Аймақта шахмат спорты дамуда
Қарағандыда облыстық шахмат федерациясы және қала әкімдігі өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда өңірдегі шахмат спортын дамыту мәселесі талқыланды. Нәтижесінде «Шахмат спортын дамыту» жобасы жүзеге асырылатын болды.
Қарағанды қаласы әкімшілігінің бастамасымен 2015 жылдан бері шахмат спортын дамыту жобасы жүзеге асырылып келеді. Үздік шахматшыларды іріктеу әрі шетелдегі түрлі байқауларда бақ сынау мақсатында осы бастама қолға алынған болатын. Соның бір дәлелі – жерлестердің Италияда өткен турнирден алған алтыны. Жақында Монтесильвано қаласында өткен әлем чемпионатында 18 жасқа дейінгілер арасындағы классикалық шахматтан сынға түскен болатын. Сол турнирден жерлестер үздік шықты. Бұған дейін олар Грузияда жылдам шахмат пен блицтен өткен чемпионаттан, Голландиядағы «Батуми муниципалитетінің Кубогы» фестивалінде өнер көрсеткен болатын.
– Дамудың үшінші бағдарламасы дайындалуда. Біріншісі қандай да бір биіктерге жеткен шахматшыларымызға өз нәтижелерін бекітуге және көрсетуге мүмкіндік беруге бағытталған. 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі Алғашқы бағдарламаның нәтижелері бойынша Игорь Клименко мен Виктор Максименко ФИДЕ шебері атанды. Ал, 2019 жылы Қарағанды құрамасы жасөспірімдер олимпиадасында 26-шы орынға тұрақтады. Біздің команда АҚШ құрамасынан жоғары орынға ие болды. Биыл қарағандылықтар жасөспірімдер олимпиадасына барып, рапид пен блицтен әлем чемпионатына, 14, 16 және 18 жасқа дейінгі шахматтан классикалық жарыстарға қатысты. Даниял Сапенов рапидтен – қола медаль, Мадияр Алтынбекұлы блицтен – VI орынға табан тіреді. Еркеназ Қожиахметова да жақсы ойын көрсетті. Биыл біз Ұлттық жасөспірімдер құрамасына Даниял Сапеновті, Альбина Қайырбекованы ұлттық құраманың резервіне бердік, – дейді Қарағанды облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Олег Ринас.
Жоғарыда айтылған үшінші бағдарлама да дәл алғашқыдай. Яғни, жас таланттарды тауып, шеберлік деңгейін арттыру мақсатында бағытталған. Сондай жас таланттың бірі – Еркеназ Қожиахметова.
– Маған шахматпен айналысуға анам кеңес берді. Мен бес жылдан бері жаттығып келемін. Өзіме ұнайды. Биыл Италияда өткен әлем чемпионатына қатыстым. Үндістан, Франция, Тайвань елдерінен келген қарсыластармен ойнадым. Шахмат ойнағысы келген жан, көп тер төгуге де дайын болу керек. Бұл спортта шыдамдылық қажет. Шахмат ойлауды, логиканы дамытады. Мен күн сайын кәсіби жаттығулар жасаймын, – деді жас шахматшы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz