Шет

Абыз

   Ақадыр кентіндегі Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығында бүкіл қазақ халқына, түрік дүниесіне есімі белгілі этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу СЕЙДІМБЕКТІҢ туғанына 75 жыл толуына орай Жазушылар Одағының мүшесі Өмір КӘРІПҰЛЫНЫҢ бастамасымен «Алаштың Ақселеуі» атты еске алу кеші өтті.

Ізгілікке бастайтын шараны Өмір Кәріпұлы ашып, Ақселеу Сейдімбектің шыр етіп дүниеге келген жері Жаңаарқа топырағы, өсіп-өркендеген, талантының алғашқы бүр жарған жері Ақадыр, бабасы Байғозы батыр ауданның Жыланды жерінде дамылдап жатқанын, бабаларының атақоныс қыстауы Қызылтау ауылының «Бәйбіше» тауы бөктері дей кей келе, айтулы шараға демеушілік жасаған кәсіпкер Айбол Бидайбековке алғысын білдірді.

«Құрмет» орденінің иегері, белгілі жазушы Кәмел Жүніс «қазақтың рухын оятқан, қазақтың қазақ екендігін танытуға бар ғұмырын арнаған Ақселеу Сейдімбек бір академияның атқарар жұмысын жалғыз атқарды, қазақтың даласын аралап жүріп, әрбір рудың жеке-жеке тарихы мен тұлғаларының өмірбаянын жазып алды, қазақты Ақселеудей зерттеген адамды көрген жоқпын» десе, жазушы Төкен Әлжантегі сол кездегі әдебиет әлеміне талпынған жастарға Ақселеу Сейдімбектің жасаған қамқорлықтары туралы естеліктер айтты. ҚР мәдениет қайраткері, белгілі жазушы Төрехан Майбас «Біз талай ұлтпен көрші болғанбыз, солармен соғысқанбыз, сол ұлттар қазір тарих сахнасында жоқ. Біз, қазақ, жақсы-жаман, көп-аз болайық әлі жүріп келеміз, аман-саумыз. Жаһандану келе жатыр дейміз, жаһандану бая­ғыда келген. Егер, біз Ахаңды оқитын болсақ, айтқандарын жүзеге асырар болсақ, жаһанданудан аман өтеміз. Өйт­кені, Ахаң бізге сіңіріп кетті, қазақтың феномені жадында. Біз, қазақ, еш уақытта қарнымыз аш болса да арам нәрсе татпадық, арымызды бәрінен жоғары қойдық, тән саудасына, жан саудасына барған жоқпыз. Бұл жайт әлі бізбен бірге өмір сүріп келеді. Сондықтан да, Ахаңды оқиық, ұрпаққа дұрыс тәрбие берейік» деді. Бүкіл әлем таныған академик, физик, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаев «рухани жағынан Ақселеу Сейдімбекті ұстаз санаймын, кітаптарынан қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінің иісі аңқып тұрған Ахаң ауызекі әңгіменің де асқан шебері-тін әрі қандай әңгіме айтса да қазақ халқының ұлылығына, құндылығына, мәдениетіне әкеліп тірейтін еді. Қазақтың ең ұлы халық екенін, басқа халықтардан жоғары екендігін қазақтың өзіне таныстыруға бар ғұмырын арнады. Дүниежүзін араладым, барлық елде достарым бар (бәрі физик), жапондардың «Қазақ» деген ғылыми-зерттеу институтында 100 шақты адам жұмыс істейді екен, олар қазақ пен жапонның бірдей айтатын 10 шақты сөзін тауып алып, қазақпен туыстас халықпыз деп жүр, Норвегияда үлкен ғалымдар түбіміз түрік деп жүр. Мәдениет, салт-дәстүрдің қай саласында да қазақ халқы барлық халықтардан анағұрлым биік тұр. Мұндай шаралар республиканың барлық жерінде өткізілсе, жастар тәрбие алар еді, көздері ашылып, сана-сезімі оянар еді» деді.

Ақаңның рухына сөз арнаған, ес­теліктер айтқан, тілектерін білдірген құрметті қонақтар кештің өтуіне ұйытқы болған Өмір Кәріпұлы ақсақалға сый-сыя­паттарын жасаса, аудан әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин барша аудан жұртшылығынан, аудан әкімі атынан алғыс білдіріп, кент әкімі Д.Кәрсембаев шалғай жерден ат терлетіп, алтын уақыттарын бөліп келген құрметті қонақтарға кент жұртшылығы  атынан алғыс айтты.

Сөзін Өмір Кәріпұлы, әуенін Ысқақ Тәукейұлы жазған Ақселеу Сейдімбекке арналған «Алаштың Абызы» әнін халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаты Боташ Ноғаева шырқады. Сондай-ақ, Ақселеу Сейдімбектің әні «Дәурен-айын» Тайжан Қалмағамбетов атындағы I республикалық конкурстың лауреаты, әнші Бекжан Әкеев орындады. Халықаралық конкурстың лауреаты Бексұлтан Имашев күй шертсе, мәдени-сауық орталығының қызметкері А.Төлеухан абыз Ақселеудің жазып қалдырған батасын оқып, жиналғандар қол жайды, кенттегі мектеп оқушылары Ақселеу Сейдімбектің шығармаларынан үзінділер, Сәулет Тасболат тұтас монолог оқыды. Кеш «Нұршуақ» балабақшасы хор ұжымының «Атамекен» әнін шырқауымен аяқталды.

Шыңғыс МҰҚАЕВ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button