Бас тақырып

Айкүміс Сәрсеннің еміне қажетті қаражат жиналды

Қазақстандықтар Қарағанды қаласында тұратын үш жасар Айкүміс Сәрсеннің еміне бір миллиард теңге жинап берді. Осы қаржыға кішкентай қыз әлемдегі ең қымбат дәріні салдыртады, деп хабарлайды ortalyq.kz e-karaganda.kz порталына сілтеме жасап.

Айкүміс – Қарағанды облысында “жұлын бұлшықетінің семуі” диагнозымен тіркелген жалғыз бала. 2021 жылы 24 мамырда кішкентай қыздың ата-анасы емге ақша жинайтынын жариялаған болатын. Содан бері облыс орталығында сан алуан акциялар, жәрмеңкелер мен қайырымдылық концерттері ұйымдастырылды.

Бизнесмендер де өз көмегін аямады.
17 тамызда қажетті ақша жиналды. Айкүміс ата-анасымен бірге Дубайға аттанды. Сол жерде оған ең қымбат дәрі – Zolgensma-ны егеді. Қыздың ата-анасы барша қазақстандыққа шексіз алғысын білдірді.

Айта кетері, “Zolgensma” препаратын швейцариялық “Novartis” компаниясы шығарады. Бұл дәрі Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең қымбат препарат ретінде енген. Осы дәрінің бір дозасы ауруды тоқтатады. Оның құрамында SMN1 генінің көшірмесі бар. Ол адам ағзасындағы кемістігі бар генді алмастырады. Бір дозаның бағасы бір миллиард теңге тұрады.

Бұған дейін “Қазақстан халқына” қорының есебінен бірнеше балаға Zolgensma сатып алынды.

Фото: @aikumis_sma_krg парақшасынан алынды

Басқа материалдар

Back to top button