АЭС – ең сенімді энергия көзі
Жуырда Мәжіліс депутаттары, эколог мамандар, қоғам белсенділерінен құрылған штаб Ақтоғай ауданында болып, сонымен қатар, Сарышыған, Шашубай кенттеріне, Кежек, Жидебай ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бағыттарды таныстырып, АЭС салудың қажеттілігі түсіндірілді.
Алдағы референдумдағы жасалар таңдау – Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындайтын маңызды шешім болатынын жеткізді. Осы тұрғыда дамыған елдердің тәжірибесі тілге тиек етілді. Сондай-ақ, еліміздің экономикалық өсуі мен халық санының артуы, әртүрлі заманауи салалардың дамуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отырғаны баса айтылды.
– Атом энергетикасы – бұл тек сенімді энергия көзі ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы. Климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында біз электр энергиясын өндірудің таза әрі қауіпсіз шешімдерін іздеуге міндеттіміз, – деп атап өтті депутаттар.
Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұловтың айтуынша, АЭС салудың тиімділігі мен пайдасы зор. Энергия тапшылығы сыртқы көздерге тәуелділікті көбейтететініне назар аударып, дұрыс шешім қабылдау қажет. Атом электр стансасы бүгінде еліміздің энергия қажеттілігінің 70%-ға жуығын қамтамасыз ететін қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретін көмір электр станцияларына тәуелділікті айтарлықтай төмендетеді. АЭС іске қосылуы көмірқышқыл газының және басқа да ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді, бұл Қазақстанның климат өзгеруіне қосқан маңызды үлесі болмақ.
Кездесуде тұрғындар ойларын білдіріп, күдіктері де, қорқыныштары бар екенін жасырмады. Жиын кезінде дұрыс ақпарат ұсынылып, көзбе-көз жүздесу халық көкейіндегі біраз сұраққа жауап берілді.
Өз тілшімізден
Ақтоғай ауданы.