АймақҚарқаралы

Қала мерейтойына ән шашу

Арқаның абат мекені Қарқаралы тарихының тамыры тереңде. Қыдыр дарып, құт қонған өлкенің қадыр-қасиетін жырға қоспаған ақын, қалам тербемеген жазушы кемде-кем шығар. Келер жылы Қарқаралы қаласының әскери бекініс ретінде іргетасының қаланғанына 200 жыл толады. Ауданда айтулы мерейтойға арналған жоспар жасалып, іс-шаралар басталып кетті. Соның алғашқысы Қарқаралыға арналған әндер фестивалі.

Туған жердің тұмса табиғатын, сан ғасырлық шежірелі тарихынан сыр шертетін әуезді әндер шеруіне елді мекендердегі мектеп ұжымдары қатысты. Шараны құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев:

– Сайдың тасындай сайыпқырандар мен сөз сүлейлерінің, бекзада бектердің ыстық қаны тамған, Алаш жұртына ең аяулы перзенттерін сыйлаған ырысты мекен. Орталықтағы саяси оқиғалардың ордасы, арқадағы тарихи-мәдени, шежірелердің қоймасы саналған Қарқаралы талай таланттардың жүрегін тербеді. Сол бір тебіреніс жыр болып төгілді. Білім саласы қызметкерлерінің атсалысуымен ұйымдастырылып отырған сазды шарада туған өлке мерейтойына әннен шашу шашылмақ, – дей келе, Қарқаралыға арналған әндерді жаңғырту, насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын айтып өтті.

Жергілікті ақын-сазгерлер Қасым Аманжолов, Мақсым Омарбеков, Сапарғали Ләмбеков, Лензехан Досмақов, Серік Ақсұңқарұлы,Талап Шаеке, Ғосман, Қанат Мерсалимовтер, Сәбит Тоғамбеков, Мұрат Әлкешов, Әлімжан Макеновтердің әндерін орындады.

Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып отырған сегіз қырлы ұстаздар қауымы шырқаған «Қарқаралым», «Туған жер», «Қарқаралы кештері», «Қарқаралы – Арқадағы гүлстан», «Қарқаралы вальсі», «Көз тоймас Қарқаралым» әндері көрермендер жүрегіне жол тапты.

– Қала мерейтойы аясында жүзеге асатын шаралар легі көп. Атап айтқанда, республикалық сазгерлер және «Қарқаралы дауысы» байқауын өткізу, Қарқаралыға арнап шығарылған әндер жинағын шығару, қыз балалар арасында «Қарқара», сонымен бірге «Суретші жанарындағы – Қарқаралы» атты суретшілер байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Шолпан Жандарбекова атындағы Қарқаралы мәдени-сауық орталығы директорының орынбасары Дана Алиева.

Сағыныш ӘБІЛ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button