Аймақта 739 заңсыз қоқыс орны бар
Аймақта қоқыс қалдықтарын шығаратын 168 орын бар. Оның 51-і – заңдастырылса, 117-сі заңдастырылмаған әрі рұқсат құжаттары жоқ. Ал, ғарыштық мониторинг қорытындысына сүйенсек, аймақта барлығы 739 заңсыз қоқыс орны анықталған. Бүгінде оның 680-і тазартылды. Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов ӨКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
– Салалық басқарманың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл бағытта Қарқаралы, Балқаш, Абай қалаларында және Ботақара, Нұра, Ақадыр кенттерінде сұрыптау тізбегі қарастырылған полигондар орнату сияқты іс-шаралар көзделгенін атап өту қажет. Сондай-ақ, елдімекендер аумағында жыл сайын рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болу проблемасы бар. Бұл жер ресурстарының сапасына теріс әсер етеді, – деді департамент басшысы.
Департамент мамандары былтыр полиция департаментімен бірлесіп 340 рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде 42 хаттама толтырған. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды заңсыз орналастырудың 11 фактісі тоқтатылып, тәртіп бұзушылар жауапқа тартылды.
– Жыл сайын департамент «World Cleanup day» атты дүниежүзілік экологиялық акциясын өткізеді. Оған облыс бойынша 34 939 адам қатысқан болса, шара қорытындысы бойынша полигонға 2 191 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Биыл да осы дүниежүзілік экологиялық акцияны жалғастыру жоспарланған, – деді спикер.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz