Руханият

Қаламға қанын құйып, жанын берген…

Азуын айға білеген небір өнер саңлақтары «Телегей теңіз Марал еді…» деп еске алатын Марал Хасен тірі болғанда, кеше 75 жасқа толады екен. Қаламгерлігін былай қойғанда, аудармаларының өзі неге тұрады?! Нобель сыйлығының иегерлерінің туындыларын талмай аударған атамыздың қалам ұшының нұры тамған жастар өсіп келеді бүгінде… Онысы өлшеусіз еңбек болғанда, өзінің де әдебиет айдынында қалам тартпаған жанры жоқ десе болады. Қазақ зиялылары көбейген сайын ол кісінің есімін төбесіне көтереді әлі.

Белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутайдың тілімен айтқанда, «Жүрек қанын сия қылған» қабырғалы қаламгердің туғанына 75 жыл толуына байланысты еске алу кеші Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдердің кітапханасында өтті. Қаламгердің әдебиетте атқарған еңбектері, аудармалары, публицистикасы хақында аз айтылмады. Заманында, 22-ақ жасында Жаңаарқа аудандық газетінде жүргенінде «Ара» журналы сатира жанрында жариялаған республикалық бәйгеде Оспанхан Әубәкіровпен бірге бірінші орынды бөлісіп, жұртты жалт қаратқан талант қой бұл кісі. Содан өле-өлгенше қазақ руханиятының туын көтеріп өтті. Сөз өнерінің байрағын биік ұстады. Аудандық газетте редактор, «Орталық Қазақстанда» бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарғанда, мақаланың майын тамызып қана қоймай, көркем дүниелер жазуды да ұмытпаған бірегей қаламгер. Шағын әңгімелері мен сатиралары, пайымды публицистикалары жырдың күйі, жүректің нұры емей не?! Сексенінші жылдардан бері жазған саяси шолуларындағы өткір сөз, өзекті проблемалар, очерктеріндегі өнегелі тіркестер мен көркем суреттеулерді бүгінде бірбір сілкіп, ұрпақ жадында жаңғыртып қойған абзал, әрине.

«Әр елден шыққан 14 нобелианттың әңгімелерін аударып, тыныстап отырған жайым бар. Міне, олар: Бунин, Хемингуэй, Хименес, Камю, Кавабата, Солженицын, Белль Юнсон, Канетти, Г.Маркес, Махфуз, Оэ, Найпол, Памук (мен бұларды сыйлық алған жылдарына сай тізбелеп отырмын). Қайсы керек, мархабат! Ал Мо Яньнің еш кітабы жоқ, егер жіберсеңдер, оны да көрейін. Әрі П.Коэльо (Алхимик) бастаған нобелиант болмаса да, өз алдарына ерен мықтыларды аудардым. Олардың ішінде Паустовский, Зощенко, Битов тәрізді әлді орыстар бар. Бірақ «осы дүниелерімнің (аудармаларымның) бағын жандыршы» деп ешбір баспаның есігін қаққан емеспін» депті өзі бір жазбасында. Бұған кеш барысында Марал Хасен шығармашылығы хақында татымды сөз сөйлеген әдебиетші ғалым Жансая Жарылғаптың мына сөзін қосып қойыңыз. «Орыстың протестік әдебиетінің басында тұрған, Ресейде жазған шығармаларынан саналы түрде бас тартып, Парижге барып жаңа шығармалар жазған Бунинді аударуы – қаламгер талғамы мен өресінің биіктігін білдіреді. Аудармаға да талғам керек. Қадыр Мырзалиев «Мен көрдім дүние деген иттің көтін» (Абай) дегенді қалай аударуға болады?» дейді. Яғни, аударма – шартты нәрсе. Түптеп келгенде, үлкен шығармашылық қуатты талап ететін сала. Талантты аудармашылар – бір мәдениет пен екінші мәдениет арасындағы алтын көпір, әдеби тасымалдаушылар.

Әдебиеттегі абсурдизм деген үлкен бір бағыттың, ағымның негізін қалаған Камюді аударды бұл кісі. Камюға кімнің тісі батады? Латын американдық, сюреалистік әдебиетті, неомифологизмді әкелген Пауло Коэльоны аударды. Бұл дегеніңіз – екінің бірінің тісі бата бермейтін жаңа дүниелер. Мәселен, Асқар Алтайдың «Киллер сауысқанын» орысшаға аударғанына, тіптен, қатты таң қалдым. Модерндік әдебиет өкілі санала тын Асқар Алтайларға баруы, Орхон Памуктың постмодернистік шығармаларын аударуы – телегей теңіз білімді қажет етеді. Яғни, бұл кісі өз талғамымен қатар, қоғамның талғамын ойлағаны байқалады. Ал, мына Нұржановтан «Модерн мен Постмодернді» аударуы – өлшеусіз еңбек. Терминдерден аяқ алып жүргісіз ғылыми дүние бұл».

Кешке Марал атамыздың жары Рымбала Смайылова, жазушы Сүйіндік Жанысбай, бірге өскен досы Әліп Жайлыбай, журналист шәкірті Нәзипа Асқар, заңгер Болат Сыздық, тағы басқа көзкөргендер ол кісі жайлы естеліктерімен бөлісті.

Қазақ классикалық ән өнерінің бағына біткен Ерлан Төлеутай мен Ержан Базарбеков Марал аға сүйіп салатын әндерді шырқады. Жаңаарқа, Шет, Осакаров аудандарынан келген қонақтар да сөйледі.

«Зергер шеберлік, телегей- -теңіз тереңдік Марал Хасен атамыздай үлкен дарынға тән қасиет. Құдай берген алапат қуат пен кітап оқудың арқасында, өлмес мұралар қалдырды.

Бұл – дарындар ғана жететін даңқ! Аударма саласында өнімді еңбек еткен атамыздың артында қалған әдеби мұра уақыт сынына төтеп берер өміршеңдігімен ерекшеленеді. Құрметпен еске алатын халқы бар. Көз майын тауысып, ағамыздың қазынасын әйгілеуден жалықпайтын Рымбала тәтеміздің ерен ісіне басымды иемін!» дейді жаңаарқалық руханият жанашыры Нұргүл Шамаева.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button