Басты тақырыпРухани жаңғыру

Аққыздың күйі – ұрпаққа өнеге

Күй атты бекзада өнердің биігіне қанат қаққан Аққыз төңірегіндегі күйшілердің барлығының қолынан күй алды, Тәттімбет мұрасына  зеректігімен көптің ықыласына бөленді. Арқаның атақты күйшілерінің сарынын алуға талпынған зейін-зерегі мол талап иесі болып қалыптасқан соң өнер жәрмеңкесіне аралас­ты, домбырасын бебеулетіп шаршы топқа түсті. Кейін алағай да бұлағай кезең келген соң  «Адамды заман илемек» деп Абай хәкім айтқандай уақыттың орайына амалсыз жығылған еді. Ақ босаға аттаған соң қазақ әйеліне тән салт пен міндетке адал болды, бала-шағасынан ешқайда шыға алмай бұрынғыдай қатар құрбысымен салтанат құра алмай қамкөңіл болғаны рас шығар. Әйтпесе М.Әуезов, Ә.Марғұлан сияқты қазақ ғалымдары Аққызды үлкен өнер ордасына қолқалап шақырған да кездері болған. Манарбек Ержанов, Аққыз Ахметқызы, қобызшы Тілештің Әшірбегі үшеуі Қазақстанның 10 жылдық мерейтойына арнайы хатпен шақыртылған. Манарбек пен Әшірбек екеуі Алматыға аттанады, Манарбек сол кеткеннен астанада тұрақтап қалып қояды да, Әшірбек болса бір-екі айдан кейін отбасы жағдайымен елге қайтып кетеді. Арада жылдар өткен соң Аққызға тағы шақырту келеді. Аққыз болса өзі бармай, орнына шәкірті әрі туған жиені – Әпике Әбенованы жібереді, күйлерін соған аманат етіп, өзі тілекші болып елде қала береді. Кейін Әпике Аққыз күйлерін насихаттап қазаққа аты шыққан мықты күйші болды. Өткен ғасырдың (нақтырақ айтқанда, алпысыншы жылдың аяғы, жетпісінші жылдардың басы) қазақтың белгілі күй зерттеуші ғалымы – Уәли Бекенов елге келгенде оған Ақтоғай, Балқаш өңіріне белгілі тарихта болған, өткен-кеткен өнерпаздардан бірсыпыра дереккөздерді тауып беруге жәрдемдескен кезім болған еді. Сонда сәті түсіп, Уәли Бекенов тарапынан ел ішіндегі ескікөз күйшілердің жалғыз мұрагері –  Аққыз апа туралы шығармашылық-биографиялық дерек алғаш рет жазылды. Біздің қуанышымызға орай, кейін Уәли Бекенов өз еңбектеріне сол Аққыз күйші туралы зерттеулерді кіріктірді. Содан кейін қазақ күйшілері Аққыз күйін Уәли Бекенов түсірген нотамен де ептеп шерте бастады. Аққыз дегенде шертпе күйдің хас шебері, Қазақстанның халық әртісі – Мағауия Хамзинді айтпай кетуге болмайды. Мағауия Алашқа аты әйгілі болған кезінің өзінде Аққызды пір тұтып өтті. Мағауия Аққыздың мәнерін таза алған күйші, далалық күйшілік дәстүрді бойына сіңірген алғашқы шәкірті. Аққыздың өзі де Мағауияны мақтан етіп айтып отыратын, тіршілікте екеуінің ұстаз бен шәкірттік қарым-қатынасы мықты болды. Жетпісінші жылдардың ортасында ауыл ортасындағы бағанаға ілінген радиодан Мағауияның орындауындағы Аққыздың «Қосбасарын», «Мұңды қызын» жиі еститінбіз. Аққыздың Мағауия Хамзиннен кейінгі сүйікті шәкірті – Жақсылық Омашевтың есімі де Аққыз ұстазымен қатар Уәли Бекеновтің «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» атты монографиялық еңбектеріне енді. Қазақтың көреген ғалымы, жазушы, этнограф әрі күйтанушысы – Ақселеу Сейдімбекпен қызмет бабымен болсын, ағайындық басқосу болсын, жиі араласып жүрдік. Ол Аққыз Ахметқызының қазақтың күй өнеріндегі жарқын тұлғасын  алғашқылардың бірі болып ғылыми-танымдық мақала ретінде «Лениншіл жас» газетіне жазды. Ақселеу күйші ананың шертпелерін апталап жатып тыңдады, кейін Аққыз апаны Алматыға шақыртып радиоға жазылуына да мұрындық болып еді-ау. Өзі де шертпе күйдің білгірі еді, Аққыз күйлерін бірсыпыра жатық тартатын. Сонау сексенінші жылдары Ақтоғай ауданының шығармашылық тұрмысын жаңғырту мақсатында Алматыдан Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановты шақырттық. Олар «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің ашылуына көмектесті. Кейін ансамбль жұмысын жергілікті композитор – Дәртай Сәдуақасов, ақын – Абзал Бөкенов, күйші – Жақсылық Омашев, дирижер – Амантай Жұмашев сияқты елден шыққан өнерпаздар жалғастырып, ауданның атын республика көлеміне әйгілі етті. Осы ансамбльдің алғашқы бағдарламаларында Аққыздың «Қосбасар», «Қайран елім» сияқты тамаша туындылары орындалып еді. Күй әуеніне арнайы хореограф шақыртылып, би қойылған да кездері болды. Аққыздың күйшілігі бөлек өнер. Ол Тәттімбет дәуірінің ұлы сарынын сақтап қалған дәулескер. Аққыздың дарыны, музыкалық қабілеті, домбыраға тіл бітіруі – табиғаттың бізге берген тылсым сыйындай. Ол кісінің өмірі төрде өтті. Ел анасы болды, көзі тірісінде оның қасиетті домбырасын кие тұтып, батасын тілеп келушілер көп болатын. Өзінің азан шықырып қойған аты – Мүгілсім болатын, бірақ бетіне тіке қарап атын атаған жан болған емес. Мүгілсімді туған елі «Аққыз» деп ардақтап атауды ертеректен салтқа айналдырып алса керек. Қыз кезінде айрықша дидарлы, айдай аппақ болғаны үшін жеңгелері «Аққыз» деп атаған көрінеді. Осы әңгімені мен туған анам  Шайрадан естідім. Қорыта айтқанда, Аққыз күйші барша жұрт сыйлаған елдің ардақтысы, асыл анасы болатын. Аққыз туған Ақтоғай жері ежелден өнердің ордасы, әннің думаны саналады. Үш жүзге аты шыққан – Әсет әнші, Шашубай ақын осы жердің тумалары. Әйгілі биші Шара Жиенқұлова да Ақтоғайда болған, би үйірмесін ұйымдастырған. Өзге өңірде өссе де сүйегі біздің жақтан екен. Жөн сұрасқанымызда «осы өңірдің қызымын ғой» дегені бар еді. Ол да Аққыздың замандасы, бұлар араласы мол, өнерде сыйлас болған жандар. Аққыз шешеміздің күйін тыңдап өстік. Оның күйлері –жай ғана көңіл көтеретін «әләуләу», болмаса от басы, ошақ қасындағы «әуезе-даңғыр» емес еді. Көркемдігі бір басқа, күй сазында өз өмірінің барлық қиыншылығы сайрап, сөйлеп, жылап тұратын. Ет пен сүйектен жаратылған пәнденің жаны елжіремей тұрмас еді. Қазіргі кезде Аққыз күйлерінің насихаты тәуір, біршама орындалып та жүр, бірақ кейде оркестрдегі жас орындаушыларға көңіл тола бермейді. Әшімтай, Аққыз салған тоқырауындық сарынынан біршама жаңылғандай көрінеді маған. Әрине, халқымыздың ұлы домбырашылары, Ақтоғайдың тумалары –  Мағауия Хамзин мен Әпике Әбенова кезінде Аққыз шығармаларын тамаша орындады, радионың алтын қорына жазды. Одан кейін Жақсылық Омашев пен Шәмши Еренбеков те аз еңбектенген жоқ. Алайда, нағыз Аққыздың күйшілік мектебін жарқыратып жүрген жас буын осы күні сирек көрініп жүргені шындық. Яғни, осы жерде шертпе деп аталатын кемел күйшілік мектептің мұрагерлері сиреп кеткенін айтқанымыздың артық-ауыр жері бола қоймас. Бұдан шығатын қорытынды мынау, болашақта осы аймақтық күйтану саласында ағартушылық жұмыстарын күшейтуіміз керек. Орталық Қазақстандағы жергілікті музыка мектептерінде Аққыздың орындаушылық үлгісі міндетті пән болып кіруге әбден лайық деп есептейміз. Аққызды тек Ақтоғайдыкі деп бөлуге болмайды. Қазақта «Жақсы – ортақ, сөз – ортақ, аспан –  ортақ, жер – ортақ деген қанатты сөз бар. Сондықтан, Аққыз жалпы Сарыарқаның Аққызы болып қалуы керек. Қазақтың қыз балалары Аққыздың жолын қуып, арқаның шертпе күй мектебін өркендетуге ат салысуы керек. Оған қазіргі кезеңде жағдай жеткілікті. Елбасымыз үндеген «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламасы осы істерге шапағатын дөп тигізері анық. Аққыз менің нағашы шешеміз болады. Ол менің анам – Омашқызы Шайрамен бір туысады. Нағашым Омаш болса есімі Арқаға кең танылған, елге қайырымы мол болған адам, қиын-қыстау заманда көп жыл ел тізгінін ұстаған болыс болған екен. Омаштың атасы – Тұмабай «тұсына алпыс көк-ала бас атан байлаған – Тұмабай» деген атпен қазақтың ауыз әдебиеті мен фольклорында  қалған. Тұмабай Қарқаралының аға сұлтаны, Абай ақынның әкесі – Өскенбайдың Құ­нан­байымен үзеңгілес болған. Ол енді басқа әңгіме. Бұл жерде менің Аққыз апаға туыстық шежірем ғана айтылып отыр. Осы себептерді қоғамдай келгенде Аққыз күйшінің үйі, әулеті менің де алтын ұям болып саналады. Ақтоғай ауданында біраз жыл басшылық қызметтерде болдым. Жұмыстың жауапкершілігі, уақыттың тығыздығы кейде басқа істерге мойын бұрғызбайтыны бар. Сонда да Аққыз шешеміздің халын сұрап, күйін тыңдап тұруға уақыт аяған емес едім. Шешеміздің хал-жайын үнемі сұрап тұруды өзімнің парызым деп санайтынмын. Осы күні өткенді ой елегінен өткізсем, олай-бұлай өткенде Аққыз шешеме бұрылып сәлем бермеген кезім болмапты. Аққыз күйшінің елге мейірімі мол, сөзі де өзі де кісіні баурап тұратын киелі қасиеті бар еді. Сол сұлу қалпында домбырасының бұрауын бұзбай, үкісін жел­біретіп дүниеден өтті ғой.   Аққыз күйшінің 120 жылдық мерейтойы халқымызға ортақ өнер мерекесі болсын деген ізгі тілегім бар. Аққыз күйі – кейінгі ұрпаққа аманат болсын!

Рымбек Жүнісов,

қоғам қайраткері, Ақтоғай

ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button