Адалдықты ту еткен
Өмір Кәріпұлы – қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі. Оның жазуға, әдебиетке деген адалдығы бөлек әлем. Ұлағатты ұстаздық пен жазушылықты қатар ұстап, қара сөзден кесте өрді, жілігін шағып, майын ішті. Өлеңдері де бір төбе.

Сөздің киесіне бас иген Өмір ағам ауылдан кеткен жоқ. Кіндігі байланған туған өлкесінде қалды және қаламға, жазуға деген адалдығын да сақтап қала алды. Оның әр шығармасын оқып отырып, сөзді орынды пайдаланудың, сөзбен сурет салудың, шынайы өмірді көркем шығармаға айналдырудың хас шебері екеніне тәнті болып, таңдай қағасың. Әсіресе, «Сарыбел сазы», «Атасының баласы», «Бұрқақ», «Тайталас» сынды сүйекті дүниелері қазақ әдебиетінің іргелі олжасы болып есептеледі.
Атақ пен мансапқа құмартқан жоқ, қаламның киесін, сөз қадірін бәрінен биік қойды.
Ал, енді жер-су атаулары мен арғы-бергі тарих және ел шежіресі жайлы жазылған деректі дүниелері һәм тұшымды мақаласының өзі романға бергісіз. Елге келген сайын шамам келгенше ағатайыма кіріп, сәлем беруге тырысамын. Тағылымды әңгімелерін тыңдауға құмармын. Өзім де ауыл десе, бүйрегім бұрып тұрады. Баяғы сәйгүліктің құйрық-жалын тарап, ерке самалын төске алып, көсіле жортқан күндерім есіме оралады. Сондықтан да, Өмір ағамның шығармалары жаныма жақын.
Өмір ағам адалдықтың ақ туын биік ұстап, қазақ прозасындағы өз биігінде тұр. Сол биікте мәңгі қалатынына сенім бекем!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ