Брифинг

“Абайдағы апат”: компания кінәлі

Кеше Төтенше жағдайлар министрі Юрий ИЛЬИН «Абай» шахтасында 7 қарашада болған апатты тергеу бойынша Үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді.

 

– Алдымен арнайы құрылған Үкімет комиссиясы атынан қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына көңіл айтамын. Комиссия толық құрамда жұмыс істеді. Комиссия құрамына түрлі ведомстволардың, соның ішінде Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, басқа да министрлік және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өкілдері кірді. Сонымен қатар Ресейден, Германиядан келген сарапшылар қатысты, – деген министр апат себебіне тоқталып өтті.

– Өкінішке қарай, Қарағанды өңіріндегі көмір бассейнінің кез келген шахтасында метан көп кездеседі. Бұған дейін де аталған шахтада метанның тарауы болған. Бірақ, концентрация шекті мөлшерден аспайтын. Метанның үлесі 5-тен 16 пайызға дейін артқанда қауіп туындайды. Соның салдарынан жарылыс болып, өрт шығады. Осыған дейін де айтқанымдай, бұл жолы метан кенет тараған. Оның ауадағы үлесі 40 пайыздан асып кеткен. Сигнал жүйесінің арқасында электр қуатын беру тетігі уақытында ажыратылып, шахтада өрт тұтанбаған, – деді министр.

Апаттың арты кезекші диспетчердің дер кезінде шахтаны электр желісінен ажыратуынан өртке ұласпаған. Ал, қаза болған кеншілер 2-3 минут ішінде газға уланып қалған. Оларды аман алып қалу мүмкін болмаған. Кезекші диспетчердің, басқа да кеншілердің жасаған ерліктері мен жедел қимылдауы нәтижесінде қалған кеншілер тірі қалыпты.

– Қиын жағдайда жігер көрсетіп, ерлік жасаған жігіттер 58 адам ды ажалдан алып қалды. Оларды ведомство атынан мемлекеттік наградаға ұсынамыз, – деді министр.

Комиссия алдында сол уақытта шахтада болған кеншілер куәгер ретінде жауап берген. Юрий Ильиннің айтуынша, апат кезінде қайтыс болған жұмысшылардың кінәсі жоқ.

– Яғни, шахтада қайтыс болған және зардап шеккен жұмысшылардың кінәсі дәлелденген жоқ. Ал, комиссия шешімімен жұмыс беруші «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 100 пайыз апатқа кінәлі деп танылды, – деді Юрий Ильин.

Сонымен қатар, кәсіпорынның қауіпсіздік шараларына талайдан бері көз жұмып келгенін де атап өтті.

– Апаттың алдын алуы мүмкін шаралар осы кезеңде ғана емес, осыдан бұрын да атқарылуы керек болған. Бірақ, орындалмаған. Белгілі бір мерзім аралығында осындай шара қабылданбауы да жағдайға түрткі болуы мүмкін. Комиссия апаттың неден болғанын, кім кінәлі екенін қарастырды. Біз жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін анықтадық. Алдағы уақытта тергеу органдары қозғалған қылмыстық іс шеңберінде жұмыс істейді. Комиссияның тұжырымдары осындай, актілерге мүшелердің бәрі қол қойды. Жұмыс беруші ондағы дәйектердің бәрімен келісіп отыр. Осы оқиғада қаза тапқандардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік пакетті де қарастыруды міндетіне алды, – деді Юрий Ильин.

Министрдің мәліметі бойынша, комиссия жұмыс беруші «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын еңбек қауіпсіздігіне бағытталатын қаражат көлемін арттыруға міндеттеген.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button