Алаш рухы бойында, әні мен күйі көмейінде

    Даңқты Алатаудың бауырында дала мәдениеті дамылдады да, даңғайыр үнпаздың даусын ұшар басына ала жөнелді. Төбесі көк тіреп, ортан белінен бұлтқа малынған шың басына аттылы-жаяудың аттап басуы мүмкін емес. Шықса, осылай өнері мен ой-өресі арқылы ғана бағындырады. Ұшақтардың өзі айналып өтетін биікте басқаларға орын жоқ. Ақан, Біржан, Балуан шолақ, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса, Жарылғапберді сияқты Алаштың алтын айдарлы сал-серілеріне болмаса. Солардың жалғасындай Ерлан ТӨЛЕУТАЙДЫҢ «Сал-серінің сарқыты ол кешегі» атты шығармашылық кеші жайлы әңгіме.

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кең залы көрермендерге лық толды. Естуімше, 750 орындық екен зал. Кассада билет, залда бос орын жоқ. Қарағандыдан барған делегаттарды айтпағанда, ығай мен сығайдың бәрі осында. Кеште сөз сөйлеген Сатыбалды Нарымбетовтің тілімен айтқанда, «эстрада еліріп тұрғанда, солай қарай ойысып кеткен жастар қазақтың классикалық әндеріне келер ме екен деп күдіктеніп ек, керісінше, бос орын болмай қалды. Қандай ғажап!».

Жерлесіміздің шығармашылық кеші күйші, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімнің сөзімен ашылды. «19 ғасырдағы сал-серілер – Ақан, Біржан, Мұхит, тағы басқалардың ұлы өнерін 20 ғасырға жеткізуші Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қали Байжанов, Ахмет Жұбановтарды да көрдік. 21 ғасырға келгенде, «ә» дегенде, «кім қалды енді?» деп жастарға қарап, абдырап қалғанымыз да рас. Қазір де ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген әншілеріміз де, жырауларымыз да баршылық. Десек те, осы классикалық мұраларымызды насихаттап, орындауға келгенде, кем-кетігін айтып, терісін түзеп жүрген таудай тірегі – осы Ерлан екені өтірік емес. Әншілігі анағұрлым дара болса, сазгерлігі бір төбе. Кино саласына келгенде, «Алмас қылыш», «Құнанбай», «Біржан сал», тағы басқа фильмдердің сценариін жазып қана қойған жоқ, әр түсірілімнің қисынын тауып, қиыннан қиыстыратын мұндай редактор көргем жоқ. Осындай қазақ классикалық өнерінің нағыз жанашырына келген сіздерге рахмет, халайық!», – деді концертті ұйымдастырушылардың бірі Жарқын аға.

Ерекең кешінің шымылдығын Балуан шолақтың «Сентябрь» әнімен түрді. Халықтың қошеметінен құлақ тұнды. Дауыс арнасының кеңдігі – ұлы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Біржан салды «сайын даланың үнпазы» дегенін еске еріксіз салады. Концертті Балуан шолақтың сөзімен «Бұл күнде қырық бесте менің жасым, Қамалдың бұзып жүрмін қорған-тасын» деп бастауында да мән жатыр. Өзі де қазақтың ұлттық өнері жолында қамал алып жүрген 45-50 жас аралығындағы дүлділ өнерпаз. Балуан атамыз әйгілі әнші-сазгер ғана емес, 51 пұт (816 кг) кірдің тасын ұршықша иірген алып күш иесі болса, Ерлан ағамыз бұлбұл әнші әрі қазақтың ұлттық өнерінің көсегесін көгерту жолында күресіп жүрген қайраткер. Бұрынғыдай емес, қазіргінің күші – білімде десек, ұлттық музыка өнерін зерттеп, еңбек жазушы. Басқа әншілерден бір ерекшелігі, концерт бойы шырқаған 20-дан астам қазақ классикалық әндерінің әрқайсының туу тарихын авторлары өмірімен астастыра тілге тиек етіп отырды. Өнертанушы деп осыны айт.

Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын», Ақан серінің «Алтыбасарын», Біржан салдың «Он саусағын» қатар салған әншінің даусы барған сайын зорая түсті. Тынысы кеңіп, тұлпарша көсіліп, сұңқарша түледі. Балуан шолақ бастаған бұл авторларды Ерекең қазақ ұлтының классикалық музыкасының көкшетаулық төрт тірегі атады. Аталған сал-серілерден кейін Мәдидің «Қаракесегі» мен Естайдың «Қорланын» тамылжытты. Даусы зор әнші бұл екі әнді де зардың күйіндей терең тебіреніспен салып шықты. Төменгі нотаны қалай терең алса, шырқау биігі де сол қалпы. Әсіресе, онысы Жаяу Мұсаның «Шолпан туса» әні мен Жарылғапбердінің «Ардағында» анығырақ байқалды. Қазақтың ән-күйлерін хатқа түсірген Затаевич өте жоғары бағалап, «жалпы музыка әлемінің табысы» атаған «Ардақ» – бұл. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде Манарбек Ержанов шырқағанда, аты әлемге мәшһүр музыкатанушы Асатевке «шіркін-ай, Мәскеуге қазақ даласы көшіп келгендей болды-ау» дегізген ән – осы «Ардақ». Ерекең де ерекше орындап, әуелете шырқады.

Алдыңғы сал-серілердің жолын жалғаған Сәкен Сейфуллин атасына да соқты әнші. «Тау ішіндемен» тебірентіп, Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқасын» бебеулетіп барып, Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайығын» жіберді. Дауыс ерекшелігі мен домбыра тартқандағы даралығы – өзінше бір мәнер. Артық сипат. Аузындағы асқақ үн қолындағы қасиетті домбыра күмбірімен астасқанда, қайран қалмасыңа қоймайды. Арасында Сейіл Аяған, Ерлан Құжыман, Ержан Базарбеков, Дулат Ақанов, Роза Әлқожа, Меруерт Түсіпбаева, тағы басқа танымал әншілер Ерланның оннан астам авторлық әндерін айтты. Ғажабы, Абайдың сөзіне жазылған опералық, сондай-ақ, классикалық, эстрадалық – барлық жанрда әндері аз емес екен. Әртістер оқыған өлеңдері – автордың азаматтық үнінің айғағындай. Кеш соңында ақын Бауыржан Жақыптың «әнші, сазгер, киногерлігінен бөлек, Ерланның ақындық қырын таныдық» деуі – содан болса керек. Сөйтіп, үш жарым сағатқа созылған «Сал-серінің сарқыты ол кешегі» концертінде Ерлан аға кеш тақырыбын толық ақтап алып шықты.

Ұлы Дала үнпаздарының киелі өнері мен сегіз қырлы, бір сырлы Ерлан шығармашылығынан сусындаған 700-ге жуық кө­рер­мен концерт соңына дейін тапжылмады. Кеш қорытындысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаев, қарағандылық делегаттарды бастап келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, «Ғасыр адамы», профессор Темірғали Көкетаев, әйгілі актер Қайрат Кемалов, жазушы Өмір Кәріп, Халықаралық «Түрксой» ұйымының Қазақстандағы жетекшісі Ерден Қажыбек мыр­за, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы басшысының орынбасары, ақын Маралтай Райымбек, қазақтың аққу ақыны Марфуға Айтқожина, танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов концертті жоғары бағалап, кеш иесін құттықтады. Өмірзақ Айтбаев Ерлан Төлеутайдың өңіріне «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісін тақса, Рымбала Омарбекова апамыз Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановтың құттықтау хаты мен сый-сияпатын тапсырды. «Бүкіл Түрік әлеміне танымал майталман өнер иесі» белгісін Халықаралық «Түрксой» ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейіновтің атынан Ерден Қажыбек мырза табыстаса, Маралтай Райымбек Жазушылар одағының сәлемі мен сыйлығын ұсынып, «Қазақфильмнің» Алғыс хатын Сатыбалды Нарымбетов жылы лебізімен қоса жұптады. Сегіз қырлы, бір сырлы әншінің дауысы жеткен межеге есімі қоса ілінді. Аты Көкшенің сеңгірі мен Алатаудың асқарына жетті, ендеше. Кемел тұлғалар тарих сахнасына осылай классикалық мұралармен енсе керек…

Жәнібек ӘЛИМАН

ҚАРАҒАНДЫ – АЛМАТЫ – ҚАРАҒАНДЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.