Қайнады қаның, ашыды жаның
Жылаған жұрт ұлы ақынның ақ тәнін арулап жерлеп, қол жайып Құранын бағыштап, қабір басынан тарқасқанына ғасырдан асып кетті. Кім біледі, қабір басынан қырық қадам ұзағанға шейін қаралы топ бірбіріне жақ ашып, тілдеспеген де шығар. Содан кейін… Содан кейін Абай өлгенге дейінгі тірлігін жалғап кете барды олар. Тіл қатпағандары түсінікті: Абай өлді, ақылдың дариясы ортайып, даналықтың тауы шөгіп, тасы уатылғандай болды. Үйреншікті тірлігін жалғастыра бергені де түсінікті: «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды».
Абай өлімі, сөз жоқ, досын да, дұшпанын да, байын да, бейшарасын да алапат ауыр салмағы бар сауалымен жаншып өтті. Сәулелі көкірегі бар жандардың қасіретін бағамдау, тіпті, мүмкін де емес. Алысып жүрсе де, шабысып жүрсе де, қырық пышақ болып қырқысып өтсе де бұ қазақтың арқасүйер Абайы бар еді. Енді кімің бар? «Енді сенің жаман қылығыңның бітеу жарасын тіліп, қанды іріңін ағызып тұрып айтар «шынның жүзіндей» шын жанашырың бар ма? «Ақырын жүріп, анық бас» деп сені сүйген соң айтты ғой, енді қайсың бар соны айтар?
Жидебай жұртының көкейін сыздатқан сауал осы болған шығар. Осы сауал айдалада жалғыз жарым келе жатқан қанша қазаққа ат тізгінін тартқызды екен? Қалың ойға шомған қанша қазақтың алдындағы асы суып қалды екен? Әлде…
Қалай жорысаңыз да ақиқат біреу. Абай өлген соң, Абай жерленген соң қазақ даласын бір үнсіздік басты. Ол ұлы ақынды жоқтаған уақыттың үнсіз үні еді.
* * *
Абайды әуелі Уақыт жоқтады. Үнсіз жоқтады. Пушкин қаза болғанда (1837) Лермонтовтың әйгілі («Смерть поэта», 1837) жыры дүниеге келді. Иә, сол жылы.
«Погиб Поэт! – невольник чести
– Пал, оклеватанный молвой,
С свинцом в груди и жаждой мести
Поникнув гордой головой».
Қазақ олай еткен жоқ. Мұнысы Құдай ісіне қарсылық көрсетпейтін қазақтың қанға бітті сабырлығы ғой дейтін шығарсыз. Жалған. Жаба сіргелеу.
Несін жасырамыз, Абайды тірісінде бар қазақ білген жоқ. Жидебайда туған жырлар бар қазаққа жеткен жоқ. Жетсе, басқаша болар ма еді?
Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) сөзіне жүгінейік: «Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім» («Ақ жол», 1991, 216-217 беттер).
Ақаң ақиқатын айтып отыр. Абайдың есімі Ақмола, Семей облысындағы қалың жұртқа ғана таныс еді. Іргелес Торғай жеріне ақын есімі Ақаң арқылы кейінірек жеткен сыңайлы.
«1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес» – дейді Ақаң ұлы ақын жайлы жазылған «Қазақтың бас ақыны» деп аталған мақаласында.
Ал, жетті дейік. Қазақ даласының төрт тарабына Абай өлеңі тарады дейік. Ұлы ойшылдың айтқанын тап басып танып, түсініп, тұла бойынан өткізіп, алпыс екі тамырына тарата алар білім қауқары бар ма еді жұрттың? Тағы Ахаң айтқан сөзді алға тартамыз: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Сондықтан, Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ, бұл ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болған кемшілік».
Ақиқаты осы еді. Қазақтың ілкідегі рухани игілігінен нәр алып, шығыс шайырлары мен ойшылдарының маржан сөздерін зерделеп, батыс пен орыстың жаңашылдыққа ұмтылған озық ойларын сіңіріп, көркемдік-эстетикалық таным көкжиегіне көз жүгірте алған Абайдың жиған-тергенін көтеріп әкете беретіндей күш-қайран былайғы жұртта жоқ еді, әлсіз еді. Абайдың жалғыздығы осы тұста байқалады. Ақыл-ой, білім мен ғылымның биігіне шығып алған Абайдың айтқанын жұрт түсінбеді, ұғынайын деп ұмтылғандары шамалы болды, ал «ұстарасыз аузына түскен мұртын»
бастыруға пейілі жоқ «қалың қазаққа» қайтып оралуды Абай да мақсұт етпеді. Сол оқшау, оңаша қалған қалпында «не ол емес, бұл еместің» күйін кешіп өтті. Сыралғы жұртынан сырлас дос таба алмай жалғыз өтті. Қалың орыстың ішінде Лермонтов қалай жалғыз болса, қалың қазақ Абайдың да соқа басын қалдырды.
ХІХ ғасырдың даңқты сыншысы В.Белинский: «Наш век есть век размышления» – деп сипаттаған екен. Сәл тереңірек түсініп, сәл тарқата талдасаңыз, ХІХ ғасыр – жаны жаралы, санасын сансыз сұрақ шимайлап, соған жауап іздеп шарқ ұрған, сөйтіп, артқы топтан оқшауланып қалған жалғыз-жарымдардың ғасыры.
* * *
Абай дүниеден өткен соң бес жылдан кейін ғана (1909 жылы) кітабы жарық көрді. Кәкітай Ысқақов ақын өлеңдерінің басын құрап, өмірбаянын жазып, кітап етіп құрастырып баспаға ұсынды. Петербордан шыққан алғашқы жинақ оқырманына жол тартты. Қазақ сол кітапты пышақ үстінде талап алып кеткен шығар дейсіз-ау. Тағы да Ахмет Байтұрсынов сөзін көлденең тартамыз: «Абайдың сөздері 1909-шы жылы кітап болып басылып шықты. Бірақ, жұртқа тарамай жатыр.
…Кісі таң қаларлық іс. Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, кіли қазақ баласы бар уәлаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді».
Марғау, керенау, кертабандау орта ұлы ойшылды тірісінде өзін, өлген соң өлеңін осылай қабылдады.
Абайды Уақыт туды, өлген соң Уақыт жоқтады. Үнсіз жоқтады. Ал, қара жерді қайыстырған қазақ ше?
* * *
Жасын шығармай жылап, үнін шығармай жоқтаған Уақыттың тылсым үніне кей-і-і-ін ғана ақындардың дауысы қосылды. Сонан соң бар қазақ жоқтап кетті. Шәкәрім:
«Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше
Арсылдап иттей қалмадың».
Міржақып:
«Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев,
Сөзінде қате бар ма сынап көрсең».
Мағжан:
«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» – деді.
Қалам-қағазды серік етіп, қасиетті өлеңнің қара шаңырағын кие тұтқан қаламгерлердің Абай рухымен сырласпағаны жоқ. ХІХ ғасыр жоғалтып ала жаздаған Абайды ХХ ғасыр тұрғындары бар-жоғын түгендеп, «қайта тірілтіп» алды. Ескерткішін тұрғызды, тойын өткізді, бірнеше мәрте кітабын бастырып шығарды. Әр қазақтың үйінде Абайдың сөзі тұр. Енді, бір-ақ мәселе көңілді күпті етеді: Абайды оқып жүрміз бе? Абайдың ең болмаса бір өлеңін ұғынып, жаттап алғанымыз бар ма? Абай мұрасын өлшеулі ғұмырымыздың оқулығы ете алдық па?
Әр қазақ өзіне-өзі осы сауалды қойып, өзі жауап берсе керек.
* * *
Әр қазақ білуге тиісті бір өлең бар. Ол – «Сегіз аяқ». М.Әуезов осы өлең жайлы: «Сегіз аяқ» – ұлы ақынның шығармашылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі» – деп жоғары баға берген. Шындығында, Абай ақындығының, Абай шығармашылығының шырқау шыңы – осы өлең.
Өлеңде Абай өмір сүрген қоғамдық ортаның ащы шындығы тұр, қазақтың шын мінезі тұр. Айтайын деп айтпады. Асқынып бара жатқан «қанды жараны» (Белинский) көрді. «Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл, кердең» қазақтың өзі көріп тұрған қылығын қайтіп жасыра алсын?! Мал біткен қазақтың бір ғана «қайғысы» бар: ол – «үкімет, зорлық», қалың нөпірдің қаракет түрі – «өтірік, ұрлық» «Таласып босқа, жау болып досқа, қор болып, құрып» бара жатқан жұрттың тірлігі – тікен боп қадалып тұрғаны мынау. «Бір кісі мыңға, жөн кісі сұмға әлі жетер» заман белгісі байқалмайды. «Басы-көзі қан боп, арқабасы шаң боп» жығылып-тұрып жалпылдаған жұрттың әзірге алды-артын бағамдар түрі жоқ. «Болмасын кекшіл, болсайшы көпшіл» деп көріп еді, «жаяуы қапты, аттысы шапты». Мүмкін, мына айтқаныма тоқтар деп: «малыңды жауға, басыңды дауға, қор қылма, қорға, татулас» деген ақылын да ұсынып көрді. «Өтірік шағым толды ғой, өкінер уақытың болды ғой» деп жанына жақынырақ тартып, жанашыр сөзін де ақтарып айтты. Жоқ, ұғынар емес, ұғынсам деген пейіл де жоқ. «Ұятсыз арсыз салтынан, қалғып кетер артынан». «Сыбыр боп сөзі, мәз болып өзі, ойланар елдің сиқы жоқ».
Абай үшін қазақ кім (өз заманындағы), қалқиған жартас не, бәрі бірдей көрінді. Қайта, жартастан жаңғырық шығады. «Санасыз, ойсыз, жарым ес, өз ойында ар емес» ана қазақта ол да жоқ. «Қайнайды қаның, ашиды жаның».
Абай бір нәрсеге анық көзі жетті, онысын мойындады:
«Қайратым мәлім, Келмейді әлім,
Мақсұт – алыс, өмір – шақ».
Өзі жалғыз, сөзін ұғар елі жоғына әбден көзі жеткен соң ғана: «Болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір» деп барып атының тізгінін тартады.
Абай – «қулықты көргіш, сұмдықты білгіш» қазақтың қамы үшін қайғы жеп кеткен ақын. Әйтпесе, аға сұлтан баласының кием дегені үстінде, ішем дегені алдында болды ғой.
Абай – сол кезеңде иісі қазақ ішінен зор білімге ие болған дара тұлға. Осы өзіне пәле болды-ау. («Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда»). Жалғыз қалды.
Абайдың «Сегіз аяғы» – оның бүкіл шығармасының түйіні, жанын дендеп кеткен дертінің диагнозы, Абайдың «соқтықпалы, соқпақты» тағдырының картинасы, Абай ішкен зәһар удың дәл анықталған құрамы, тағы да сол сияқтылар.
Егер «өмірде болған Абайды бір көріп, тілдессем-ау» деп қиялдаған қазақ болса, «Сегіз аяқты» оқыса да болар еді. Ал, оқып, жаттап алса, ұлы ақынның өзімен сәт сайын сырласқандай күй кешер еді. Абайдың айтқаны адастырмайтын қағида ғой. Қазақтың кейбір халықтан бір артықшылығы да Абайының болғандығы.
P.S. «Қолымда закон қуаты бар адам болсам», Абайдың сөздерін оқымаған қазақты қазақ есебінен шығарып тастап, ел билеу ісіне ұмтылған қазақтан «Сегіз аяқты» жатқа айтуын талап етер едім.
Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.