Біздің сұхбат

Айнұр КӘРІБОЗОВА: «Болашақтың» ауыл жастарына жеңілдігі көп

«Болашақ» бағдарламасымен көптеген талапты жас шет елдің үздік оқу орындарында білім алып келіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатыр. Бұл бағдарлама балағында биті бар, көкірегі ояу, көзі ашық жас өрендердің өз қарым-қабілетін, білімбілігін көрсетуге үлкен мүмкіндік болды. «Көре-көре көсем боларсың» демекші, дамыған елдердің жетекші профессорларынан алған тәлім-тәжірибесі қазақ танымында ұлттық қалыпта көрініс беруде. Жуырда «Болашақ» бағдарламасының талаптары мен белгілі сала өкілдеріне берілетін жеңілдіктеріне өзгеріс енгізілгенін байқап қалдық. Осы мәселе жөнінде толығырақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр КӘРІБОЗОВАДАН сұрап білдік.

Айнұр Бағдатқызы, білуімізше «Болашақ» бағдарламасында көп жаңалық болып жатқан секілді. Негізгілеріне тоқталып өтсеңіз…

– Иә, «Болашақ» бағдарламасында біраз жаңалық болып жатыр. Соның бірнешеуіне тоқталып өтсем деймін. Бірінші жаңалық конкурстық іріктеу кезеңіне қатысты. Биылғы 4 мамырда үміткерлерден құжат қабылдау процесі басталды және бұл жұмыс 28 қазанға дейін жалғасады. 2021 жылы стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеу маусым, тамыз, қараша айларында, үш кезеңде өтеді.

Бұған дейін белгілі бір салаларға қатысты берілетін жеңілдіктер бар еді. Олардың алынып тасталғанын «Болашақтың» сайтынан байқадық. Тек ауыл тұрғындарына арналғаны ғана қалыпты…

– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Үкіметтің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 қаулысы бар. Яғни, «Болашақ стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа ережеге сай, енді барлығына тең мүмкіндіктер беру қарастырылған. Өзіңіз айтып өткендей, барлық квота санаттары жойылды. 2020 жылдан бастап, стипендия тағайындау конкурсына шетелдік жетекші жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Жеңілдік тек ауылдан қатысқан жандарға ғана көрсетіледі.

Онда аудан, ауылдарда еңбек ететін мамандар үшін іріктеу кезеңінен өтуде қарастырылған жеңілдіктерге тоқталсаңыз.

– Жақсы. Ауылдық елдімекендердің үміткерлері конкурсқа ауылдық елдімекендерде соңғы 3 жыл ішінде тұрған және соңғы 2 жыл ішінде еңбек қызметін жүзеге асырған жағдайда қатыса алады. Осыны ескеру керек. Сондайақ, ауылдық елдімекендерден үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 2.67 (4.0/4.33- тен) GPA балына сәйкестігі талап етіледі. Алайда, «ауыл» санатына жататын үміткерлерге шетелдік ЖОО-дан конкурсқа шартсыз шақыруды ұсыну талап етілмейтінін атап өткен жөн. Оларды орналастырумен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ айналысады.

Сонымен қатар, олар стипендияға ие болғаннан кейін ағылшын тілінен тілдік дайындық курстарынан өтеді. Тілдік дайындық мерзімі Қазақстан Республикасының аумағында 6 айға дейін, «British Council» секілді беделді ұйымда өткізіледі.

Мұнда айта кететін басты мәселе, конкурстан сәтті өтіп, стипендия иегері атанған «ауылдық» санат өкілдері жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ұсыну талабынан босатылған. Яғни, стипендиат екі кепілгерді ұсынса жеткілікті. Бұл мемлекеттің ауыл тұрғындарына «Болашақ» аясында көрсетіп отырған маңызды қолдауы деп білемін.

«500 ғалым» бағдарламасы жайлы айтып өтсеңіз. Қандай саланың ғалымдары қатыса алады?

– Үміткерлерге түсінікті болу үшін құжат тапсыру қадамын нақтылай кетейін.

Біріншіден, осы санат бойынша кез келген білім саласының ғалымдарынан тағылымдамадан өте алады. Екіншіден, «Ғалымдар» санаты бойынша үміткер шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындары; әлемдік ғылыми-зерттеу орталықтары; зерттеу компаниялары шеңберіндегі ғылыми ұйымдар, салалық және өндірістік, технологиялық ұйымдарда тағылымдамадан өтуге мүмкіндігі бар.

Үміткер тағылымдамадан өту үшін ұйымды таңдау кезінде өзінің ғылыми мүдделерінің бағытын, оны ұйымдастырудың ғылыми байланыстарын және таңдаған мамандығын басшылыққа алуы қажет.

Тағы айта кететін жайт, «ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өтуге үміткерлер мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс: жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл, оның ішінде соңғы 12 ай таңдаған мамандану саласында болуы керек. Ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру және ғылыми (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу; тағылымдаманың және одан кейінгі жұмыспен өтеудің жиынтық мерзімі құжаттарды тапсыру сәтінде заңнамамен белгіленген зейнетақы жасынан тыс шықпауы тиіс. Тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыруының (қаржы шарттарын қоспағанда) болуы; В1 (KazTest) деңгейінен кем емес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы. Ал, бакалавр немесе маман дипломының орташа балы есепке алынбайды.

Қарағанды облысы бойынша қанша түлек өңірге келіп жұмыс істеп жатыр?

– Әңгімемді жалпыдан жалқыға қарай өрейін. Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы 28 жылдық тарихында 11 мыңға жуық маманды даярлады. Олар әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, еліміздің әр саласында қызмет етуде. «Bolashaq Impact Report-1» зерттеу нәтижелері бойынша, жұмыс берушілердің 90%-ы бағдарлама «Болашақ» түлектерінің көшбасшылық, моральдық-коммуникативті, кәсіби қасиеттерін де жоғары бағалап отыр.

Мәліметке қарасақ, 11 мыңнан аса түлектің 52%-ы орта және топменеджерлерге дейін өсті, оның ішінде 10%-ы өз кәсіпорындарының негізін қалаушылар немесе басқарушылар. Бағдарлама стипендиаттары экономикадағы сапалы өзгерістер саласындағы: денсаулық сақтау, адам капиталын дамыту, мемлекеттік басқару, инновацияларды енгізу және бизнес-процестерді оңтайландыру, мәдениет пен өнерді насихаттау саласындағы көшбасшыларға айналды. Қоғамдық бастамаларды жүзеге асырып жатыр.

Сіздің сұрағыңыздан шығып отыр, өңірлерде де еңбек етіп жатқан «Болашақ» түлектері аз емес. Дерекке сүйенсек, Қарағанды облысында «Болашақтың» 58 түлегі қазір еңбек өтемін атқаруда. Сала бойынша айтсақ, олардың 25-і мемлекеттік органдар мен оған қарасты мекемелерде, 29-ы жеке компанияларда, 3-еуі шетелдік компанияларда һәм 1-еуі қоғамдық ұйымда қызмет етуде.

Түлектердің аймақтарға тартылуы соңғы кездегі оң өзгеріс екенін де айтқым келеді. Дегенмен «Болашақ» шеңберіндегі ауыл жастарына беріліп отырған мүмкіндіктерді егжейтегжейлі зерттеп, ауыл жастарын шет елде оқу арманын «Болашақ» аясында жүзеге асыруға шақырамын. Бұл – үлкен мүмкіндік. Қандай да бір сауалдар туындаса, Bolashak.gov.kz сайтымыз арқылы мәліметтер алуға болады. Біз осындай мүмкіндіктен ауыл жастары құлағдар болып, оны тиімді пайдаланып, шет елде білім алып, елімізге аянбай қызмет ететін, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуын қалаймыз.

Уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button