Бас тақырып

Қайтқан активте қайыр бар

Заңсыз иемденілген активтерді елімізге қайтару – Үкіметтің әлеуметтік нысандарға инвестиция салудың экономикалық тәсілі ғана емес, бұл, сонымен бірге, әділдікті қалпына келтірудің бір жолы деуге болады. Қайтарылған активтер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әлеуметтік сала әлеуетін арттыру үшін қосымша қаражат көзі ретінде қолданылуда. Бір кездері мемлекеттің бақылауынан шығарылған осы қаражат арқылы бүгінде мектептер мен ауруханалар салынып, су жүйелері тартылып, сондай-ақ, өңірлерге қолдау көрсету сынды қоғам алдындағы міндеттер шешіліп жатыр.

Коллажды жасаған Арайлым КОКТАЕВА

Қазақстаннан заңсыз жолмен шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды. Оның ережелерін іске асыру үшін басқарушы компания – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылып, оған мемлекеттің еншісіндегі активтерді қабылдау, сақтау және сату міндеттері жүктелгенін айта кеткен орынды.

Жалпы сомасы 318,1 млрд теңге болатын Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты ел бойынша 406 әлеуметтік маңыздағы жобаны қаржыландыруға бағытталады. Қаржыландырудың негізгі көлемі – 160,6 млрд теңгесі сумен жабдықтау (бұл бағытта 230 жоба) және денсаулық сақтау саласына жұмсалды. Мұнда 100,4 млрд теңгеге 162 жоба қолға алынған. Сондай-ақ, білім беру саласы бойынша он жобаға 24 млрд теңге, спорт саласындағы төрт жобаға 33,1 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында сумен жабдықтау бағытындағы – 11, денсаулық сақтау саласындағы 51 жоба қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылуда.

Үкімет Қарағанды облысында 51 медициналық мекеменің құрылыс жұмыстарын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 5,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынуда. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Шет, Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынады. Оларды жүзеге асыру шалғайдағы елдімекендердің тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Медициналық қызметке қолжетімділік, профилактикалық жұмыстары, ерте диагностика, сондай-ақ, төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсету мүмкіндігі ұлғаяды.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елде 655 медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар сынды нысандардың құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда 480 нысанның құрылысы аяқталды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салуға және ауруханаларды реконструкциялауға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді, сонымен қатар, Арнаулы мемлекеттік қордан да қаржы қарастырылған.

Сумен жабдықтау жұмыстары Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және Премьер-Министр Олжас Бектеновтің 2024 жылғы 11 маусымда өткен Үкімет отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған. Оған сәйкес барлық деңгейдегі әкімдіктер 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс.

Аталған тапсырмаларды орындау шеңберінде Қарағанды қаласының әкімдігі халықты толықтай ауыз сумен қамту мақсатында жаңа су құбыры желілерін салу жобаларын әзірледі. Атап айтқанда, оның ішінде Старая Тихоновка кентінде ұзындығы 4,3 шақырым болатын су құбыры желілерінің құрылысы қарастырылған. Диаметрі 25 мм-ден 160 мм-ге дейінгі құбырлар қолданыста. Жобаны қаржыландыру облыстық бюджет есебінен және мемлекетке қайтарылған активтер арқылы жүзеге асырылуда.

Атқарылып жатқан жұмыстар үнемі бақылауда. Мониторинг аясында Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасы қызметкерлері тұрақты түрде тексерістер ұйымдастырады. Мәселен, өткен айдың ортасында болған кезекті тексеріс кезінде прокуратура өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысып, нәтижесінде ұсыныстар мен ескертулер берген болатын. Старая Тихоновка кентін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мәселесі Қарағанды қаласы әкімдігі мен Ә.Бөкейхан ауданы прокуратурасының тұрақты бақылауында. Жобалардың барлығы жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Сумен жабдықтау жобалары ел бойынша он облыста қолға алынған. Оның аясында 2,6 шақырым су құбырлары салынып, 468 елдімекен сумен қамтылады. Бұл сол өңірлердің 1,3 миллион тұрғынын ауыз сумен толық көлемде қамтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қаржы министрлігінің дерегінше, 27 маусымдағы мәліметке сәйкес Арнаулы мемлекеттік қорда жинақталған ақша 103,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл ретте жиынтық түсімдердің көлемі 433,3 млрд теңгеге, ал, шығыстардың сомасы 329,9 млрд теңгеге ұлғайды.

Қайтарылған активтер қаражат түрінде ғана емес, жылжымайтын мүлік, бағалы тарихи-мәдени жәдігерлер түрінде де тіркелуде. Мәселен, қазірдің өзінде 34 млрд теңге сомаға 48 актив сатылды. Ал, тарихи-мәдени маңызы бар құнды нысандар атап айтқанда, ерте темір дәуірі мен орта ғасырлардағы жәдігерлер ғылыми зерттеулер үшін Ұлттық музейінің тұрақты коллекциясына берілді.

Қайтарылған активтер арқылы халықтың өмірін жақсартатын жобаларға басымдық беріледі. Мемлекеттің қаражатын нақты пайдалану әлеуметтік жағдайды жақсартумен бірге, елдің ұзақмерзімді дамуына жол ашады.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button