Медицина

Аймақта репродуктивті денсаулық орталығы ашылды

Облыстық клиникалық ауруханада соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған репродуктивті денсаулық орталығы ашылды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев клиникаға барып, жаңадан ашылған орталықтағы палаталар мен ота жасау бөлмелерін көріп қайтты.

Мұнда жоғары санаттағы генетик, онкомаммолог, уролог және тағы басқа да майталман мамандар қызмет көрсетеді. Пациенттер өзін толғандырған сұрақтары жөнінде тегін кеңес пен ем-дом қабылдай алады. Сонымен қатар, орталықта босануға дайындық мектебі ашылды.

Хирургиялық орталық еуростандарттар бойынша жабдықталған. Палаталар бір және екі орынды, әрі кең, ыңғайлы. Әрқайсысында функционалды кереуеттер қойылып, SOS қоңырау батырмасын орнатқан. Ал, бөлмені желдету және ауаны тазарту жүйесі – орталықтандырылған.

Бекеттегі медбикенің жұмысын жеңілдету үшін барлық бөлмеге бейнебақылау камералары қойылған. Ал, медбике сол камералар арқылы науқасты бақылап, қандай да бір жағдайда жедел әрекет ете алады. Мүгедектігі бар пациенттер үшін жеке VIP-палата қарастырылған.

– Аурухана ғимараты 1960 жылы салынған. Күрделі жөндеу кезінде тарихи келбеті сақталды. Қасбеті бұрынғыдай қалды. Әр бөлімі жаңа буын техникасымен жабдықталған.

Хирургияның жүрегі – операциялық блок. Мұнда бәрі жаңа, еуростандартқа сәйкес. 3D форматындағы заманауи операциялық тірек. Ең ұсақ бөлшектерді басқаратын нанотехнологиясы бар ауаны тазарту жүйесін алғаш рет қолданып отырмыз, – деп атап өтті директордың медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Ринат Гатин.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button