Жаңалықтар

Қаламгерлік қажырдың көркем келбеті

Жазушы Өмір Кәріпұлының «Бастау» романы хақында

Өмір Кәріпұлы ағамыз жарық дүниеге мынау өмірді жырлау үшін келген секілді. Соған орай, жырлап та келеді…

Сурет автордан

Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтерілген ақсақалдың қаламынан туған біршама көркем туындылар бар. Туған жердің тылсым табиғаты, дала дидары мен ауыл өмірін арқау еткен шырайлы шығармалар шоғыры «Сарыбел сазы» (1977), «Атасының баласы» (1980), «Ескі тоған» (1985) әңгіме-повестер жинағына айналып, одан кейін «Бұрқақ», «Тайталас» (1991-2001) романдарына ұласты. Сосын, «Серілер мен перілер» (2004) дейтін ғажап әңгіме-хикаяттар жинағын көрдік, алдық, оқыдық. Арада жылдар өткенде «Сыбаға» (2010) поэзиялық жинағы, «Тамызық» прозалық кітабы мен «Тұғыр» этнотанымдық еңбегі (2013), «Қоңыр сарын» (2014) таңдамалы прозалық еңбегі, «Дала сыры» (2020) кітабы, «Белес» (2021) прозалық жинағы жарық көріпті.
Аталмыш жинақтардың көбісі мемлекеттік тапсырыспен шыққан екен. Енді, міне, «Бастау» деп аталатын тағы бір қалың кітабын қолға алып, оқып шықтық. Алматы қаласындағы «Алгоритм» баспаханасынан 2022 жылы 34,5 баспа табақпен 500 дана болып шығыпты. Кітап 552 бетті қамтиды. Үш елі қазы майының қалыңдығындай сүбелі еңбек роман жанрында жазылған. Бір ғажабы, шағын әңгіменің өзін оқудан шаршайтын бүгінгі қоғамда 500 беттен асатын роман жазып, оны оқырманға ұсынудың өзі – ерлікпен пара-пар десек болады. Оның үстіне автордың сексеннен асқан жасын қосыңыз. Ерліктің ерлігі ғой.
Қазір жетпістің үстіндегі кейбір ағаларымыздың өзінің аты-жөнін ұмытып қалып, біреуден сұрап жүргенін де көріп жүрміз. Ақпараты жаңбырша жауған, небір негативі жүйкені жұқартар мынау мазасыз жер бетінде ерте қартаю да, алжып кету де бар екендігін айтып жатқанымыз ғой. Солармен салыстырғанда Өмір ақсақалдың қаламын қайрап, ту романды тулатып, оқырманға олжа жасап жатқанына таңқаласың hәм қызығасың. Қызығып тұрып, бала кезінде қалам-қаруына серт берген бүгінгі қажырлы қарт қаламгерге, қайраткер жазушыға ырза боласың!
Ал, «Бастауды» бастадық. Не айтамыз? Біріншіден, «бастау» деген ұғым – бүкіл дүниенің, тіршіліктің басы. Романның басынан аяғына дейін осы ұғым мен сөз ту секілді желбіреп тұр. Екіншіден, оқиға желісі әуелі қорықшының шатырсыз аласа үйінен басталып, бірте-бірте биіктей береді. Өзен-көлдерге құятын қайнар бұлақтың бастауы сияқты. Әрі қарай бірнеше диалог пен монологтарға жол ашылады. Диалогтың болуы – заңдылық! Ал, монолог ше? Монолог – көркем шығарманың көпірі іспетті. Кейбір үзілейін деп тұрған нәзік тұстарын жалғап жіберуге жақсы. Лықсыған көп ойды суға құлатпай сол тамаша көпірмен алып өтуге әбден болады. Өмір ағаның өміршең романында ой желісі, сөз кестесі керемет өріліп шыққан. Тіл шұрайлылығы, кейбір қолданыстан шығып қалған сөздерді ретін тауып қолдануы, табиғат суреттері, бүгінгі қоғамдағы белең алған біраз кемшіліктер де көрініс тапқан.
Романның басты кейіпкерлері – Келес пен Ерсін. Осы екеуімен бірге оқиға алаңына тағы біршама адамдар алынған. Ақшагүл, Орынша, Оңал, Дүйсен, Қияшбай, Оқпан – бұлар да негізгі оқиға желісін жетілдіріп, іс-әрекетті толықтырып тұрған сәтті образдар. Көк бөрі мен Көк бөрте, Марқасқа теке мен Құлжа арқар, Көк дүрегей ит секілді түз тағылары мен үй жануарлары да өздерінің мағыналы монологтарымен шығарма жүгін салмақтандыра түскендей.
Келес пен Ерсіннің өмірдегі текетіресі – ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың айқасындай туындының өн бойында өріліп отырады. Талант пен тоғышардың, дарын мен дәлдүріштің талас-тартысы, дау-дамайы ежелден келе жатқан итжығыс әрекеттердің бірі ғой. Бұл – қай ұлтта болсын кездесетін, жалпы адамзатқа тән күрделі күрес. Әсіресе, қазақ қоғамында әлі күнге дейін өршіп тұрған өрт. Күншілдік, көреалмаушылық, қызғаншақтық – дауасыз дерт. Қазақтың түбіне жетіп, өркендетпей, көгертпей келе жатқан да осы құрып кеткір жаман қасиеті…
Көлемді романда көп мәселе көтеріліп, жан-жаққа жортқан сауалдар әлдеқайдан жауап іздейтіндей. Шындық шырылдайды, ақиқат аласұрып араша сұрайды. Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей секілді классиктердің туындыларындағы тулаған ой толқындары мұнда да өз иіріміне оқырманын тарта жөнеледі екен. Ой тереңдігі мен тіл көркемдігін ерекше атауға болады. Бұл жерде адам санасының азуы мен табиғаттың тозуы да біршама қозғалған. Әлемді жайлаған экологиялық зардаптарға қарсы күресудің орнына биліктегілер белден басып, заңсыз әрекеттерді өздері әдейі істейтініне қайран қаласың?.. Табиғаттың тазалығы, жердің бүтіндігі, жан-жануардың амандығы мен өсіп-өнуі үшін еңбек етіп жүрген азын-аулақ адамдардың, яғни қорықшылардың жанайқайын тыңдайтын қоғамда құлақ жоқ, көретін көз жоқ… Бұған қоса, қасқыр, арқар, киік, ит тәрізді түз тағылары мен үй жануарларының мұңды монологтары таразыға тартылған. Автор өзінің айтайын деген ойын, көтерер мәселесін, көзқарасын әртүрлі әдістермен, деталь-штрихтармен әдемі жеткізген.
Көркем туындының тағы бір ерекшелігі – бастаудан басталып, бастауға қарай ұмтылған ой ағыны және осыған бағытталған барша іс-әрекет. Мұндағы бастау дегеніміз – ұлттық код, халықтық тәрбие мен мәдениет, елдің тарихы мен шежіресі. Осынау барлық жақсы қасиеттердің жиынтығы – бастау екендігі сөзсіз. Сонымен қатар, өткенді ұмытпай қастерлеп, жадыны жаңғырту да – бастауға алып барар басты жолдардың бірі.

P.S. Жазушы Өмір Кәріпұлы ағамыздың «Бастау» романын үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Өте әсерлі, жақсы жазылған. Тартымды, көп ойларды тақырып аясына тоғыстырып, көркем тілмен өрнектеп шыққан. Жетістігі жеткілікті аталмыш романның бір ғана кемшілігі – қателердің өте көптігі. Кітаптың басынан бастап, соңына дейінгі әріп қателері мен тыныс белгі қателерін қарындашпен астын сызып отырып, ерінбей санап шықтым. 1500-дей қате бар екен. Түсіп қалған әріптер де, артық кеткен әріптер де бірден көзге шалынады. Корректор оқымаған, редактор қарамаған, баспа тексермей баса салған сияқты… Қарт қаламгердің қолжазбасынан компьютерге терген кім болды екен?.. Алматыдағы баспахана да жауапкершілікті мойынға алмаған. Бұл жерде Өмкеңнің жазығы жоқ. Қолжазбаны теріп, көмектескен адамдардың кінәсі. Қағазы, мұқабасы, дизайны бәрі-бәрі әйбәт бұл қалың кітаптың осындай «әттеген-айы» бар…
Шіркін, бар қателерін түзеп, қайта басып шығарса ғой деп те ойлаймын. Шағын данамен болсын жөнделген нұсқасы қайта жарық көрсе, нұр үстіне нұр болар еді! Жақсы кітап – жәдігер, оқырманның олжасы ғой! Кейінгіге қалар ескерткіш, суреткердің көзіндей болатын мұрасы ғой!..

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қарағанды

Басқа материалдар

Back to top button