Ақ жол саған, жас түлек!

Жаңа өмір баспалдағына жолдама беретін 25 мамыр – балалықтың соңғы әнін шырқайтын күн. Бұл күні жақсы шәкірт азамат атанып, аяулы мектебіне деген қимастық сезімін кешеді. Ұлттың тірегіне айналып, үлгілі ұл-қызды білім жолына бастаған ұстаздар да түлектерге сәт сапар тілеп, қол бұлғайды. Арман қуып алысқа аттанар күні соғылған күміс қоңыраудың үні де, сондығымен ыстық болып қала береді. Кеше «Мұрагер»  мамандандырылған мектеп-интернатының түлектері соңғы қоңырау соқты. Шет тілін жетік меңгерген мектеп оқушылары үшін алғаш ІТ сыныптар ашылды. Түлектерді, мектеп ұжымын облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ құттықтады.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ

– Үш тілде сөйлейтін оқушылар мен майталман мұғалімдер сабақ беретін «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаты – алдымен, Елбасы бастамаларының жүзеге  асуына мүмкіндік беріп отырған білім ошағы. Мектепте қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген оқушылар тәлім алады. Қазақстанымыздың болашағы осындай болуы керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстың барлық мектеп бітірушілерін құттықтаймын. Біраз күннен соң мемлекеттік емтихандар басталады. Сіздерге сәттілік тілеймін!, – деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.
Биыл жалпы облыс бойынша 377 мектептен – 8140 түлек 11-сыныпты бітіреді. 268 мектеп бітіруші – «Үздік аттестатқа», 316 түлек – «Алтын белгіге» үміткер. Оның ішінде республикалық олимпиадалардың 12 жеңімпазы бар. Сондай-ақ, 6 мектеп бітіруші — ғылыми жобалар байқауының әрі 5-еуі – халықаралық сайыстардың жүлдегерлері. Бұл қатарда халықаралық олимпиаданың 1 жүлдегері бар.
Аталған сайыс жүлдегерлері арасында «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының мектеп бітірушілері де бар. Соңғы үш жылда мектептің 13 оқушысы АҚШ-та өткен халықаралық конференцияға қатысқан.
Мысалы, мектептің 11-сынып оқушысы Ж. Дәулетбаева Жапониядағы «Сакура» ғылыми тәжірибелік бағдарламасына қатысқан Қазақстан құрамасының мүшесі. Мектептің тілді жетік меңгерген 33 оқушысы – ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлері. Осы ретте, аймақ басшысы үш тілді еркін меңгерген әрі сандық технологияны игеруге құштар жастарға жасалған мүмкіндіктерді атап өтті.
– Ғылым мен білімнің, қызметтің қай саласында жүрсеңіздер де Елбасының және мемлекеттің қамқорлығын сезінесіздер деп ойлаймын. Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде атап өткендей, Сіздерге республикамыздың әр өңіріне барып, ғылымның кез келген саласын таңдап, оқуға мүмкіндік бар. Осы мақсатта оқу гранттары бөлініп, жатақханалар салынуда. Бұл – жастарға жасалып отырған тиімді жағдай. Болашақта осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана біледі деп сенемін. Армандарыңызға жете беріңіздер, – деді аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы.
Бүгінгі таңда «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының  7-9-сынып оқушылары биология, математика, информатика, физика пәндерін ағылшын тілінде оқыса, ал, 6-9-сыныптарға сабақтар екінші шет тілі – француз тілінде жүреді екен. 
Сол күні шет тілін жетік меңгерген оқушылар үшін мектепте ІТ сыныптар ашылды. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орын-
басары Қадиша Оспанова атап өтті.
Қадиша ОСПАНОВА, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– «Нұр Отан» партиясы бастамашы жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Облысымызда алғаш ІТ сыныптар ашылды. Жалпы, биыл облыс бойынша 22 ІТ сыныптар ашу жоспарда бар. Қала мен аудандар қамтылып, 3 колледж және балалар мен жасөспірімдер сарайында ашылмақ. Басты мақсат – факультативті сынып сабақтарын дамыту, яғни, оқушылардың робототехникаға, сандық технологияға қызығушылығын арттыру.
Алдағы уақытта ІТ сыныптарда жаңа жобалар жүзеге аспақ. Осылайша, оқушылар еуропалық білім стандарттары бойынша web-сайттар мен бағдарламаларды құруды, қарапайым алгоритмдерді дайындауды үйренбек. Оқушыларға Назарбаев Университетін тәмамдаған, үш тілді жетік меңгерген мамандар сабақ береді. Сыныптар тегіс заманауи жүйелермен жұмыс жасайтын iPad құрылғылармен жабдықталған. Оқушылар сандық технологияда және білім беру саласында қолданылатын қосымшаларды пайдаланбақ. Сондай-ақ, барлық құрылғылармен жабдықталған жеке роботехника сыныптары жұмыс жасайтын болады.
Сөйтіп, мереке күні «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары алғаш ашылған ІТ сыныптарды тамашалады. Ал, соңғы қоңырау салтанатына қатысқан мектеп бітірушілер білім ошағымен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды.
Алда оларды жоғары оқу орнына қабылдайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу емтихандары күтеді. Түлектерге – сәттілік! 

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.