондай-ақ, ағартушының 3 монографиялық еңбегі, 4 педагогика туралы ғылыми еңбегі болған. Көптеген еңбектері «халық жауының кітабы» деп әр жерде кеткендігі де анық. Ал, біраз тығындысы бауыры Оспанның қолында қалған. Алайда, заманның соқтықпалы кезінен сақтанған Оспан ағасының құнды дүниелерін өртеп жіберген. Тағы да басқа еңбектері 1928 жылы Жарлы бойындағы Қоныс деген жердегі әйелі Шәрбанудың інісі Қанапия Нығметұлының қолына өткен екен. Орыс, түрік, араб, парсы тілдерін тең білген асыл азамат Ахметтің жыр етіп жазған шығармашылықтарының осылайша көзден мәңгілік таса болып кете барғаны өкінішті-ақ. Дегенмен, өзінің барлық саналы өмірін, ақыл-ойын халықты оқыту жұмысына арнаған, жарық дүниеден өткенше ауыл балаларын, ауыл адамдарын біліммен сусындатқан Ахмет мұғалімнің еңбегін ешкім де ұмытпақ емес.
Ахмет мұғалімнің жолы бүтіндей күрес һәм майданмен өткен ғұмыр екенін көреміз. Бар өмірлік қуатын Алаш тағдыры мен білімді ұрпаққа арнаған. Соқтықпалы, соқпақсыз жерден жол салуға талпынған Ахмет Абдрахимов репрессия құрбаны болып, көп жылдар бойы есімі атаусыз келді. Тек арада жиырма жыл өткенде, яғни, 1958 жылдың 29 шілдесінде КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқа отырысында Ахмет Абдрахимовтің ісі қайта қаралып, қылмыс құрамының болмауына байланысты көптеген жазықсыз сотталғандармен қатар ақталған болатын. Сөйтіп, Мәскеудегі арнайы үкімет комиссиясының мұқият тексеріп, қарауының нәтижесінде қабылданған ресми қаулыдан кейін ғана тұлғаның есімі қайта жаңғырды.
Ахмет Абдрахимов қазақ балаларын оқытып қана қоймай, оларға арнап ауыл өміріне байланысты адамгершілікке, мәдениеттілікке, оқу-білімге үндейтін әңгімелер жазған. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей әрі оқытып, әрі жазушылық жұмыспен шұғылданған ол – халықтың біртуар азаматы. Ахмет мұғалімді өз заманының көкейкесті мәселелерін терең толғаған талант иесі десек, артық айтқандық емес. Шынымен де мына дүниедегі өмірдің өзіндей байтақ, мынау жарық дүниенің даласындай дархан ғажайып тұлға. Халқының маңдайына біткен абзал азаматы, арысы. Мұндай ер ешқашан ұмытылмайды, есте мәңгі қалары хақ. Ұлағатты ұстазды шәкірттері, қазақ азаматтары және ұрпақтары үлгі тұтып, жадынан тастамай, даңқын асқақтата беретініне сенемін!
Айсұлу РЫСҚҰЛ,
ҚР БП ҚСжАЕК Қарағанды облысы
бойынша басқармасының бас
маманы.