Руханият

Алаш рухының алдаспаны

Қарағандылық білім саласының өкілдері өскелең ұрпақты Мағжандай ұлы ақынның шығармашылығымен рухтандыруда. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің және М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның ұйымдастыруымен «Мағжан оқулары» өтті. Аталған білім ошағында өткен рухани шара шеңберінде Қарағанды ғалымдарының қатысуымен «Рухани жаңғыру және Мағжан» тақырыбында дөңгелек үстел, қала мектептерінің ұстаздары арасында Мағжан шығармашылығына байланысты эссе байқауы, «Мен жастарға сенемін» атты мәнерлеп оқудан оқушылар сайысса, мұғалімдер «Күншығыстан таң келеді, мен келем» атты жыр мүшәйрасында бақтарын сынады.

ХХ ғасырдағы құдайсыз қоғамға «Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар» болып жар сала келген әулие ақын шығармашылығы – Алаш рухының төлқұжаты, алдаспан қылышындай. Кеңес үкіметі кезінде қанша қудаланып, қапаста тұншықтырылғанымен, оның рухани мұрасы қар көбесін сөккен алтынкүректің лебіндей азаттықтың айдынына қалқып шықты. Мағжан, Сәкен сынды тұлғалары бар халық түбі бір азаттық алмай қоймайтынын бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ендігі уақытта соңында қалған қара орман жұрты – біз ұрпақ санасына солардың шығармашылығындағы рухты сіңіре алсақ, жарады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ онда жер бетінен жойылып кетпек емес. Ұйымдастырылып жатқан осындай шаралар да ұлт ретінде құрып кетпеуге жасалған қам-қарекеттің бірі.

Дөңгелек үстелді М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия директоры Абылай Жалелов жүргізіп отырды. «Рухани жаңғыру және Мағжан» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сөйлеген ғалымдардың пікірі онлайн режимде оқушыларға да жетіп жатты. Онда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен, «Өрлеу» оқыту орталығынан, Қарағанды облысы тілдер басқармасынан ғалымдар мен аға оқытушылар, әдіскерлер мен қаламыздың ақындары қатысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахимов ақын өмірі мен шығармашылығына тоқталып, құнды деректерімен бөлісті. «Өрлеу» БАҰО АҚ аға оқытушысы Ғазиза Смағұлова Мағжанның «Педагогика» еңбегіне байланысты жасаған баяндамасы тұщымды шықты. Бала тәрбиелеудің бүгінгі күнгі озық әдіс-тәсілдерінің бәрі ақынның «Педагогика» еңбегінде көрініс тауып отырғанын жақсы дәлелдеп шықты ол кісі. Сондай-ақ, дөңгелек үстел басында Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Жұпар Жақанова, филология ғылымдарының кандидаты Марина Жүнісова, «Бірінші Қарағанды» телеарнасының бас редакторы Алмас Мұсабеков, Қайрат Асқар, Жәлел Шалқар сияқты ақындар болды.

Алдын ала іріктеу кезеңінен өткен жеті оқушы «Мен жастарға сенемін» бағыты бойынша мәнерлеп оқу сайысында Мағжан шығармаларын жатқа оқыды. «Күн шығыстан таң келеді, мен келем» атты жас дарын ақын ұстаздар арасындағы жыр мүшәйрасында қатысушылар өз шығармалары бойынша сынға түсті. «Рухани жаңғыру және Мағжан» тақырыбында қала мектептерінің мұғалімдері эссе байқауы бойынша сыналды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар қалалық білім бөлімінің дипломдарымен, келген қонақтар мен қазылар алқасы «Мағжан оқуларын» өткізуге қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Рухани шараның соңы сауапты іспен қорытындыланды. «Әнет Баба» мешітінің наиб имамы Марғұлан Балтабайұлы келіп, Алаш арыстарына, оның ішінде, Мағжан Жұмабаевтың рухына арнайы дұға бағыштап, құран оқытылды.

Байқаудың әр бағыты бойынша оқушы дайындап, жақсы нәтиже көрсеткен білім ошақтарының өкілдері мен жетекшілеріне алғыс ретінде концерт қойылды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button