Бас тақырыпОблыс әкімі

Аймақ басшысы – Арыс қаласында

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Түркістан облысының Арыс қаласына арнайы іссапармен барды. Онда қазыналы аймақтың басшысы оқ-дәрілер қоймасындағы жарылыстан кейін бүлінген үйлерді қалпына келтірумен айналысып жат­қан қарағандылықтардың жұмысының өнімділігін бағамдады.

Арыс қаласында қазір Қарағанды аймағынан барған 200-ге жуық жұмысшы мамандар еңбек етуде. Зақым келген үйлерді қалпына келтіру үшін терезелерді, шатырларды, есіктерді ауыстырып, басқа да біршама жұмыстарды атқару қажет.

– Егер сіздерден негізгі белгіленген жұмыс ауқымынан бөлек қосымша бір шаруаларды жасау сұралса, қолұшын созыңыздар! Зардап шеккен адамдар да бүлінген үйлерді қосымша жөндеу қажеттілігі туындаса, жоспар талабына қатаң бағынып, көрініп тұрған істен бас тартудың еш қажеті жоқ, – деді Ерлан Жақанұлы қарағандылық жөндеу-құрылыс мамандарымен жүздесу барысында. Апат аймағында Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары жұмыстың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қадағалауда. Олар сондай-ақ зақымдалған үйлер тұрғындарымен кездесіп, олардың пікірлеріне құлақ түруді айнымас әдетіне айналдырған.

– Біз Шымкенттегі эвакуациялық пункттен Арысқа келгенде пәтерде терезе жоқ екенін көрдік. Сол күні құрылысшылар келіп, тиісті өлшеулер жасады. Терезені ауыстырды. Жұмыс жылдам әрі сапалы атқарылуда. Өздері өте сыпайы. Біз өте ризамыз, – деді аталған қаланың Әл-Фараби көшесіндегі №5 үйдің тұрғыны Күләш Ешназарова.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов снаряд түскен үйге де бас сұқты. Жарылыс шатыр- ды зақымдап, терезелер мен бөлмеаралық есіктердің әйнектерін қиратқан екен.

– Үйімізді тез жөндеуге ықпал еткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Бүлінген дүниелерді қалпына келтіру өзімізге тым қиынға соғар еді, – деді үй иесі Күләйша Еребаева. Қалпына келтіру жұмыстарынан бөлек, Қарағанды облысы демеушілер қаражаты есебінен қаланың бір ауда- нында жаттығу қондырғылары бар спорт алаңын салады. Аула аумағын екі аптаның ішінде абаттандыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Ерлан Қошанов №18 мектеп қызметкерлеріне оқушыларға арналған спорттық құрал-жабдықтар жиынтығын табыс етті.

Қарағандылықтар зардап шеккендерге шығынды бағалау және өтемақы алу үшін қажетті құжаттарды жинауға да көмек қолын созуда. Принтерлер және компьютермен жабдықталған қабылдау пункттері тікелей тұрғын үйлердің аулаларында ашылды. Олар демалыссыз жұмыс істеп тұр. Қарағанды облысының есебінен Арыс қаласында барлығы 591 пәтер мен жеке үйлер қалпына келтіріледі. Жүргізілетін барлық жұмыстар қысқа мерзімде аяқталмақшы.

Қарағандыдан Арыс қаласына гуманитарлық көмек – азық-түлік, дәрі-дәрмек және жеке бас гигиенасы құралдары әлі де жіберілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button