Бас тақырып

Абырой – шекпенге емес, елім деп тер төккенге

Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп адам баласына берілген, тақ пен бақтан бөлек, оның өміріндегі адами қасиеттердің өлшемін анықтап берді. Ал, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп оқығанын, санаға тоқып түйсінгенін іске асыруда мінез, өзіндік көзқарас, ұстанымның басым болуы халыққа қызмет етуде басты орында болуы керектігін нақтылады. Осы айтқандардың барлығы мемлекеттік қызметшілердің бойынан табылып жатса, ел алдындағы абыройы асқақтай түсері анық. Сайып келгенде, қоғам үшін орасан жауапкершілікпен қызмет көрсетіп отырған мемлекеттік қызметкердің беделі мен халық үніне құлақ асатын мемлекеттік қызметтің маңызы қандай?

Еліміз егемендік алғаннан бері стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыратын мемлекеттік аппарат құру назардан тыс қалған емес. Соған сай мемлекеттік реформалар жүзеге асып, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгілері пайда болды. Соның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз. Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі» деп жазды Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат мақаласында. Бұл қоғам мен мемлекеттік қызмет арасындағы диалогтың негізі болды. Мемлекеттік қызметтің ашықтығы айқындалды. Халық пен мемлекеттік қызмет өкілдері арасында алтын көпір пайда болды десе де болады. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр екені тарихта дәлелденген де.

Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл ауқатының артуы, жалпы қоғамның кез келген саласының дамуы алдымен мемлекеттік қызметкердің еңбегіне байланысты. Ол үшін мемлекеттік қызметкердің беделін көтеру басты мәселе. Елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда кадрдың мүмкіндігі мол. Ал, бедел қалыптастыруда жоғарыдағы айтылған қос даналық мемлекеттік қызметкер бойынан табылса құба-құп. Жалпылама, «мемлекеттік қызметкер сыпайы, қарапайым адам болуы керек» деп айтып жатамыз. Бірақ, ұлтқа қызмет мәселесі тұрғанда жаттандыны жаттап алып, қайталаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік қызметкер бұны шынайы түсінуі, түйсінуі қажет. Олай болмаған жағдайда, жасанды бедел сыр беруі кәдік.

Дегенмен, мемлекеттік қызметшіні тұқырта берген де дұрыс емес. Білім, біліктілікпен бірге мемлекеттік қызметте мінез де ауадай қажет. Әйтпеген жағдайда «жуас түйе жүндеуге жақсының» кебі келіп жатқанын да көріп жүрміз.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында жылына 20 мыңнан астамы қайта даярлау курстарынан өтеді. Ол мемлекеттік аппараттың 30%-ы.

– Тәуелсіздігіміздің тұғыры орнықты болуы үшін, экономикалық-әлеуметтік дамуы адами капиталға тікелей тәуелді. Ал, адами капиталмен жұмыс жасайтын білікті, білімді мамандар тапшы. Білікті дегендері басқа салада жеке секторда, өндіріс орындарында жұмыс жасап жатыр. Ал, оларды мемлекеттік қызметке тартуда қандай да бір бюрократиялық кедергілер болуда. Оны Мемлекет басшысы да айтқан болатын. «Халықтың әлеуетін, әл-ауқатын көтеруіміз қажет. Сондықтан да, мемлекеттік аппаратты сервистік аппаратқа бағыттауымыз керек. Мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету керек. Барлығын қайта қарау керек» деп айтқан болатын. Бүгінде біз жеке сектордан мамандарды тартуда жұмыс жасап жатырмыз, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Шын мәнісінде мемлекеттік қызметкер жауапкершілік жүгі билік дәлізінен басталатынын түсінгені абзал. Мемлекеттік қызметтің дәрежесі мен мәртебесі өскен сайын жауапкершілігі де арта береді.

– Әр мемлекеттік қызметші өзінің жұмыс орны мемлекеттік биліктің мүддесін білдіретінін түсінуі керек. Осыған орай, алдына келген адамның пікірін барынша мұқият тыңдап, мүдделілікпен қарауы қажет. Туындаған жанжалдың алдын алуға, болдырмауға тырысуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметші өзінің мінез-құлқы, іс-әрекетімен елдің алдында абыройлы болғаны жөн, – дейді Егіндібұлақ ауылының әкімі Мейірлан Садуақасов.

Мемлекеттік қызметшінің іскерлігімен қатар адалдығы қызмет барысында маңызды рөл атқарады. Оған бір мысал келтірсем… Ертеде Хазіреті Омар кешкілік үйінде майшаммен қазынаның жұмысын істеп отырады. Осы мезетте есік қағылып, ішке рұқсат сұрап өз шаруасымен бір адам келеді. Хазіреті Омар майшамды қолымен өшіріп, екінші майшамды жағып келген адамның шаруасын сұрайды. Әлгі адам шаруасын бітірген соң кетерінде «мына майшамдардың қандай айырмашылығы бар? Жарық сәулесі бірдей ғой» деп таңдана сұрақ қояды. Сонда Хазіреті Омар «мен істеп отырған жұмыс та, майшам да қазынанікі, ал, сіз жеке шаруаңызбен келгендіктен, оған өзімнің жеке майшамымды қолдандым» деген екен. Осындай әдепті әдетке айналдыруды әрбір мемлекеттік қызметші саналы түрде түйсінуі керек.

Жалпы мемлекеттік қызметшінің жұмысының қиындығын басына бермеген адам түсіне бермейді. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, уақытпен санаспай, халықтың мәселесіне келгенде атша шауып кететіндері көп. Мемлекеттік қызметшінің алдына келген адам мәселесінің тез шешіліп кетуін қалайды. Жедел шешімін табатын да, көп жағдайларда заң аясында шешілетін, қарауды ұзақ қажет ететіні де жеткілікті. Ондай жағдайда қарапайым адамның сарғайып күтуден басқа амалы жоқ. Дәл осындай кезде, білімді мемлекеттік қызметші өзінің беделін көрсету арқылы даңғаза жасап, шулап жүргендерді сабасына түсіре алады. Келген адамды сыпайы қабылдау, мұқият тыңдау, мәдениетті түрде жайтты толық түсіндіру оның мәртебесін көтерері анық. Қарапайым халық қай кезде де мемлекеттік шенеуніктен қолдау іздейді. Бұл тұрғыда:

– Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал, біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қалай десек те, мемлекеттік қызмет пен оның қозғаушы күші ретіндегі мемлекеттік қызметші елді ілгерілетуде үлес салмағы басым жүйе. Сондықтан, халық деп қалтқысыз еңбек етіп жүрген осы бір билік тобының жүйелі, жемқорлықсыз жұмыс жасауына мүмкіндік берейік!

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button