Руханият

Қайрат АСҚАР, ақын: «Қарағанды жастарының имиджі»

«Дауыс» атты жыр кітабының авторы, ақын, Қарағанды облысы Жастар ресурстық орталығының қызметкері, ең бастысы, Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасынан құрылған «БОТА» интеллектуалды орталығының мүшесі Қайрат АСҚАРМЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді…

Қайрат аға, Қарағанды жастарының кезіндегі һәм бүгінгі рухани ордасы «БОТА» интеллектуалды орталығының ертеден бергі мүшесісіз және қазір Қарағанды Жастар ресурстық орталығының қызметкерісіз. Облыс жастарының аяқ алысы егемендік алған жылдар басынан көз алдыңызда деген сөз ғой бұл? Әңгімені осы бағытта өрбітсек?

Аллаға шүкір, еліміз егемендік алғалы Қарағандыда жастардың үлкен өнер ортасы қалыптасты деп айтуға әбден болады. Оған 1996 жылы Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасынан құрылған «БОТА» интеллектуалды клубы да оң ықпалын тигізді. 1990 жылдардың екінші жартысы қазіргідей ғаламтор жоқ, ұялы телефон жоқ, әлеуметтік желісіз заман. Қарағандының іргелі оқу орындарындағы кеудесінде оты бар “мен” деген жастың бәрі осы орталыққа тоқайласты. Білімділері танымдық сайыстар ұйымдастырып, жарқылдап сонда көрінсе, өнерлілері орталықта түрлі мәдени-сауық кештер қойып жүрді. Тіпті, сол кезде осы орталық жастарының шығаруымен аптасына, айына бір рет «Қазақстан-Қарағанды» облыстық арнасынан «Білгенге маржан», «Біз жанбасақ…» ток-шоулары көрерменге жол тартып тұрды. Оқу орындары арасындағы білім сайыстары мен пікірталастар, ұлттық мерекелерге байланысты әдеби-мәдени, рухани кештердің көбі «БОТА» клубының ұйытқы болуымен немесе мүшелерінің қатысуымен өтетін. Ғаламтор мен әлеуметтік желінің иісі шыға қоймаған ол тұста студенттер мейлінше ұйымшыл еді ғой. Алданатын дүние аз, осы клубта бас қосамыз. Қазір қарап отырсақ, сол кездегі Қарағанды жастарының имиджін көтерген – «БОТА» клубы екен. Бүгінгі облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқармасы мен Қарағанды жастар ресурстық орталығы атқарып отырған жұмыстардың бірсыпырасын осы орталықтың атқара алғанына көзіміз енді жетіп жүр.

«БОТА-ның» бүгінгі аяқ алысы қалай? Облыстық жастар басқармасы бар, Қарағанды жастар ресурсы бар, бәсекеге түсе алмай қалған жоқ па?

Жоқ. Керісінше, қазір «БОТА» тамырын тереңге тартып, өз алдына үлкен отау болып шықты. Қарағандыдағы таңдаулы жастардың рухани ордасы. Жоғарыда өзің атап өткен жастардың ресми мекемелерінің қай-қайсымен болсын шығармашылық байланыста. Кітапханаға тегін бала келмейді, оны өзің де білесің. Нұргүл Қасымханқызы басқарып отырған Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына кірген кез келген жас орталықпен танысып, қызығушылығы туып жатса, клубқа мүше ретінде тіркеліп, түрлі шараларға ат салысады. Клубтың қазіргі жетекшілері Надежда Федоровна мен Гүлсім Бектемірқызы. Бұл орталықтағылардың бәрі еріктілер. Яғни, бос уақыттарында қазаққа ақысыз қызмет қылам деушілер қатарынан. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетейін, былтыр Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бұрынғы директоры Гауһар Әбушаһманқызының бастамасымен «БОТА» орталығы 20 жылдығын облыстық деңгейде Кеншілер мәдениет сарайында, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында атап өтті. Онда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, аймақтағы ірі кітапханалардың өкілдері қатысып, боталықтарды Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапаттады. Бұрын «БОТА-дан» қанат қаққан Сейіл Аяған, Ерлан Құжиман сияқты әншілер арнайы келіп қатысып, бүгінгі боталықтарға ақ жол тілеп, тілектестіктерін білдіріп кетті.

«БОТА-ны» ең алғаш құрушылардан кімдерді атауға болады?

Мәселен, осы орталықты алғаш құрып, негізін қалаушылардың бірі – белгілі әнші, өнертанушы, бірнеше қазақ фильмдерінің сценариін жазушы Ерлан Төлеутайды, тіршілігінде облыстық арнада түрлі ток-шоулар ұйымдастырған белгілі журналист, сатирик Мартбек Тоқмырзаны, бүгінгінің Мәшһүрі аталып, ойшылдығымен танылып жүрген «Қарекет» кітабының авторы Омар Жәлелді кім білмейді қазір?! Ж.Бектұров кітапханасының сол кездегі қызметкері Жадыра Сембекқызы оларға қолдау көрсетіп, кеңес беріп отырды. «БОТА» клубының бел ортасында жүрген бұлардан басқа да көптеген азаматтар болды. Мысалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай, республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының редакторы, ақын, жазушы Серік Сағынтай, республикамызға танылып қалған ақындар – Бағдат Мүбәрак, Рахат Әбдірахмановтардың бәрі кезінде осы клуб жұмысының бел ортасында жүргендер. Бұл азаматтардан кейін ағаларының өкшесін басып орталыққа қазір Қазақстанға танылып қалған қарағандылық жас ақын Мирас Асан, Қуаныш Медеубаев, жастар арасында жақсы танымал жазушы Алмаз Мырзахметов келді. Тіпті, бертінде бүгінгі таңда Қарағанды облысы әкімінің көмекшісі болып жүрген Дулат Аманжол осы орталықтан түлеп шықты. Елге әнші аты енді танылып жүрген қазақ эстрадасының жаңа жұлдызы Қуандық Рахым да алғашында «БОТА» мүшесі ретінде өнер көрсетіп жүрді.

Аға, бағанадан бері «БОТА» клубының негізін салып, имиджін көтерген тұлғаларға тоқталдық. Жастардың рухани ордасы дедік. Бірақ, осы уақытқа дейін орталықтың қалыптастырған қолтаңбасы бар ма?

Әрине, болғанда қандай! Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ жастарының көбі, білесіздер, «әулие Валентин» күнін тойлап кетті. Біздің ұлттық болмысымызға мүлде жат мерекені тойлайтынымызға намыстанған «БОТА-ны» құрушылардың бірі, журналист, сатирик Мартбек Тоқмырзаның идеясымен дүниеге 15 сәуір – «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» ғашықтар күні келді. Ең әуелі боталықтар бастап тойлаған бұл мереке қазір Қазақстан бойынша жалпы сипат алып келе жатқаны қуантады. Бұдан бөлек, заманында облыстық арнада түрлі ток-шоу, бағдарламалар болғанын жоғарыда айттым. Сондай-ақ, «БОТА-керуен» акциясы. Аудан, қалалардағы шығармашыл жастармен кездесіп, рухани орталықтар құру. Ондағы шығармашыл жастардың таңдаулы туындыларын насихаттау да кейінгі екі-үш жылда қолға алынып келеді. Мәселен, 2015 жылы «Өр үмітті жастар» атты, 2016 жылы «Өр рухты жастар» атты облыс көлеміндегі жас ақын-жазушылар шығармаларының жинақтары жарық көрді. Ал, қарағандылық танымал тұлғалар өз алдына, осында келген Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі ақын-жазушылар, қайраткер тұлғалармен кездесулерді, түрлі мерекелік шара, ойын-сауық кештері мен танымдық сайыс, әдеби талқылауларды айта берсек, жетіп артылады. Мұндай шаралар «БОТА-ға» тән, ағымдық дүниелер болып қала береді.

Уақыт қиып, сөз шығындағаныңызға рахмет!

Әңгімелескен

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button