Жаңалықтар

ҚАЛАМНЫҢ ОРНЫНА – ҚАЛАҚ немесе құрылыстағы бір күн

Қазіргі уақытта «өлетін» және ғасырлар жасайтын мамандықтар туралы көп айтылуда. Оған да негіз бар, әлемді дүрліктірген COVID-19 пандемиясы мейрамхана мен туризмді тығырыққа тіреді. Ал, асханалар жаңа онлайн қызметті ұсынды. Оқу орындары қашықтан оқытуды қолға алды. Дегенмен, жұмысы онлайн емес, тек офлайн ғана жүретін және ешқашан тоқтамайтын бір сала бар. Ол – құрылыс. Қаламды бір күнге қоя тұрып, қолға қалақ алуға бел будым…

Жарнамамен жұмыс таптым

Құрылысқа алғаш келгендер, таныс жағалайды немесе әлеуметтік желідегі жарнамамен жұмыс іздейді. Мен екінші жолды таңдадым. Біраз жерге телефон шалдым. Сөзіміз кейде ұзақ, кейде қысқа. «Алло, жұмыс туралы хабарласып тұрмын». «Айта беріңіз». «Құрылысшы болсам деп едім». «Стаж бар ма?». «Жоқ». «…». Байланыс үзіліп кетті немесе арғы жақтағы адамға тек тәжірибелі маман ғана керек.

Ақыры, біраз талпыныстан кейін, діттеген адамыма түскендей болдым. « … құрылысшы іздепсіздер?». Біраз сөйлестік. «Жақсы, ертең келсеңіз болады».

Сан емес сапа керек

Келесі күні таңғы сағат 9-да айтқан жерге жетіп бардым. Екі жігіт жүр. Таныстық. Бірі Жансейіт, екіншісі Жанатхан екен. Қаладағы цирк ғимараты артындағы бұрын көлік тұрған бокстың ішін кеңейтіп, қақпасын жауып, студия жасамақшы. Бұл жерде жұмыс істеп жатқандарына төрт күн болыпты. «Бұған дейін бір қабырғаны бұзып, содан шыққан кірпішпен бұрынғы қақпаның орнын бітеп жатырмыз. Жанымызға бір адам керек. Бастаған құрылысты тез аяқтау үшін. Қолдан не келеді?». «Енді, ауылда туып-өстік. Балтамен ағаш жару, балғамен шеге қағуды білеміз ғой». «Жақсы. Бастысы құрылыста ынта керек. Содан кейін сан емес – сапа. Қазір жанталасып салып тастағанымыз ертең құлап жатса, бірінші келіскен ақшаны ала алмаймыз, екіншіден, бізді құрылысшылар арасында «халтуршик» деп басқа жұмыстарға тартпай қояды. Сан үшін жұмыс істейтіндердің ойы «тез байып кетсеммен» ғана шектеледі. Оларда «ертеңгі күні не болады?» деген болмайды. Сондықтан, сапалы салуымыз керек» дейді Жансейіт. «Жөн білетін шеберге кездестім ғой» деп қуанып қалдым.

Құрылыста бастысы – қауіпсіздік

«Жігіттер бүгін екінші қабырғаны құлатамыз» деді Жансейіт. Жұмыс басталып кетті. Үлкен балғаны (құрылыста оны «кувалда» дейді) қолға алып, биіктігі – 5, ені 6 метр дуалды үстінгі жағынан бастап ұра бастады. Сұрап көріп едім, «бұл жерде тәжірибе керек. Бірден кірісе кетем деген болмайды. Ұрып жатқан қабырға өзіне қарай құлап, майып қылуы да мүмкін» деп қолыма кувалданы бермей қойды. Жарты қабырға құлағанда бөлмені шаң алып кетті. Далаға тыныстауға шықтық. Шеберім шаң басылғанша білгенін айта бастады. «Қабырға бұзу да тәжірибені талап етеді дедім ғой. Ол рас. Біраз уақыт болды осы құрылыста жүргеніме. Түрлі жағдайлар болды. Бір пәтерде осындай қабырғаны құлата бастадық, ортасынан бөлініп түсті. Су атқылай бастады. Сөйтсек астынғы жақта орналасқан пластик трубаға кірпіш түсіп, морт сыныпты. Қайта сол жерде сантехниктер жүрген болатын. Жертөлеге түсіп, суды тоқтатты. Ыстық суға күйіп қалғанымыз да бар. Құрылыста бастысы – қауіпсіздік. Сақ болған жөн». «Бұл жұмысқа қанша аласыңдар?». «Жұмыс берушімен келісеміз. Қабырғаны тек құлата салмаймыз ғой. Кірпішті бөлек жинаймыз. Қалған қоқысты қаптап, көлікке артып жібереміз. Басқа жұмыстан бөлек осы еңбегіміз үшін 50 мың теңге аламыз». Шаң басылып, қалған қабырғаны бұза бастадық…

Ескі кірпіш – сапалы

Жансейіттің айтуынша, бұзып тастаған қабырғадан шыққан кірпіш – сапалы. «Бұл жерден шыққан қызыл кірпішке кем дегенде елу жыл болған шығар. Жаңа бұзғанда көрдің ғой, бірлі жарымы ғана сынды. Біз осыны қайта қолданамыз. Жұмыс берушілердің біраз ақшасы қалтасында қалады. Жаңасын сатып алып шығындалмайды». Мұндай кірпішке сұраныс та жоғары көрінеді. «Базарда ескі кірпіштің бір данасы 40-45 теңге тұрады. Жаңасын алып көр, арнайы көлікпен әкеліп төгіп тастаса болды, жартысы сынбақ түгілі үгітіліп жатады» дейді Жансейіт.

Тапсырыс бергендер қақпаның орнын бітегенде күніне төрт-бес қатар ғана көтеріңдер деген екен. Өйткені, қалап жатқанда ауырлықпен қабырға қисайып кетуі де мүмкін. Айтса-айтқандай, біз де бүгін төрт қатар көтеріп тастадық. Құм да бітті. Жансейіт тапсырыс беріп жатты. «Ертең әкеледі. Қазір екінші нысанға барамыз»

«Лақтырды» деген қайдан шыққан?

Такси шақырып екінші нысанға шықтық. Жолда сөзге араласқан Қанатханның құрылыста жүргеніне 10 жылдай болыпты. «Құрылыста «лақтырды» деген сөз көп айтылады. Негізінде біз Марат деген делдалмен жұмыс істеп келе жатқалы төрт-бес жыл болды. Бізге сеніммен қарайды. Жұмысымызға алатын ақшамызды кешіктірген емес. Басында біреулерден «лақтырады» дегенді естіп тартыншақтап жүрдік. «Нартәуекел» деп жұмыс болмай қалғанда хабарласып, бірге істей бастадық. Кейін «ақша бермей біреулерді сорлатыпсыз ғой» деп едім. «Е, оның кім екенін білемін. Бір жылдары бір жігіт келді. Атын айтпай-ақ қояйын, күнде аванс сұрайды. Бір рет бердім, екі рет бердім. Жұмысты істеп те жарытпайды. Алып берген құралдарды да жоқ қып жібереді. Берекесіз болып шықты. Ақыры жұмыстан шығарып жібердім. Сол сабаз өсек таратып жіберген ғой. «Ақша бермейді. Істеген жұмысынды дұрыс бағаламайды» деп. Соған сенгендер әлі бар», деді ғой Марат».

Негізінде ақша төлемей кететіндер де бар екен. «Бұдан бес жыл бұрын бес-алты жігіт астанаға бардық. Ортада делдал болды. Сол ғой ертіп апарған. Бір ай бойы ішкі әрлеу жұмыстарын жүргіздік. Ақшамызды алайық десек, делдал болып жүрген жігітіміз жоқ. Құрылыс фирмасы басшылығына жолықтық. Сөйтсек, әлгіміз алаяқ болып шықты. Бітірген жұмысымыз үшін бірнеше миллион теңгені алып, тайып тұрыпты. Келісімшартсыз жұмыс істегендіктен, құр сөзіміз дәлел болмай кері қайттық» дейді Қанатбек. Діттеген жерге де жеттік…

Көз түзу болса да, дәлдік керек

Келесі нысанымыз емханаға жөндеу жұмысын жүргізу болды. Бетперде тағып, ішке кіріп, үшінші қабатқа көтерілдік. Екі бөлмеге қыш тақта салу керек. Жартылай бітіріп қойыпты. «Бұл жұмыс дәлдікті қажет етеді. Қабырғаға қыш тақтаны желімдегенде арнайы құрылғымен тексеріп отырмаса, қисайып кетеді. Өзіміз бастадық. Бір-екі күнде аяқтаймыз. Кейде біреулер бастап, аяқтамай тастап кететін нысандар болады. Ол енді қиын жұмыс. Кейде бәрін бұзып, қайтадан салуға тура келеді» дейді Жансейіт.

Мен де қалақты алып, қыш тақтаға арнайы желімді жағып, қабырғаға жабыстыра бастадым. «Қолыңнан келеді екен. Түзу салып жатырсың» дегенге мәз болып қалдым. «Қаншаға істеп жатырсыңдар?». «Баға әрқалай. Жеке үйлерде, пәтерде 2 мың мен 3 мың теңге аралығында саламыз. Ал, мемлекеттік мекемелерде 1 500-ге де келісе береміз. Қазір құрылыс саябырсып тұр ғой. Жазда адам табылмай қалады. Науқан ғой. Сол уақытта баға да көтеріледі». «Бағаны сырттан келгендер, әсіресе өзбектер түсіріп жібереді деп айтылып жүр ғой». «Білмеймін, бізде ешқашан құрылыс тоқтаған емес. Жазда үлкен «объем» аламыз. 300-400 шаршы метрге дейін. Жеке үй, пәтерлерде жұмыс істейміз. Ал, өзбектерге келсек, оларға да жұмыс жетеді. Көбіне үйлерді солар көтереді. Біз ішкі әрлеумен жүреміз. Баға тұрақты. Өзбектер келіп бағаны түсіріп тастады деп айта алмас едім. Мысалы, бір ғана «кафельде» жүргендер өз бағасын ешқашан түсірмейді, тапсырыс берушілер де көп» дейді маманымыз.

Бір күн де өте шықты

Кеш қарая бастады. Жұмыс уақыты да аяқталуға жақын. «Ал, жиналайық. Ертеңгі күнге де жұмыс қалсын. Құм алып келсе, қалған қабырғаны көтереміз. Бірден сол жерге кел» деді Жансейіт. «Жақсы, біраз нәрсе үйрендім. Білгенімнен білерім көп екен. Рақмет!» дедім жұмыс берушіммен қоштасып тұрып.

Үйге қайтып келе жатып ойға шомдым. «Құрылысшы жұмысы шынымен ауыр. Дегенмен, іс білетін адам қандай еңбек болса да қашпаса керек» деп. Бүгінгі екі қаһарманым сондай жігіттер. Сілтеген кувалданың әсері ме, әлде, қаламнан ауыр зат ұстамағандікі ме, кәдімгідей шаршап қалыппын…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button