Абзал БӨКЕН. Беу, дүние!..
Мағаш өтті дүниеден…
Мағаш кетті, – дегенше,
Қарқаралы басынан
ағаш кетті, – десеңші.
Тауынан тас,
Сайынан
сабат кетті, – десеңші.
Арысым, – деп жүдеген,
Айығуын тілеген
Ағайынның арызы
Қағас кетті, – десеңші.
Мағаш өтті дүниеден…
Мағаш кетті, – дегенше,
Нарым кетті, – десеңші.
Қайраттымнан айрылып,
Халім кетті, – десеңші.
Қаламынан ой тамған,
Қара сөзге майталман –
Аты-жөні Алашқа
мәлім кетті, – десеңші.
Мағаш өтті дүниеден…
Елпілдеген баладай,
Еркелігі тарамай.
Ойы бейне боз шыбық,
Бойы бейне қарағай.
Қарағайдай қарағым,
Күйік шалып балағын
Кетті-ау артқа қарамай.
Жақсым өтті дүниеден,
Ақ шың өтті дүниеден:
Ондағы орны – қос құлаш,
Мұндағы орны – даладай.
Мағаш өтті, – дегенше,
Маңғаз өтті, – десеңші.
Сақтан жеткен бүгінге
Сарбаз өтті, – десеңші,
Еткен ісін бағалай.
Саған айтам көңілді,
Сарыарқаның самалы-ай!
Саған айтам көңілді,
Сайын белдің жамалы-ай!
Жылағанмен келмейді-ау,
Сұрағанмен бермейді-ау,
Дұға етейік, жамағат,
Қолды жайып жағалай…
Абзал БӨКЕН.