Тұлға

Қадірің бөлек еді, қайран әкем!

Әкелер – ата ұрпақ пен бізді жалғастырушы алтын көпір ғана емес, кешегі Ұлы Отан соғысының үйіндісі астынан тұтас бір формацияны аршып алып, қалыпқа келтірген қаһармандар. Өмірден өткеніне отыз екі жыл өтсе де, тіршіліктегі әрбір ісі, сөзі бізге өнеге болып келе жатқан әкем жайлы бірер сөз қозғағанды жөн көрдім.

Сәбит Мұқанов
СУРЕТТЕ: О.ЖӘКЕШЕВ С.МУҚАНОВТЫҢ отбасымен бірге.

Әкем Орынбек Жәкешев 1936 жылы 10 тамызда бұрынғы Қу ауданы, Едірей ауыл кеңесінде жарық дүние есігін ашқан екен. Жалпы, бұл кісінің өмірге келуінің және азамат болып қалыптасуы ғибрат аларлық тарих. Әжеміз Мақым бойжеткен шағында байырғы ата салтымен айттырған күйеуі, қаздауысты Қазыбек бидің бесінші ұрпағы, Анай бидің шөбересі Хамзе атамыздың босағасын аттапты. Бойында ұлы бабалар қанының тамшысы бар Хамзе айналасына даңқы дүрілдеп шыға бастаған ақын болыпты. «Терісінің қызыл болғаны түлкінің соры» дегендей, өлең сөзде дес бермеген Хамзеге елдің көзі тиіп, 1930 жылы тіліне шыққан жарадан қайтыс болыпты. Жесір қалған әжемізді ағайын-туыс халықтың әмеңгерлік дәстүрімен қайнысына – Ығыбас атамызға қосады. Ығыбас он саусағынан мөрі тамған шебер адам еді. Ескерусіз қалып, ұмытыла бастаған аруақтарға Қу – Едірей өңірінде ең алғаш көктас – ескерткіш белгілер қоюды бастаған осы кісі. Әйткенмен, қайнысына қосылып, қайғысын ұмыта бастаған әжеміздің шүкіршілігі ұзаққа бармайды. Кеңестік билік орнығып, күшіне енген соң көп әйел алуға тыйым салынып, көзтүрткі болған Ығыбас атамыз бұрынғы бәйбішесімен қалып, жеңгелей алған әжемізбен айырылысуға мәжбүр болады. Тұрмыс ауыртпашылығы өте-мөте күшейген отызыншы жылдардың соңы қысып бара жатқан соң балалы әйел сол тұста бәйбішесі қайтыс болған Жәкеш атамыздың етегінен ұстапты. Баймағанбеттің Жәкеші – қаздауысты Қазыбектің інісі Бөдене батырдың ұрпағы. Заманында аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген шешен адам. Ұлы бидің қазір ел аузында жүрген бүкіл мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізуші осы кісі. Сол замандағы адамдардың дархандығы мен түсінігіне таң қалмасқа шара жоқ. Жәкеш және Ығыбас аталарымыз өле-өлгенше достық, туыстық қарым-қатынаста болды, омыртқаға шақырысып, дәм-тұздарын бөліскеніне куәміз. Жәкеш атамыз әкемізді туған ұлынан артық болмаса, кем қылмай, еркелетіп өсірді. Қартайған шағында өзге балаларының қолына барған жоқ, бақиға әкейдің қолынан аттанды.

 Атына жазғызып, Жәкешев деген сойын ғана емес, тамаша тәлім-тәрбие де берген жанға әкеміз де барынша адал болды. Әрине, балалық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарына тап келген Орынбек бұғанасы қатпай жатып колхоздың ауыр жұмысына араласты. Соқа мен шалғы сүйреген өгіздің басына отырып, қозы бақты. Қой қырқу, астық бастыру сияқты көп ауыр жұмысты қолмен атқаруға қатысты. Үзіп-жұлып оқып, орта мектепті есейген шағында тәмамдаған Орынбек бозбала ресми еңбек жолын 1955 жылы тың көтеру науқанында құрылған «Комсомол» совхозында жұмысшы болып бастады. Есейген шағында жоғары мектептің табалдырығын аттаған әкеміз бен болашақ анамыз Рымкеш Әтжанова екеуі 1961 жылы Қарағанды педагогика институтын физика- математика пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітіріп, Егіндібұлақ ауылындағы қазақ орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Үш жылдан соң әкеміздің қызмет бабында өсу жолы басталады. Әуелі оқу ісінің меңгерушісі, 29 жасында мектеп директоры лауазымына тағайындалуы оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілетті және ұжым басқаруға даярлықты көрсетеді.

Өнерлі ортада туып-өсіп, ауыз әдебиетінің қайнарындай аталар тәлімін игерген, өзі де домбыраны әсер шертіп, қоңыр даусымен құбылтып әндететін Орынбектің 1972 жылы Егіндібұлақ аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалуын тұрғындар заңдылық деп қабылдады. Әкей елдің үмітін ақтап, өңірдің мәдениетінің өсуіне айтарлықтай үлес қосты деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, осы жылдары аудандық Мәдениет үйі жанында вокал, би, хор, домбыра, драма және басқа да үйірмелер жұмыс істеді. Егіндібұлақ өңірінің өнерпаздары Орынбек Жәкешовтің басқаруымен тамаша табыстарға жетті. Айталық, аудандық Мәдениет үйінің драма үйірмесі 1973 жылы Қ.Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын сахналап, республика деңгейінде өткен байқауда топ жарды. Сөйтіп, халық театры атағын иеленді. Көп қиындықпен ұйымдастырылған Тәттімбет атындағы «Сарыжайлау» ұлт аспаптар оркестрі 1975 жылы республикалық байқауда екінші орынға табан тіреді. Оркестр көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық фестивалінде сәтті өнер көрсетіп, қазақ елінің мәртебесін көтеруге үлесін қосты. Егіндібұлақ өңірінің өнерпаздары бұдан кейін де халықаралық және дүниежүзілік фольклорлық байқауларға қатысып, ұлттық мәдениетіміз қандай биік деңгейде дамығанын паш етсе, оның негізі менің әкем жетекшілік жасаған жылдары басталды деп сеніммен және мақтанышпен айта аламын.

Жетпісінші жылдардың соңында Егіндібұлақ ауданының басшылығы өзгеріп, билікке келгендер тек экономикалық саланы дамытуға ғана көңіл бөлді. Әсіресе, қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу науқаны өріс алып, шұбартаулықтардың бастамасын қолдаймыз деген желеумен мектеп бітірушілерден қой өсіруші комсомол-жастар бригадалары құрыла бастады. Соның салдарынан біраз қыз-жігіттің болашағына балта шабылды, арман-мұраты тұйыққа тірелді. Өңірде рухани құндылықтардың мәні күрт төмендеп кетті. Осы кезде әкеміз өз кәсіби мамандығына сай педагогикалық қызметке оралып, ау- дандық білім бөлімінде инспектор және білім беру қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетіне төраға болып тағайындалды.

Орынбек Ығыбасұлы бұл қызметті өмірінің соңына дейін, 1986 жылдың қыркүйегінде ота үстелінде қайтыс болғанша атқарды. Міндетіне алған іске әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол қай жерде, қандай лауазымда жұмыс істесе де абырой биігінен көрінді. Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанды. Жергілікті кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланған кезде тұрғындарға жәрдем беру үшін аудандық партия комитеті мен атқару комитетіне хат жазатын еді. Есейіп қалған кезіміз ғой, әсіресе, көп балалы аналарға жәрдемдесуге әзір тұратыны есімізде қалыпты. Өйткені, өзі де көп балалы отбасының иесі болғандықтан, олардың жағдайын өте жақсы түсінетін. Жаратылысынан мейірімді, туған-туысқа ғана емес, адам баласына жақсылық жасауды парыз санайтын әкеміз жақын дос, құрбы-құрдастарымен ғана емес, «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген тұжырымды негізге алып, ретті жерін де ауылдың үлкен-кішісімен қалжыңдаса беретін еді. Өзгелердің уытты сөзін қабақ шытпай көтеретіндіктен, әкемізге реніш білдірген кісіні өз басым көрген де, естіген де жоқпын. Осы арада әкеміз Орынбекке қатысты бірер әңгімені еске түсіре кеткеннің артықшылығы бола қоймас.

Әкейдің Сапар (Хозедияс) Ақынов, Жайлан Смағұлов, Мұхтар Уахитов тәрізді сайдың тасындай екшелген бірнеше жақын досы болды. Бұрынғы Егіндібұлақ ауданында қызмет атқарған абыройлы азаматтардың әзілдері де ерек еді. Бүгінгі таңда солардың арасы- нан тек Мұхаң ақсақал ғана жер басып жүр. Мен айтқалы отырған оқиға кезінде, яғни, өткен ғасырдың жетпісінші жылда- ры бәрі де қырықтың қырқасына жаңа шыққан қылшылдаған жігіттер болатын.

1975 жылы жазға салым 82 жасында атам, әкемді тәрбиелеп, өсірген Жәкеш Баймағанбетұлы қайтыс болды. Қалың ел жиналып, қадірлі қарияны арулап жерледік. Дәл сол кезде іссапарда жүрген Сапар аға келмей қалды да, әкейге кейінірек көңіл айтты. Әлі есімде:

–Жәкең жалғыз саған емес, бәріміз үшін әке бола біліп еді. Мен жоқта мәңгілік мекеніне аттандырып жіберіпсің. Сапар балама бер деп ақсақал ештеңе қалдырған жоқ па? — деген мағынада сөз бастаған еді.

 – Әрине, қалдырды. Аманатқа қиянат жасамаспыз. Әкеміздің кырқы өтсін. Содан кейін дос-жарандардың басын қосып, әкейдің сыйын сол жерде, көптің көзінше тапсырамын, – деді әкей жай ғана, байсалды әңгіме айтардағы қалпымен. Содан бір сенбіде Қу тауының түкпіріндегі Шоқпартастың түбінен қайнап ағатын бұлақтың жағасына үй тігіліп, қой сойылды. Табақ орталанып, ел көңілденгенде әкем орнынан тұрып:

 – Халайық, ақсақал қайтқанда ауылда болмай қалған Сапар өзіне әкем қандай сыр айтты, қандай сыйлық қалдырды деп сұраған еді. Аманат сөзін жеткіздім. Әкейдің арнайы кәдесін Мұхтар досымыз тапсырсын,– деп, сөз тізгінін Мұхаңа тапсырды да, өзі көзіне жас алған болып сыртқа шығып кетті. Сөз майын тамызатын Мұхтар аға алыстан толғап, Жәкең қандай адам болып, баласының достарын қалай қадірлегенін айта келіп, «Ақсақалдың Сапарға арнаған сыйы мынау еді» деп, ленталармен әлем- жәлем әдіптелген қомақты қорапшаны қолына ұстатты. Жиналғандар өздерін қызықтырған қорапты сол жерде ашуды сұрады. Мұхаң Сапкеңнің қолына алдын ала дайындалған қайшыны бере қойды. Бантиктелген лента қиып, қораптың қақпағын ашқанда ішінен әдемі, жылтыр қағазға оралған төрт жұмыр нәрсе шықты. Жұрт ынтасы арта түсті. Қағазды жырта-мырта орауын жазып қалғанда, ішінен атамның қонақасына сойылған торы биенің төрт сирағы шыға келді. Елдің күлкі-мазағына ұшыраған Сапкең сыртқа атып шыққанда, әкей машинасына шешейді отырғызып алып, қозы көш жерге кетіп қалыпты. Әкей кейінірек аудандық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарып жүргенде, қонаққа шақырған үйге бармақ болып, бір топ әріптестерімен келе жатса, сол маңайда тұратын Күрдеубай қартты көреді. Ақсақалға сәлем бере кету – парыз. Кезінде Қу өңірінде кеңес үкіметін орнатуға қатысқан, қоғамда өктемдігі жүрген қарт коммунист күздің аз ғана шуағына сүйегін қыздырып, құм үстінде отыр екен. Әкем:

 – О, жалған дүние! Қария топырақты сағынып қалған екен-ау, – депті осыған қарап. Әкем, оның достары және олардың арасындағы жарасымды қалжыңдар есіме түскенде, сонау бір балалық шақты сағынып кетемін. Дәл қазір солай әзілдесе алатын және ойынды көтере алатын адамдар да азайып кеткендей. Кекесін сөзді де кек көрмейтін кесек мінезді әкелер-ай!

Мәди ЖӘКЕШЕВ,

Құрметті отставкадағы судья.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button