Шет

Айтары мол ақпараттық кешен

    Жуырда мәдени үгіт пойызы Шет ауданындағы тұрғындары аз қоныстанған, шағын елді мекендерде болып, мәдени қызмет көрсетумен қатар, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттады.

Тағылы ауылдық округіне қарасты Қызылту ауылындағы мектеп үйінде өткен шараға жиналған көпшілікке аудандық орталық аурухана дәрігері Нұркен Тукеев медициналық сақтандыру жайында кеңінен түсініктеме беріп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарға қанағаттанарлық жауаптар алды. Аудандық археологиялық-этнографиялық мұражай экспонаттарынан көрме ұйымдастырып, әр жәдігердің ерекшеліктеріне тоқталған мұражай директорының міндетін атқарушы С.Қамытбаеваның әңгімесін мектеп оқушылары ынта қоя тыңдады.

Музейді патриоттық тәрбие бесігі деп бекерге атамаса керек. Тамырында Алаш қаны ойнап, жүрегі ұлтым деп соққан ауылдағы қазақты бір серпілтіп тастады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние екенін айта келіп,  елдігіміздің рухани дамуына серпін беретін негіздерді – ұлттық сананы ұштауға бағыттайтынын атап өтті. Жылжымалы ақпараттық кешен құрамындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері А.Бәкірова Елбасы Жолдаулары, аудан көлеміндегі ақын-жазушылар шығармалары, кейінгі шыққан әдебиеттер жайында ақпараттық мағлұматтар берді.

Мәдени шараны «Ақсу-Аюлы» фольклорлық ансамблі «Қымыз құйған» әнімен ашып, округтің «Ақ әжелер» ансамблі мүшелері шашу шашып, халқымыздың аңсар асы – қымызды көпшілікке ұсынды. Ұлы Даланы ән мен күйге бөлеген, рухын ән мен күймен көтерген елдің ұрпағы емеспіз бе?!

Көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатқан осынау әсерлі кеш әуезді ән мен көңілді тербер күймен өріліп отырды. Ауданның мәдениет үйінің әншілері Г.Жұмабекова, Д.Исабаев, Ж.Тайжанов, Е.Тілеуберлин, Г.Мұқашев әсем әннен шашу шашты.

Ал, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Махмұтова ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақ тілі әліпбиін латын графикасын көшіру туралы Жарлыққа қол қойып, халқымыздың рухани кеңістігіне тарихи жол ашып бергендігін, Мемлекет басшысынның шешімі болашақ үшін стратегиялық маңызы зор таңдау болғанын атап өтті. Сол күні осындай әсерлі кездесу Қарасаз ауылында жалғасты.

«Туған жерім – тұғырым» атты жылжымалы ақпараттық кешені Нұраталды ауылдық округінің Ақсу, Қызылқой, Шопа ауылдары мен Шет ауылдық округінің Тұмсық, Қармыс бөлімшелерінде болып, ауыл тұрғындарына өз өнерлерімен қоса, ақпараттық қызмет көрсетті.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button