Жаңалықтар

“Алаш арыстары Түркі баласына ортақ”

Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназияда «Мен жастарға сенемін!» атты Алаш автономиясының 105 жылдығына арналған іс-шара өтті. Іс-шараға Түркия еліндегі Акдениз университетінің PhD докторы Саваш Шахин келіп, Мағжанның «Алыстағы бауырыма» жырының түрік халқы үшін маңыздылығымен бөлісті.

Қазақтың қайсар рухты ақыны Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» атты тарихи өлеңін ХХ ғасырдың басындағы Түркияның тағдырына алаңдап жазған. Бұл Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің басталған кезеңі еді.

1919 жылдың 19 мамырында Мұстафа Кемал Самсунға инспектор ретінде аттанып, сол жылдың жазында-ақ Одақтас елдердің басқыншылығына қарсы түріктердің ұлтазаттық көтерілісін бастады. Осман империясының бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып, Ыстанбұл Антанта одағының қолына өтіп, капитуляция шарты бойынша ел армиясы толық таратылып, қарусызданып жатқан шақ болатын бұл, – деп тарихи жырдың мазмұнын ашты Саваш Шахин.

Расында, түрік тәуелсіздігіне қауіп төнгенін жар салып, Осман армиясы қатарынан кеткен Ататүрікті ел қолдағанымен, Сұлтан билігі аяқтан шалып, тіпті сыртынан өлім жазасына кеседі. Іштегі күрестен де қауіпті соққыны солтүстік-шығыста армяндар, батыста гректер ұдайы қайталап жатты. Антанта үштігінің капитуляция шартын желеу етіп, тізеге салуы да жаңа бағытқа бет бұрған түрік жұртына ауыр тиді.

Осындай қиын-қыстау шақта Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты жалынды жыры түбі бір түркі халқына медет болды.

Жаулары жан-жақтан анталаған түрік жұртының тағдырына алаңдап жазылған бұл тарихи өлең бауырлас екі елдің достық ұранына айналды. Бұл туралы мектеп-гимназия директоры Абылай Армияұлы да жиналған оқушыларға баяндады.

– Алаш арыстары тек қазақ елінде ғана танылмаған. Олар – бүкіл одаққа аты шыққан жандар. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, бұл тұлғалар елдің ымырасы үшін басын бәйгеге тіккен жанкештілер. Сонымен қатар, дәл осы Алаш арыстарын тек біз ғана емес, бүкіл түркітілдес мемлекеттер танып біледі. Өйткені, олардың ойынша Алаш арыстары – түркілерге ортақ тұлғалар, – деді мектеп директоры Абылай Армияұлы.

Осындай тағылымды талқылаудан соң оқушылар Мағжан өлеңдерін жатқа оқыды. Оқушылардың жырға деген қызығушылығы алыстан келген Саваш Шахин мырзаға қатты ұнады.

– Бұл менің Қазақстанға алғаш сапарым. Әуежайдан түскелі бері қазақ бауырларымның ыстық ықыласын көрудемін. Оқушылардың ата-бабаларына деген құрметі, жыр оқудағы мінезі мен өрлігіне қайран қалдым. Бұдан былай мен сіздердің Түркиядағы елшілеріңіз болайын. Сонау Ататүрік заманындағы қиын-қыстау тағдыр сіздерде де болғанын білемін. Қазақ ұлты – мың өліп, мың тірілген ұлт. Осының өзі-ақ бұл мемлекеттің қайтпас қайсарлығын айқындап тұрғандай, – деп аяқтады сөзін түрік ғалымы Саваш Шахин.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button