Жаңалықтар

АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП…

2020 жылдың 9 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Аталмыш мақалада қазақтың дана және дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы қоғам зиялыларының үлкен қолдауын тауып жоғары баға беріліп жатыр. Ұлы ғұлама, данышпан, ақын, аудармашы, жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлы әлем әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырды.

Рухани құндылықтарды қайтадан жаңғыртуды қолға алып тарихымызы, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту, ауқымды жобалардың жүзеге асуына жол ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары екендігі анық. 

2017 жылғы 12 сәуірдегі Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты бөлімінде «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.

Адамзат баласының бойына небір қасиеттер ең алдымен жеке тұлға-адам арқылы, соның рухани қасиеті, ішкі жан-дүниесі арқылы оның мәдениет деңгейін көрсетеді. Демек, адам мен мәдениет өзара тығыз байланыста дамып, жетіледі. Әркез мәдениет адамның рухани болмысы ретінде көрінетіндіктен, адам өз кезегінде мәдениеттің қайнар көзі іспеттес. Мәдениет адамзат баласының рухани қалыптасу, жетілу тарихы негізінде оларды өзара бір-бірінен ажырата қарастыруға болмайды. Жеке адамның даралығы, тұлғалығы оның бойына біткен қабілетіне байланысты аңықталады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» деген кітабында: «…Қазақ даласының дүйім жұртында кең құлашты тарихи сана болған, себебі бұл даладағы әрбір жұмыр басты пенденің жады бала кезінен ауызша айтылатын қисапсыз мол дерекке әбден жаттығып, көз қанық болып өскен. Халық тарихын түсініп білу әрбір адамның өз басындағы сезім-түйсікпен астасып отырған»  – деп ой толғайды. Сондықтанда, елдің тарихы, ел басынан өткен ұлылы-кішілі оқиғалар, тарихи қайраткерлер туралы деректер, ақылды-аталы сөздер мен өнеге-өсиеттер – осылардың барлығы қағазда емес, халық жадында өлең-жыр, аңыз-әңгіме болып сақталған, ел аузында өмір сүрген. Ұлттық тарихымыздағы ойшыл-кемеңгерлердің айтқан шешен сөздері ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап, қазақ халқының фольклорында, халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алып, дерекнама қорын молайтты.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының «Мемлекет ісінің мүдделесі» атты бөлімінде  қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті сақтау ортақ міндет екені айтылады. Абай философиясындағы «әділетті қоғам құру» идеясы жайлы Абайдың мұрасына зейін қойған абзал деп көрсетіледі. Расымен де бүгінгі таңда бізге керегі әділетті қоғам құру ол үшін біз дана Абайға тағы да айналып келеміз. Абай – еңбекқорлықтың мотиваторы ретінде қарастырылады. «Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған» – дейді.

Әділетті қоғам ұғымы дегеніміз не? деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Ендеше бірінші «Әділдік», «Әділеттілік» (арабша әдл) – ұғымын қарастырайық. Әділдік, әділқазылық, шыншылдық; турашылдық, адалдық, дұрыстық; әдәләт – 1) әділқазылық; 2) юстиция – дәстүрлі құқықтық мәдениетте адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастың белгілі тәртібіне тікелей қатысты принцип, адамның қоғам алдындағы ғана емес, сонымен бірге қоғамның тұлға үшін де жауаптылығын көрсететін, адамның өмір сүру жағдайлары мен сапасын білдіретін әлеуметтік-этикалық категория.

Әділдік – ізгіліктің ірге тасы. «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» – дейді Абай һәкім. Әділдік уақыт ағынына қарай өзгеріп отыратыны ақиқат.

Абай һәкім терең ой еңбегіне, қоғамда әділетті орнықтырудың жолын, яғни әділеттілік ілімін іздестіруге кіріседі.  Абайтанушы А. Омаровтың айтуынша ақынның «Менсінбеуші ем наданды» (1891) атты өлеңінде өзі айтқандай, «адам түзелмей,  заман түзелмейді» деген парадигма болды. Ол бойынша заманның түзелуі үшін әр адамның іштегі кірден тазаруы, рухы жетілуі мен иманы нығаюы шарт. Себебі, егер жеке тұлға «іштегі кірді қашырса», яғни әр адамның жан тәрбиесі жолға қойылса, мұндай тәрбие кемелдігінен бүкіл қоғамның кемелдігі құралмақ. Адамзат тыныштығы мен рухани жетілуінің  өзгедей амалы, жолы жоқ деп тұжырымдайды.

Қорытындылай келе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы Абай һәкімнің ілімін терең зерттеу және насихаттау бүгінгі таңда өзекті әрі маңызды болып табылатыны анық.

Арман Туткушев,

Қазақстан Республикасы ІІМ

Б. Бейсенов атындағы Қарағанды

академиясының жалпы заң пәндері

кафедрасының оқытушысы

з.ғ.м., полиция капитаны

Басқа материалдар

Back to top button