Жаңалықтар

Абай облысындағы өрт: 277 адам эвакуацияланып, өңірлер көмекке аттануда

Абай облысында орман өртіне байланысты 277 адам эвакуацияланды. Жалынмен күреске өзге өңірлерден мамандар мен техникалар жіберіле бастады, деп хабарлайды ortalyq.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

– Өрттің жалпы аумағы 1500 Га. Орман алқабында құрғақ шөп жанып жатыр. Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды. Березовка шипажайы мен Березовка подхозында 15 адамнан тұратын қызметкерлер кезекшілік ұйымдастырды, – делінген министрлік мәліметінде.

Орман өртін сөндіруге барлығы 100 техника (оның ішінде 1 өрт пойызы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам жұмылдырылды. Қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам мен 26 техника жіберілген. «Қазависпас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы (экипажы 4 адам) да атсалысуда. Бір тәулікте 2 тікұшақпен барлығы 59 157,5 тонна су төгілді.

– Өрт орнына вице-министр Марат Күлдіков келіп жетті. Командалық-штабтық машина (КШМ) жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарында ТЖМ мен Абай облысының ТЖД жедел штабтары жұмыс істейді. Сенім телефоны ашық. “Қазгидромет” деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында екпіні 15-20 м/с дейін жел соғады, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 22 мамырда Ресейдің Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, жалын «Семей орманы» табиғи резерваты аумағына тараған болатын. 23 мамыр күні түскі уақытта ұсынылған ақпаратта өрт 1,1 гектар аумаққа тараған еді.

Жалынмен күреске «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағы, Қазақстан темір жолының өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

23 мамыр күнінің кешінде тілсіз жау алдын ала мәлімет бойынша 1,5 гектарға жайылғаны хабарланды.

– Березовка санаторийі (108 адам, 36 үй), Березовка подхозы (169 адам, 53 үй) елді мекендеріне қауіп төнді. Өрт орнына дейінгі қашықтық шамамен 5-7 км. Ол жерге 4 техника бағытталды, – делінді ТЖМ ақпаратында.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button