Қаламгердің жарқын әлемі

Қазақ әдебиеті – алтын шаңырақ десек, жазушылар мен ақындарды осы шаңырақты көтеріп тұрған уық деп бағалауға болады. Олай болса, уықтың беріктігі шаңырақтың мықтылығына сеп екені айтпаса да түсінікті.
Осы орайда, бүгінгі қазақ прозасында айтулы қаламгерлер қатары сиремей, керісінше жаңа есімдермен молыға түскені және олардың әлемдік әдебиет сапасын көтеруге үлес қосып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялататыны сөзсіз. Міне, осы сапты жерлесіміз, Қарағанды облысында тұратын Өмір Кәріпұлының толықтыра түсетініне ешкімнің күмән келтірмейтініне мен сенемін. Өйткені, аталған жазушы өз шығармалары арқылы заманауи ырғақтарды санаға жеткізіп қана қоймайды, оған қоса сол замандағы қилы тағдырлар мен оны түзген адами болмыстың сан-салалығын келер ұрпақ жадында жаңғырту үшін бар талантын жұмсау үстінде.
Өмір Кәріпұлының шығармашылық қуатын аңдаған адам жалпы әдебиет әлемінің шынайылық пен шамырқанудан тұратынын байқар еді. Шынайылығы сонда – талант қарымы сырғақтыққа салынбай бояу мен бояманың ара жігін ажыратып тұрса, шамырқануы сонда – бір туындыдан екінші туындыға өткенде өрілер оқиға мен тіл көркемдігі қайталама ауылынан алшақтап, сонылық соқпағын жаңғыртумен қатар, ширығыс пен ширатпа өрімдерді жадыға тоқуға оқырмандарын бейімдейді. Ал, мұның өзі – нағыз талантты қаламгерге ғана тән қасиет екені бағзыдан мәлім дүние. Сонымен қатар, оның шығармаларына тән бипаздық пен сырбаздық, кербездік пен керімсалдық, еркіндік пен еркелік – жазушыны қара сөз шеңберінен асырып, лирикалық биіктікке алып шығатыны ғажап құбылыс. Иә, түсінген жанға Өмкең лирикалық қуаттағы қалам иесі. Мұны жазушының қай дүниесінен де байқайтынымыз даусыз.
Әлі есімде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бел ортасынан аса Кәріпұлының қалыңдығы шынашақ шықпас, сөйткенмен айдай әлемге айтары мол, сыршылдығына көңіл толатын «Сарыбел сазы» деп аталатын кітабы жарық көргенде былайғы жұрт жас жазушыға алғашында күдікпен қарағанымен, баспадан енді жеткен дүниені парақтай бастағанда тамсаныстарын жасырмағаны аян-ды. Дәл сол уақыт шеңберінде бірінен кейін бірі жарық көрген лирикалық сарында жазылған бірнеше шығармалардың тасасында қалып қоймай «Сарыбел сазының» елге бірден еленуі, әрине, оның авторының талант пырағын еркін ерттеуінде тұрғанын айтпай өту мүмкін емес-ті. Осы кітаптан соң оқырман қауым Кәріпұлын іздеуді әдетіне айналдырып алды. «Атасының баласы» (1980), «Ескі тоған» (1985) әңгіме, повесть жинақтарының қолдан-қолға өтуі, «Бұрқақ», «Тайталас» романдарының оқырмандар арасында көптеген пікірталас тудыруы аталған шығармалардың көркемдік деңгейінің биіктігінде жатқаны дау тудырмайтын. Кейінгі қомақты дүниелері арқылы жазушы ұшқыр аттай жүйріктігімен қатар, аламанға салса алымы жетерлік талант иесі екенін таныта алды.
Бұл сөзімізге мысалды алыстан іздеудің қажеті шамалы. Қанқұйлы соғыстан кейінгі ауылдың мүшкіл халы мен ондағы тіршіліктің қиындығын, күйреген шаруашылықты қалыптастыруға жұмылған ел адамдарының қайсарлығын сөз ететін «Бұрқақ» романы арқылы жазушы бүтін бір халықтың белгілі бір кезеңде бастан кешкен ауырлығын оқырманға тарту етіп қана қоймай, одан шығар жол қамдаған ағалар қарекеті үстінде қиындыққа төзбестіктен туған жүрек бұлқынысын нанымды суреттейді. Соғыстан жараланып оралған Ахтан бұл шығармада әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы білек сыбана күресуге шықса, оны қолдаған ауылдастары Қармыс, Доскен, Алсулар өз әрекеттері барысында әділетсіздік қамалын бұзуға ықпал жасай біледі. Соның нәтижесінде береке-бірлік орнатуға мүмкіндік туады. Сөйткенмен, бас кейіпкер Ахтанның трагедиялық хал кешіп, артынан қайтпас сапарға аттануы сол уақыттың шындығы екендігі анық жағдай болатын. Оның үстіне романдағы психологиялық портреттер жиынтығы оқырман қауымды тұшындырғаны өз алдына әңгіме.
Роман оптимистік сарында аяқталады. Оны мына үзіндіден байқайсыздар:
«Қарт сөзіне әсерленген Қармыс Қаратөбенің биігіне күн сала қараған. Назары көк жүзінде самғаған құсқа түсті.
– Не көріп тұрсың?
– Бүркіт қой деймін.
– Қыран екенінде дау жоқ, – деді Доскен қарт шырқау биіктегі қос ноқаттан көз айырмай, – Екеу ме?
– Иә, екеу. Бір-бірімен ойын сап жүр.
– Алда тектім-ай! Тапқан екен-ау сыңарын!
– Ұзағынан сүйіндірсін! Қайырлы болсын құсың. Қыран жүрген жерден қырсық кетеді деуші еді. Іншалла, аман боламыз!
Бұрқақ саябыр. Алда шуақ.»
Романның «Бұрқақ» атануының өзіндік себеп-салдары да жоқ емес. Бұрқақ бұл табиғаттың ғана кезеңдік құбылысы емес, адам жанының ғұмыр барысындағы төзбеске қарсы өре тұруы тұрғысына қатысты шартты құбылыстың жиынтығына жататын үлкен аласапыран бұл. Сол аласапыран соңы жоятынын жойып, қотаратынын қотарып, ақырында тыныштық ауылына ат басын тірейтіні аян. Мына романда да ендігі тіршілік мамыражайға айналатынына сенесің.
Өмір Кәріпұлының «Тайталас» романы да ширығыс әлеміне түзілген. Мұнда адам, табиғат, ондағы тіршілік атаулы бір-бірінен ажырағысыз қалыпта. Құлжалар мен көкжалдар арасындағы тайталас, тіпті, тіршілік үшін күрес адам мен адам арасындағы Адам ата мен Хауа анадан бері қалыптасқан ашкөздік пен астамдықтың ешқашан да үзілмейтінін көрсетеді. Күштінің әлсізге үстемдік жүргізуге ұмтылысы, қарты кеп жатса, шайнамай жұта салуға ыңғайы романда шынайы көрініс тауып, оқырмандарын бей-жай қалдырмайды. Ақ пен қараның арпалысы тұтас бір дүниеге арна тартып, ақырында ақтықтың ажар ашуы – бұл ақзер әлемнің ақтыққа жүгінуге бейімдігін танытады.
Шындыққа бой алдыратын болсақ, мына әлем әлеміж бояулар қосындысынан тұратынын көреміз. Онда қызыл да, жасыл да, сары да, басқа да түстер кездеседі. Сөйткенмен, екі бояудың үстемдігі айқын аңғарылады. Олар – ақ пен қара түстер. Ақ бояу – ақтыққа, адалдыққа үндесе, қара бояу – тұмшалықтың пердесін қалқайтып, қараңғылық пен қапастың сұлбасын алдыңа тартады. Тартып қана қоймайды, сананы жаулап, сандырақ пен сарсаңға жол ашып береді. Оған бір түссең қайта айналып шығар жолды табу мүмкін емес. Сондықтан, адамға қарадан абай болғаны әркезде абзал.
Жазушының қай шығармасын алсаң да, адамдарды адасушылықтан сақтандыру амалдары өріс алған. «Серілер мен перілер» кітабына енген «Саятшы», «Қоңыр сарын», «Аусар», «Сынақ» повестері мен «Мейрам суы», «Қара киімді әйел», «Қасиетті шөп», «Үзілген үміт», «Қыз алғыш» әңгімелерінде қаламгер өз позициясын өзгертпейді. Оны жай ғана баяндау тәсілдерінен және аулақ. Көркем тіл, айшықты оқиғалар желісі арқылы оқырмандарына жеткізіп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге амал салады.
Әрине, шағын бір мақала көлемінде жазушының шығармашылық әлемін түгелдей талдап шығу мүмкін емес. Сөйткенмен «Мейрам суына» аздап тоқталып өтелік.
Кезінде болған, толған, болдым екен деп алды-артына абайсыз қараған Тұқат қарттықтың ауылына жеткенде рабайсыз күйін байқатпас үшін кебін тігуге машықтанған. Ол бүгінде сүйекке түсуге ғана жарап тұр. Өйткені, кетер күш кетіп тынған, көрер қызық көзден бұлбұл ұшқан. Бей-берекет жігітшіліктің салдарынан тапқан сырқатынан да шығар шаңырақ ұстар баласы және жоқ. Ал, «Өз обалың өзіңе. Сенен кем байға тисем, жер жұтсын мені», – деп өз жолын тапқан бәйбішесі Күлшән болса көрген түстей.
Міне, осындай күйде жүргенде тағы бір қаза қарасы шығып, Күлшәнмен және жүздесудің ыңғайы табылады. Бірақ, кезінде жан мен тән ортақтастығы болған бәйбіше бүгінде мүлдем басқа адам. Өзге ошақтың отын тұтатып, өзге әулеттің жоғын жоқтаушы ғана. Өлген адам оның отағасысы екен.
Бірақ, екеуара кездесіп шер тарқатуға мұрсаттары жоқ еді. Бәйбіше Тұқатты танымаған болады. Тұқат та өткенді жаңғыртпауға тырысып, өзімен-өзі қалуды амалдайды. Сөйтеді де, автор тілімен айтқанда: «Күлшән дауыс айта бастағанда жылысып кетпекке оқталған. Бірақ ішкі түйсігі ырыққа көнбеді. Қаралы зарлы үн қол-аяғын жіпсіз матағандай бір орнынан тапжылмады. Бұрын-соңды басынан кешпеген, кешсе де ұмыт болуға айналған шағымшыл назалы сезімде жүрегі езіле жылап еді. Қайғыдан қажала-қажала қасаң тартқан көкірегі өксік ата иығы селк-селк етіп егілгенде көз жасы омырауын жуып кеткен» Тұқат сорлылықтың сартабын осы арада шынымен түсінеді. Түсінеді де шарасыздықтың шырмауына байлана береді.
Сөйткен Тұқат өз үйінде жападан-жалғыз жатып көз жұмады. Иістеніп кеткен мәйітті жерлеген тағы Күлшән. Адамгершілік қасиетті қастерлегенінен осындай іске барған. Бұл оның адамдық мұратты бәрінен биік қойған ұлылығынан еді.
***
Жазушы Өмір Кәріпұлының бағы мен соры бір басына жетерлік қаламгер. Бағы сонда – ол өз кейіпкерлерінің ортасында жүр. Елден тамырын үзбеген. Ал, соры… соры – әдеби ортадан тысқары ғұмыр кешуінде жатыр.
Ал, шындыққа жүгінсек Өмкеңнің әдебиетшілерді дайындауға сіңірген еңбегі ерекше. Алпысыншы жылдардың ортасында Ақтау орта мектебіне ұстаздық қызметке келіп, бойынан ұшқын көрген балаларды іріктеп, оларға тәлім-тәрбие бергеніне куәгерміз. Әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, оқушылар айтысына мұрындық жасап, шалғайдағы ауылға тың леп жеткізген. Соның әсерінен, әрине, кейінде филология ғылымдарының докторлары Балтабай Әбдіғазиев пен Жансая Жарылғапов, айтыс ақыны Қойлыбай Асанов, осы мақала авторы үлкен өмірге жолдама алған еді. Ал, бір ауыл мұғалімі осыншама елге белгілі ұрпақ түлетсе, ол ұстаздық еңбектің шын жанғаны деп бағалаған жөн.
Өмкеңнің және бір қасиеті – ол ешқашан өзін өзгелерден жоғары ұстаған жан емес. Қарапайымдылығынан. Кім не айтса, балаша иланып жүре беретін аңғалдығы да басым. Соған қарап, бір көрген адамның оны жазушы деп тануы мүлдем мүмкін емес. Жаспен де, жасамыспен де мамыражай әңгімеге көше отырып алатынын ала білетіндігі таң қалдырады. Жасынан сіңген құйма құлақтық ғадетінен. Соның салдарынан ел тарихын көп білетіндігі көне көздерді көп тыңдағанының нәтижесі деп қабылдаған дұрыс.
Осы арада менің есіме тағы бір оқиға оралады. Ол ұстаз, біз оқушы кезіміз. Әдебиет үйірмесіне жиналғанымызда Өмкең жымия тұрып:
– Уақыттың өз берері, өз алары болады, балалар! Бәлен жыл өткенде менің баспадан шыққан кітаптарымды қолдарыңа ұстап, ішін ақтарыстырғандарыңда осы бір жаймашуақ күндерді еске алғайсыңдар. Сонда «мына кісі бізге ұстаздық еткен» деп еске алсаңдар, егер сендердің араларыңнан ақын, жазушы шығып, мен сондай күйді бастан кешіп «мынау менің шәкіртім еді» деп отырсам, одан өткен бақыт болмас, сірә да. Соған жазсын деп тілеймін, – дегені бар-ды.
Ол кісінің тілеуі келіп, Аллаға шүкір, шәкірттері арасынан ғалым да, жазушы да шыққанын жоғарыда айттым. Ал, ұстазымыздың өзі, міне, сексен бес деген асудың заңғарына көтеріліпті. Ләйім, заңғар басы аласармасын!
Жазушылық жарқын әлеміңіз өз кеңістігін кеңейте берсін, Өмке!
Төкен ӘЛЖАНТЕГІ,
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері