Қадиша ОСПАНОВА: “Ұрпақ сабақтастығын үзіп алмайық”
Ел дамуына ерекше серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймағымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, «NUR Otan» партиясы ұйытқы болып отырған жобалар қаншама. Бұл туралы «NUR Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА да тарқатып айтты.
– Қадиша Базарбайқызы, Елбасы ұсынған бұл бағдарлама Сіз үшін несімен айшықты?
– Айшықтылығы – адамгершіліктің айнасына айналғаны. Неге? Айтайын. Заман өзгерген жоқ, адам өзгерді дейміз. Десе де, ширек ғасыр бұрынғы әлем әлдеқашан түрленіп үлгергенін де мойындауымыз керек. Жаһандану мен алапат ақпарат ағымы дәуірлеп тұр. Солай бола тұра, адамзат баласының асыл қазынасы саналатын адамгершіліктен ажырап қалу қаупі орнады. Мыңжылдықтар сүзгісінен өткен мызғымыс салт-дәстүр сабақтастығы, ата – әкеге, әке – балаға аманат етіп келген халқымыздың асыл қасиеттері үзілуге шақ қалды. Міне, осы тұста Ұлт Көшбасшысының көреген саясаты, бірегей бағдарламасы, ең алдымен, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға, адамгершілігімізді аяқ асты етпеуге жол ашты. Ұрпақ сабақтастығын үзіп алмайық дедік. Дер шағында қабылданған бағдарламаның маңыздылығы да – осы.
– Халқымыз асыл қасиетінен ажырап қала жаздағаны ма?
– Солай деуге де болады. Мәселен, ел тарихында ешқашан жетім-жесір ұғымы болған емес. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел едік дейтініміз де содан. Отбасын, отбасы құндылықтарын сақтап қалудың алғышарты да сол жетімдік пен жесірліктің алдын алу болатұғын. Ағасы өлсе бауырына, бауыры дүние салса ағасына аманат соңында қалған отбасы. Ұлт ретінде жер жүзінен жойылып кетпеуіміздің де бір себебі осы болар, бәлкім. Киіз үйіне құлып салған, не болмаса, түрме тұрғызған халқымыз турасында қай кітаптан оқып едіңіз? Дүниежүзі тарихындағы жоқ гуманизм қазақ даласында болды. Оған куә – төл тарих. Ұлы Дала философиясы деуге де болады. Ендігі күні, сол өлгеніміз бір күнде тіріліп, өшкеніміз бір сәтте қайыра жануы мүмкін емес. Оған айлар мен жылдар қажет. Сондықтан, бағдарлама жемісін бүгіннен, не болмаса, ертеңнен күтуге болмайды. Ол – халық игілігіне мирас болар мәңгілік мұра.
– Яғни, отбасына, туған жерге деген сүйіспешілік қалыптасқаны ғой…
– Дөп түстіңіз. Бәріміздің кіндік қанымыз тамған аяулы топрағымыз бар. Сонда түледік, есейіп, ер жеттік, бойжеттік. Туған үйдің түтіні күні бүгінге дейін көз алдымызда. Алайда, уақыт өте, жылдар жылжи келе отбасы, қызмет бабына қарай сол кіші Отанымыздан із суытып жататынымыз бар. Ол – өмір заңы. Десе де, алғаш қаз-қаз бастырған туған жерімізді әсте естен шығаруға болмайды. Міне, «Туған жер» бағдарламасы осы ұшқан ұямызға деген сүйіспеншіліктен пайда болған еді. Тіпті, осы бағдарламаның өзі бір сәт дамылдап, өскен өлкеме нендей көмек көрсете аламын, қайтсем игілігіне жараймын дегенді аңғартып тұр емес пе?! Оған өз басым куә болдым. Ақтоғай ауданына қарасты Сарытерек дейтін ауыл бар. Міне, сол ауылдың түлектері жиылып бір жылы ауыл көшелерін жарықтандырса, келесіде жазғы сахна алаңын орнатыпты. Осындай игі істерге партияның белсенді мүшелер де ұйытқы болғанын жиі кездестіремін.
– Партия тарапынан да осы тектес бастамалар қолға алынған болар?
– Әрине. Осы күні «Nur Otan» партиясы Елбасы тапсырмасы негізінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруда. Мұндағы мақсат – ауылдық елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту. Яғни, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, өмір сапасын арттыру. Адамдардың туған мекенінен жаппай көшуіне тоқтау салу дер едім. Ауылдар қаңырап қалмауы керек. Қаңыратпас үшін ауыл жастарын қызықтыра білу маңызды. Осы мақсатта, жастар кәсіпкерлігін дамыту мәселесі де жолға қойылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл жастарын кәсіпкерлік негізіне баулимыз. Оқытамыз. Өз ісін бастауына жол ашамыз. Мәдени, спорттық нысандар да бой көтеруде. Абай ауданына қарасты Агрогородок ауылындағы кітапхананың бірінші қабатында жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып Коворкинг орталық аштық. Мұнда электронды құжат алмасуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, электронды кітапхана да жастар игілігіне берілген. Өңірде осындай 30-ға жуық білім тарату орталықтары ашылды.
– Жастармен қатар, аға буын өкілдері де назарсыз қалған жоқ шығар?
– Дұрыс айтасыз. «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық жобасы бар. Өткен жылы аталған жоба ауқымын кеңейтіп, Қарағандыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын аштық. Мұнда зейнеткерлерге шахмат ойнайтын, әңгіме-дүкен құратын, кездесу өткізетін бөлме бар. Сонай-ақ, компьютер қолдану, ағылшын тілін үйрену, киіз басу, сурет салу бөлмелері де ойластырылған. Кітапхана тағы бар. Облыс орталығымен қатар, Теміртау, Сәтбаев қалаларында да ашылды. Достық үйіндегі орталыққа жүзден аса зейнеткер келіп жүр. Ендігі күні, олар осындай орталық Майқұдықтағы Мәдениет үйінде ашылса деген ұсыныс білдіруде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДА.