Руханият

Ахмет Байтұрсынұлының қолсандығы құнды жәдігерлер қатарында сақтаулы

Қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Былтыр ғана ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының қолынан түспеген қолсандық бүгінде Алматыдағы мұражай-үйінде құнды жәдігерлер қатарында сақтаулы тұр. Мұны Ахаң 1909-1926 жылдары қолданған екен.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы

Тарихтан сыр тартсақ, А.Байтұрсынұлы 1909 жылы Патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 жылы Орынборға жер аударылады. 1926 жылы Ахмет төте жол арқылы пәуескемен туған өлкесі Торғайға барады. Сол кезде елде қалған туған-туыстары қолқалап: «Ақа, сіздің көзіңіздей көріп жүрейік» деп, аттай қалап, осы шабаданды алып қалады екен.

Бұл қолсандық классикалық чемодан үлгісінде ағаштан жасалған. Яғни, қақпағы айқара ашылады, қолға ұстап жүретін бауы бар. Іші гүлді қара матамен астарланған. Топсалары темірден. Өлшем ұзындығы – 74 см, ені – 42 см, биіктігі – 24 см.

«Чемодан» деген сөз парсының «жамадан» сөзінен шыққан деседі. «Жама» – киім болса, «дан» – сақтаушы деген мағынаны береді екен. Зат тасуға арналған түрлі сандық, абажа, кебежелерді бастапқыда көшпенді халықтар ойлап тапқаны, кейіннен олар Еуропа мәдениетіне сіңісті болғаны тарихтан белгілі.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы

Торғайдағы ең көне ғимараттың бірі – А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатовтың әдеби мұражайы орналасқан үй. 1901 жылы салынған үйде ұлт ұстазы аз уақыт тұрған деседі. Музейдің төрінде кезінде өзі пайдаланған жез легені, патифоны, екі кісілік диваны мен шифонері, сағаты тұр. Құнды дүниелердің біразын музейге Шолпан Ахметқызы тапсырса, енді біразы жергілікті жұрт жылдар бойы қастерлеп сырт көзден тасада ұстап, тұмардай сақтап, осы күнге дейін аман-сау жеткізген. Ал, дәл осы чемоданды Ахаңның туыстары музейге өткізбеген екен. Тіпті, музей тұрмақ, Мәдениет министрлігі арнайы сұрағанда да бермеген көрінеді. Оның себебі – Ахмет Байтұрсынұлы халық жауы болып атылып кеткеннен кейін, туыстарында әлі күнге дейін үрей қалған болуы мүмкін. Екінші себебі – ұлыдан қалған ескерткішті қимаған болуы ықтимал.

2005 жылы Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі қайта жөндеуден өтеді де, өзі тұтынған заттары іздестіріле бастайды. Мұны естіген ақын әрі ғалым Серікбай Оспанов Ахаңның туыстарымен сөйлесіп, чемоданды музейге өткізеді.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы

Мұражайда бұл чемодан сандықтың үстінде тұр. Көз көргендер естелігі бойынша, Ахмет Байтұрсынұлы бір қаладан екінші қалаға пәуескемен көшкен кезде өзімен бірге алып жүрген. Бұл шабадан сонау Орынбордан бастап, Қызылорда мен Торғайға барғанда да ұлт ұстазының қолынан түспеген. Алматыдағы А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Р.Имаханбеттің айтуынша, ұлт ұстазы мен оның жары Бадрисафаның тұтынған дүниесінен қалғаны осы чемодан мен қара сандығы және Сталинге хат жазған мәшіңкесі.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button