Агроколледж – сапалы маман үшін
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылық саласы қарқынды дамуда. Сонымен қоса, білікті мамандарды да даярлау – үлкен мәселе. Міне, осы бағытта 90 жылға таяу уақыт маман түлетіп келе жатқан Қарағанды агротехникалық колледжін атап өтуге тиіспіз.
Колледж басшылығы жақында «Жас маман» жобасы бойынша 187 миллион теңгеге технологиялық құрал-жабдықтар алыпты. Жаңа жабдықтар арқылы көлік, жүк көлік және арнайы көліктерді жөндеуді үйренеді. Осы жабдықтар арқылы әрбір маман өз ісіне бейімделеді.
«Біз колледжге ауыл балаларын тартуымыз керек. Неге десеңіз, қазір әр ауылда кен орны бар. Онда түгел шетелдік техника тұр. Оны жөндейтін мамандар қат. Бізден оқып, үйреніп, сол жерге жұмысқа орналасып, жақсы айлық ала алады. Сонымен қоса біз 20 000 теңге шәкіртақы төлейміз. Жатақханасы, тамағы тегін. Тек, оқимын, үйренемін деген ниеті бар балаларды шақырамыз», – дейді колледж директоры Манарбек Ибраев.
Сондай-ақ, колледж басшылығы түлектерін жұмысқа орналастыруды да өз мойындарына алған. Өйткені, колледж «Eurasian machinery», «Shubarkol premium», «Белаз», «Автосельмаш», «Автоцентр Бахус» сынды ірі компаниялармен әріптестік тығыз қарым-қатынаста.
Оқу бағдарламасының 60 пайызы техникаларды жөндеуге үйретеді. Баланың ебіне, бағытына қарай икемдейді. Егер бала математикафизикадан жақсы оқыса, компютерлік диагностикаға бағыттайды. Иә, қазіргі уақытта техниканың бәрі электроникаға көшіп келеді. Ал, құрал-сайманға ыңғайы келсе, слесарьлық істі оқытады.
Бүгінгі таңда колледжде «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі», «Өндірістік оқыту шебері, техник» мамандықтарына түсіп, білім алуға болады. Колледждің келешекке жоспарлары да кемел. Келесі жылы жатақхананы жөндеуге 200 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Бұйырса, жаңа жиһазбен жабдықталады.
Иә, келесі жылы колледждің торқалы 90 жылдығы. Алғаш 1932 жылдың қазан айында «Қарағандыкөмір» Мемлекеттік тас-көмір тресі болып құрылған қарашаңырақтың тарихы тереңде. Сол жылдары Қарағанды көмір шахтасына кадр дайындайтын №2 тау-кен өндірістік училищесі болып ашылды. Кейін оқу орнына И.Костенконың аты берілді.
Алғашқыда училище Киров шахтасының маңайында бір қабатты саз балшықты үйде орналасқан. Сол жылдары оқу бөлмелеріне орын жетіспей, зертхана мен шеберханада қарапайым жабдықтар арқылы ма ман оқытқан.
«Колледж өзінің көпжылдық тарихында бірнеше рет аты мен дәрежесі ауыстырылған. 1949 жылы №2 қолөнер училищесі пайдалы қазбаларды өңдейтін техниктерді және техник-электромеханиктерді дайындайтын №2 арнайы тау-кен техникалық училищесіне ауысты. 50-ші жылдардың көптеген түлектері өндірістің жауапты жұмыскерлеріне, түрлі институттардың ғылыми қызметкерлеріне айналды. 1963 жылы №2 арнайы тау-кен техникалық училищесі №2 тау-кен кәсіби техникалық училищесіне қайта бағытталды. 90-шы жылдардың бірінші жартысында бастапқы кәсіби білім берудің оқу орындарын оңтайландыру барысында №2 тау-кен кәсіби техникалық училищесіне №44 және №36 арнайы кәсіби техникалық училищесі қосылды. Оқу орын өзінің бағытын өзгертіп, №2 арнайы кәсіби техникалық училищесі атанды және 1992 жылы үш қабатты жаңа мекемеге орналасты. 2002 жылдың ақпанында училище №2 кәсіби мектебіне ауысып, 2009 жылдың қаңтарында мектеп лицей дәрежесін алды. 2012 жылдың 28 желтоқсанын бергі уақытқа дейін Қарағанды агротехникалық колледжі болып өз бағытынан таймай еңбек етіп келеді», – деп Манарбек Қаратайұлы колледж тарихын баяндап берді.
Бүгінгі таңда алдыңғы қатардағы колледждердің бірі. Агросалаға сапалы маман тәрбиелейді. Облыстың аудан, ауыл, қалаларының балалары білім алуда. Әсіресе, «Жас маман» жобасымен алынған техникалық жабдықтардың балалар үшін берер игілі мол. Қысқасы, бұл колледж студенттерін еңбекке баулиды. Ал, еңбек еткен баланың шыңға шығатынын сіз де жақсы білесіз…
Қасымхан ҒАЛЫМ.