«Адамдарды қуанышқа бөлеу – бір бақыт»
«Балқаш Жібек жолы» ЖШС директоры Серік Қасымбеков:
Ақ түтек боран мен сықырлаған аязын ала келген Аяз ата қала ортасындағы үлкен шырша орнатылған алаңға біраз аялдады. Әлде біреуді іздейтін сияқты. Шаршы топтың шетінде әңгіме-дүкен құрып тұрған «Балқаш Жібек жолы» ЖШС-нің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Серік Қасымбековке Ақша қарды жүгіртіп жіберіп:
– Шақыр, Серік баламды, үлкен құрылыс фирмасын ашып, айтарлықтай еңбек сіңіріпті, жол-жөнекей естіп келемін, дидарласайын.
Серік Төлегенұлы да кешіккен жоқ, бар ынта-ықыласы, үлкенге деген сый-құрмет ізетімен амандасып жатыр.
– Ассалаумағалейкум, Аяз ата, есен-саумысыз, араға жыл салып, тағы да оралып жатырсыз, ат-көлігіңіз аман ба?
– Рахмет балам, рахмет, мен қашан да ізгілікті, жақсы істерді көруге құштармын. Жол- жөнекей өзіңнің мақтауыңды асырды шапағатыңды көргендер. Сөйле, балам, бұл тіршілікте құрылыс жүргізуден артық қандай игілікті шаруа бар?
– Оныңыз рас, Аяз-ата, тіпті, тіршіліктің тірегі, адамзат ғұмырының алтын қазығы зәулім- зәулім ғимарат, жайлы баспана десек, артық айтқандық емес. Халықтың алғысын алып, құрметке бөленуден артық қандай бақыт бар?! Кейінгі он жылдың ішінде 10-ға тарта көп қабатты тұрғын үй салдық. Адамдарды қуанышқа бөлеу – үлкен ізгілік, соны байқадық. Жүздерінде нұр шалып, кеудесін шаттық кернегенде өзіміз де толқып кетеміз. Әсіресе, пәтер тауқыметін тартқандар жайлы қонысқа қоныстанғанда біз де жеңілдеп сала береміз. Өтіп бара жатқан жылы бес қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй салдық. Саяқ кентінде көптен бері жөндеу көрмеген Мәдениет сарайын жаңарттық, күрделі жөндеуден өткіздік. Қазір авто-құрал жабдықтарымен қызмет жасайтын бизнес орталығын салып, игілікке бердік. Сәулетті тойхана салып жатырмыз. Келесі жылы Балқаш қаласына 80 жыл толады. Осыған орай, жұмысы тұралап қалған ірі бассейн ғимаратына қайыра күрделі жөндеу жүргізудеміз. Бассейнді заман талабына сай ғимаратқа айналдырамыз.
Біздің фирма қаладағы зәулім, кең де жарық спорт кешенін салды. Мұны сауықтыру орталығы десе де болады. «Нұр Отан» партиясының ғимаратында да біздің құрылысшылардың қолтаңбасы бар. Қаланың дәл ортасынан өз қаражатымызға бес қабатты тұрғын үй салдық. Оның бірінші қабатын бизнес орталығына айналдырдық. Дәл осы тұрғын үйдің алдында жерасты гаражы құрылысын жүргізудеміз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бағдарламасы арқылы былтыр екі үй салып, пайдалануға бердік. Әр тұрғын үй 50 пәтерден. Сонда қаланың 100 тұрғыны қол жетімді баспана алып, қуанышқа бөленді.
– Бәрекелді балам, қысқа уақыттың ішінде айтарлықтай іс тындырыпсың. Сонда жұмыстарың жыл он екі ай ішінде жалғаса бере ме? Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету қалай, келешектегі ой-жоспарың туралы айта отыр?
– Біздің құрылыс фирмасында 110 адам тұрақты еңбек етеді. Жаз айында құрылыс жүргізу қызады. Бұл кезде адам саны 300-ге дейін жетеді. Ертеде «құрылыс тресі» деген болды ғой. Оның қазір жұрнағы да жоқ. Сондықтан, жаңа техникаларды сатып алдық. Отандық өнімге баса көңіл бөлудеміз. Темір жол тартып, кірпіш шығаратын зауыт салып алдық. Осыған дейін құрылыстың құрал-жабдықтарын басқа жақтан тасыдық. Бұл әжептеуір шығын әкеледі. Енді ірі-ірі блок, әр көлемдегі кірпіштерді өзіміз өндіріп шығарамыз. Келешекте плита шығаратын зауыт салуды жоспарлаудамыз.
– Ой, өркенің өссін, қарағым, сендерді басқа да елді мекендерде құрылыс жүргізеді деп естідім?
– Оныңыз рас, Ата, тапсырыс түссе құрылыс салуға дайынбыз. Жаз бойы Сарышаған, Ақжал кентінде, Қарқаралының Бүркітті, Шет ауданының Өспен ауылында шағын аурухана салып пайдалануға бердік. Өте сәтті шықты. Ақтоғай ауданында да құрылыс жүргізудеміз. Қазір де қала ішінде құрылыс салуды тоқтатқан жоқпыз. Қолға алған игілікті істерді келесі жылдың жаз ортасына қарай, яғни, Астана күніне салып бітіп, ел игілігіне береміз.
– Халық құрметтесе аянып қалмассың, балам. Өзіңді ел депутат етіп сайлапты. Аманат жүгі жеңіл емес шығар?
– Ел аманаты – үлкен сенім. Қалада су құбырлары көп жылдан бері жөндеу көрмеген, ескірген. Соны біртіндеп айырбастау, жаңарту – депутат ретінде мойныма алған ауыр да жауапты міндеттің бірі. Қала сәулеті, сән-салтанаты жарасып тұрса, қандай жақсы. Оған құрылысшы ретінде де баса назар аударатын боламын. Қайырымдылық – ізгі қасиет, бұдан да сырт қалмаймыз. Салауатты өмір салтын қалыптастыру – негізгі мұратым. Менің сыныптас досым Серікбай Ауған соғысында ерлікпен қаза тапты. Жыл сайын Қызыларай елді мекенінде воллейболдан арнайы турнир өткіземін. Биыл қатарынан 15 мәрте өткіздік. Қазір республикалық біріншілікке айналып кетті. Өзім Балқаш қаласы воллейбол федерациясының төрағасымын. Туған ауылымызда «Ақсораң жұлдыздары» ән байқауын тұрақты өткіземіз. Сонда жарқырап көрінген жас әншілердің алды қазір республика көлеміндегі саханаларға шығып жүр. Қайырымдылық жайында көп айта бермеймін. Оны күн сайын жасап отырамын десем, артық айтқандық емес. Сонда жан дүнием жай табады. Қарсы кездескен адаммен шын көңіліңмен амандассаң, соның өзі жанға күш-қуат береді. Алғыс алып жүргенге не жетсін?!
– Айналайын, Серік балам, еңбегің жемісті бола берсін. Тәуелсіз еліңе қызмет етіп, халқыңды ізгілікті ісіңмен қуанта бер. Отбасыңа амандық тілеймін. Әумин!
– Рахмет, Ата, сіздің де жолыңыз болсын, қайта айналып кездескенше.
♦ ♦ ♦
Жасыл шыршаның толқындана мың құбылған шамдары адамдардың нұрлы жүзін аймалап, ынтымақ, бірлік, берекеге қарай бастап бара жатқан секілді. Аспаннан ақ шұғыла төгілгендей ақ ұлпа құс қанатындай қалықтап, жауып тұр.
Сұхбатты хатқа түсірген – Аяз атаның қол баласы, газеттің меншікті тілшісі Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.
БАЛҚАШ қаласы.