Жаңалықтар

«Адасқандар» авторы – Ақсуатта

     Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі өнер қайраткері Кеңес ЖҰМАБЕКОВТІҢ «Адасқандар» драмасы (режиссері С.Жұмағали) республикамыздың көптеген театрларында қойылып, үлкен сұраныс тудыруда.

Қарағанды театрының қойылымы облыс шеңберінен асып Алматы, Тараз, Шымкент, Павлодар облысы орталығымен аудандарында да қойылып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық-драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Р.Тәжібаева қойған «Адасқандар» спектаклі де үлкен абыройға ие болып, облыс аудандары мен қалаларында көп қойылды. Алматыда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлық факультетінің студенттері Талдықорған қаласында қойып, жерлесіміздің ш4ығармасы жұртшылық көнілінен шыққанын газет журналдан оқып, қуанып қалдық. Драманың өзектілігі әсіресе, жастарды теріс ағымдардан сақтап, жаман пиғылдардан сақ болуға меңзейді. Жақында авторды Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Ақсуат халық театры ұжымы шақырып, ондағы көркемөнерпаздар артистерінің қойған қойылымын көріп қайтты. Мәдениет үйі директоры Ш.Көпшікбаева бастаған өнерпаздар Зайсан қаласында өткен облыстық халық театрлары байқауында бірінші орын алып, басты рөлді сомдаған Қанат Жакилин «Ер рөлін жақсы сомдағаны үшін» номинациясын жеңіп алған. Қуаныштарын автормен бөлісу мақсатында шақырып, биылғы мәдениет күніне орай К.Жұмабеков Ақсуатта ойындарын көріп, кездесулер өткізіп, жергілікті тарихи мекен-жайларда болып танысып қайтты.

«Тарбағатай тауының басында әлі қар, етегі жасыл-желекпен көмкерілген көк майса. Таудан құлаған өзен сулары мөп-мөлдір, даласы малға толған құтты өңір. Жолдары жөнделген. Аудан орталығының архитектурасы көз тартады. Ақсуат өлкесі тарихи орындарға бай екен. Ер Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Ырғызбай әулие бабалар ескерткіштеріне барып, мінәжәт еттім, тәубә жасадық. Бір ұнағаны, ескерткіштердің ел қорғаны болған бабаларымыздың заманына сай /шайқас үстінде, қатулы/ шешімін тауып орнатылғаны. Көріп тұрып қуат аласың, кеудеңді мақтаныш кернейді. Аудан орталығының көшелері таза, әкімдіктің тиянақтылығы көзге көрініп тұр. Мәдениет үйінде бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Драма, би, хор, оркестр – бәрі бар. Бір қуантарлығы, жетекші мамандардың бәрі – арнайы оқу орындарын бітірген кадрлар. Туған ауылдарының мәдениетін көтеру үшін елге қайтып оралған білікті мамандар. Алматы, Астана, Семей, Өскемен қалаларынан жоғарғы және арнайы оқу орындарын бітіріп, туған жердің түтінін түтетіп, келешек жас ұрпақты өнермен мәдениетке тәрбиелеп жүрген отаншыл жастар. Бәрінің басын қосып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауын іске асыруда жас ұрпақтың рухани қазынасын жан-жақты өркендетуде ерекше қамқорлық жасап, басшылық етіп жүрген Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының биылғы иегері Шәкен Көпшікбаеваның еңбегі ерен екенін байқадым», – деп ризашылығын жасырмай төгіп салды. Шығармашылық адамына мұндай кездесулердің, творчествалық қарым-қатынастың әсері зор.

А.БЕКБОЛАТОВА,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Суретте: К.Жұмабеков Ақсуат халық театры өнерпаздарының ортасында.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button